Ғұламалар қандай пәтуаға келді?

07.04.2020
Қаралды: 339

Шариғат бойынша қайтыс болған мұсылманды жуындыру, кебіндеу, оған жаназа намазын оқу және оны жерлеу – парыз кифая.

 

Парыз кифая дегеніміз – кейбір мұсылмандар орындаған жағдайда өзгелерге міндет болмайтын амал. Осы жағдайларды негізге ала отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі  қауіпті індеттен қайтыс болған адамның мәйітін жерлеуге қатысты пәтуа шығарды.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі өте қауіпті жұқпалы (туляремия, эбола, коронавирус, оба, т.б.) аурулардан қайтыс болған  адамдардың мәйіттерін жуындыруға және жерлеуге қатысты төмендегі шараларды жүзеге асыруды мақұлдайды:  

 

Біріншіден,  мәйітті жуындыру. Өте қауіпті жұқпалы дерттен қайтыс болған адамды жуындыру рә­сімі арнайы мемлекеттік мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Мәйітханада (морг) жуындыру шарасы шариғат талабына қайшы келмесе, мәйітті қайта жуындыру шарт емес. Қайтыс бол­ған ер кісіні ер кісі, әйелді әйел жуындыруы керек.

 

Екіншіден,  мәйітті кебіндеу. Шариғат бойынша мәйіт кебінделуі міндет. Ер кісі үш қабат матамен, ал әйел бес қабат матамен кебін­де­леді. Алайда жұқпалы дерттен қайтқан кісіні кебіндеу ісінде сани­тарлық қағидалар сақталуы тиіс. Егер мәйітханада кебінделген мәйіт ша­риғатқа сай болса, қайта кебін­деу шарт емес. Қайтыс болған ер кі­сіні ер кісі, әйелді әйел кебіндеуі қажет.

 

Үшіншіден,  жаназа намазын оқу. Қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдайда жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстарының қатысуы жеткі­лікті. Сақтық шаралары үшін адам санын барынша азайту қажет. Қалалық жағдайда індеттің қоғамдық ортаға (мысалы, көпқабатты үй тұрғындарына, көршілеріне, т.б.) таралмауы үшін марқұмды мәйітха­надан тікелей зират басына апарып, сол жерде жаназа намазын оқып, жерлеуге шариғатымызда рұқсат етілген. Жаназа рәсімдерін жергілікті имам атқарады. Намаз оқыған кезде санитарлық нормаға сай мәйіт имам мен жамағаттан қашық жерге қойылады.

 

Төртіншіден,  мәйітті жерлеу. Мәйіт зиратқа арнайы көлікпен жеткізілуі тиіс. Мәйітті жерлеу рәсімінде биоқауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы керек. Сондай-ақ мәйіт қайтыс болған мекенінде жерленуі тиіс. Санитариялық-эпидемиологиялық мекемесінің рұқсатынсыз мәйітті үйіне немесе басқа мекен-жайға (өзге қалаға, туған жеріне) апармаған дұрыс. Мұндағы мақсат – жұқпалы індеттің өзге аймақтарға таралуының алдын-алу.

 

Ескерту: Санитариялық-эпидемиологиялық мекемесі тарапынан мәйітті шариғат жолымен жуындыруға, таяммум алдыруға және ке­біндеуге рұқсат берілмесе, мұн­дай жағдайда шариғаттың зәрулік үкімі негізге алынады. Мәйітханада орал­ған мата, арнайы үлдір (клёнка) немесе табыт ашылмастан, сол халінде жаназа намазы мәйіттен алыс тұрып оқылады. 

 

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ