Зираттағы қабірдің бағасын көтеріп жіберді

08.04.2020
Қаралды: 248

22-наурыз – жабық карантин басталған күні таңғы алтыда нағашы әжем дүние салды. Жасы сексеннің үшеуіне келген әжем соңғы үш-төрт ай қатты қиналды.

 

Әжеміз қалада көп қабатты үйде тұрушы еді. Ауылға алып барып қоямыз десек, блок-пост «өлді» деген анықтамамен 20 адам және 4 көлік өткізеді екен. Бірақ қайт­қан кезде өте алмайсың.

 

Үлкен баласы – Астанада, қызы Оралда тұрушы еді. Қысқасы, ауылдағы ағайын да, Алматы маңында тұратындар да келе алмайтын болды. Ел амандығы үшін, ақылдаса келе, қалада жерлейтін болдық. Ме­шіттегі имам кафеде ас беруге, аулада қазақ үй немесе «палатка» тігуге мүлде болмайтынын ескертті.

 

Содан бәрін тастап, жерлейтін орын іздеуге кірістім. «Арзанның» артындағы зират 160 мың теңге деді. Ақым қазылмайтынын ескертті. Бірақ көлік түгілі жаяу адам жүре алмайтын өте тар жер екен.

 

«Алғабас ТЭЦ» жақтағы зират облыс жерінде екен, оған блок-пост қойылған. Блок-посттағы орган адамдары жерлеуге 20 адам ғана жіберетінін қадап айтты. Бұл жердің бағасы 100 мың, ақым қазылады.

 

Бұл екі жерге жауапты адаммен түске дейін жолықтым. Одан кейін қалалық «Батыс» зиратына барып едік: «130 мың, бірақ ақым қазбаймыз», – деді. Мұсылман болған соң балалары ақымсыз көмбейміз деді. Содан ақылдасамыз деп біраз уақыт өткізіп алдық. Ақыры азандағы «Алғабас ТЭЦ-тегі» кісіге қайта хабарласып, жиырма адам өткізсе де соны алайық десек, жауапты адам бағасын көтеріп алыпты. «Қазатын адамдарым жоқ, жерлер трактормен қазылған, ары ақым қазам десеңдер өздерің қазып алыңдар. Бағасы – 80 мың», – дейді. «Арзанның» артындағы зиратты азанда 160 деп еді, түстен кейін 180-ге көтеріп алыпты. «Таңертең ғана 160 мың деп едің ғой?» – десем. «Қазір плиталардың бағасы көтеріліп кетті», – дейді. Карантинді айтсақ та келіспеді. Мынау құдайдан безген біреу екен деп, алыстау болса да әжемізді «Трудовиктегі» зиратқа жерледік.

 

Айтқым келгені, басына қайғы келген қаншама адамдарды осындай құдайсыздар қайғысына қарамай қинап жібереді. Осыларды орган адамдары неге тәртіпке салмайды? Қысылтаяң уақытты пайдаланып ақша жасайтын алаяқтар көбейді.

 

Е. ТҰРСЫНЖАНҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ