Белсенділер бейғам жатқан жоқ

07.04.2020
Қаралды: 129

Елімізде төтенше жағдай жариялан­ғалы бері Шымкент қаласының да тыныс-тіршілігі өзгерді. Біраз нәрсеге шектеу қойылды. Дегенмен, көп ескертулерге құлақ аспай, бейғамдық танытқандар да табылды.

 

Бұл туралы Шымкент қаласының қоғам белсендісі Рүстем Әшетаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ойларымен бөлісті. Біз онымен осы туралы сөйлестік. 

 

– Мен қазір республикалық «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсының Шымкент қалалық филиалының төрағасы боламын. Қауіпті індет қаламызға жетпей тұрып-ақ, Шымкент қаласының әкімдігіне барып, «Қалада маска жоқ, антисептик жетіспейді. Дайындығымыз қалай?», – деп дабыл көтерген болатынбыз. Кейіннен елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты біз «Шымкент қалалық қоғамдық бақылау штабын» құрдық, қала әкімінің атына арнайы мәлімдеме жасап, оны тіркеттік. Енді қоғамдық орындардардың эпидемиялық қауіпсіздігін бақылау, қоғамдық көліктердің тиісті деңгейде залалсыздандыру жұмыстарының жүргізілуін бақылау, Үкіметтен бөлінген қаржылардың тиісті деңгейде жаратылуына ықпал жасау, Үкіметтің назарынан тыс қалып жатқан басқа да салалар болса, дер кезінде тиісті мекемелерге хабарлап отыру секілді төрт бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. 

 

Төтенше жағдай жарияланған соң алғашқы күндері қаладағы 50-ге жуық  дәріхананы араладық. Ешбірінен бетперде таба алмадық. Оны әкімдікке жеткіздік. Одан кейін қоғамдық кө­ліктерді де тексердік. Таңғы 05.00-ден барып, залалсыздандыру жұмыстары қаншалықты деңгейде жүріп жатқанын байқадық. Ол жақтағы жұмыстарға көңіліміз толды. Автобустарды күніне екі рет дөңгелегіне дейін залалсыздандыратынына көзіміз жетті.

 

Содан соң кешкілік уақыттарда рейд­ке шығып отырдық. Сол кезде кальян-бар, кафе, монша секілді кей орындардың ескертулерге құлақ аспай, төтенше жағдай кезіндегі ережені бұза отырып жұмыс істеп жатқанының үстінен түстік. Оларға құқық қорғау орнының қызметкерлері арнайы хаттама толтырды, – дейді ол.

 

Рүстем Әшетаев осы жағдайларды әлеуметтік желіге жариялаған соң өзіне жекелеген азаматтардан түрлі қоңырау­лар келіп түсе бастағанын айтады.  Соның ішінде «Саудамыз тоқтады, шығынға баттық, соған қарамастан жалға алу ақысын да, салығын да төлеп отырмыз. Осы жағынан көмек­тессеңіздер», – дегендер де болыпты.

 

– Ірі сауда үйлеріндегі сауда орнын жалға алушылардың уәждерін тиісті мекемелерге жеткіздік. Сол ар­қылы екі сауда үйінен басқасының барлығы «арендадан» да, «налогтан» да босатылды. Қазір олар өздерінің кәсіптерін ұстап тұру үшін жұмыс істеуде. Ал әлгі мен айтқан екі ірі сауда үйінің жалға алу ақысы 50 пайызға қысқартылды.

 

Мұнымен қоймай, үйлерінде қолы бос отырған азаматшаларды маска тігуге шақырдық. Біраз қыз-келіншектер ерікті түрде ақысыз көмек көрсетуге даяр екендігін айтты. Демеушілердің есебінен тиісті материалдарды жеткізіп берген соң, олар үйлерінде отырып, маска тігуге кірісті. Бұл бетперделерді қалада тегін тарату жұмыстарын қолға алудамыз. Яғни маскасыз мінген жолау­шыларға тегін маска тарататын ерік­тілерді автобустарға қою үшін автопарк­термен келісіп жатырмыз.

 

Тағы бір мәселе, біздің есебіміз бо­йынша бір отбасы ұялы байланыс пен интернетке айына шамамен 5000 мен 10 000 теңге аралығында ақша жұмсайды екен. Карантинге байланысты табысынан айрылған азаматтардың интернетке қол жетімділігі қалай болатынын да өзімізше зерттеп-зерделедік. Бұл туралы Шымкент қалалық әкімдігіне мәлімдеме жіберіп қана қоймай, «Kcell», «Beelіne», «Tele-2» орталықтарына барып, осыған байланысты қандай да бір жобалар дайындауын сұрадық. Олардың да қолға алған өз бағдарламалары бар екен, бірақ оған онша қанағаттана қоймадық. Өткенде «Beelіne» компаниясының кеңселері үш күн қатарынан жабық тұрды. Кеңсеге барған қаншама халық шаруаларын тындыра алмай, наразылық танытып жатты. Мынадай жағдайда олардың өз қолданушыларына селқос қарауының себебін түсіне алмадық. Мұндай кезде коммуникация дұрыс жұмыс істеу керек емес пе?! – дейді ол. 

 

...Рүстем мырза мұнымен тоқтап қалмайтындарын жеткізді. Қазір олар қалалық әкімдік пен полиция департаментіне тәртіпті қадағалау мақсатында патрульді көліктер аулаларды араласын деген ұсыныс тастап отырған көрінеді. Себебі, әлі де болса аулаларда мектеп жасындағы балалардың қараусыз, өз бетімен ойнап жүргендерін байқау қиын емес­тігін айтады. Соған қоса таяу күндері азық-түлік дүкендерінің де эпидемиялық талаптарға сай болуын қадағалауды жоспарға алып отыр. 

 

– Сонымен қатар, Шымкент қаласы бойынша қалаға кіріп-шығатын бекет­терді де аралап шықтық. Соның ішінде көңілімізден шыққаны – Төлеби ауданына қарай өтетін Сайрам-Көксәйек тас жолы бойындағы бекет. Ол жерде бас­қа бекеттерде жоқ залалсыздандыру «ваннасын» жасап қойған. Әрбір ав­токөлік сол «ванна» арқылы жүріп өткенде көлік доңғалағына дейін толық залалсыздандырылады. Талапқа сай деу­ге әбден болады, – дейді ол.

 

«Шымкент қалалық қоғамдық бақылау штабы» тұрғындардың саулығы үшін осындай жұмыстар атқарып жатқан көрінеді. Оған қаланың әрбір тұрғыны атсалысса, құба-құп болар еді.

 

М. АЙДЫН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ