Адамдарды алаламау керек

07.04.2020
Қаралды: 99

Елге мемлекеттен «көмек» деп беретін 42 мыңның салдары ауыр болайын деп тұр. Билік үшін «көмек бердік» деген «галочка» ғана. Беретін болса алаламай, көмекті 18 миллион халыққа түгел, әсі­ресе жұмыссыздарға, мұқтаждарға, жұмыс істеп, бір күндік нанын әрең тауып жүргендерге, отбасындағы әр адам басына беру керек, «автоматом» карточкасына лақтыру керек, олай жасай алмай ма, қою керек. Идиотизм ережелерін бекітіп қояды да, өздерін де, халықты да әуре-сарсаңға са­лады. Мы­салы, мен – жұ­мыссызбын. ИП бар деген аты ғана. Жұмыс тоқтап, салық, зейнетақы жарнасын төлей алмағандықтан мен көмек ала алмаймын деген сөз. Мен сияқтылар миллион. Онсыз да «шықпа жаным, шықпа» деп жүргенде, енді «жартың індеттен, жартың аштан қатыңдар» деген позиция ма бұлардікі?

 

Адамшылықтан жұрдай, мораль, гуманизмнен жұрдай. Айналдырған 18 миллион халықтың қаншасы соңғы 12 айда жұмыс істеп, «пенсионка», «страховка» аударды екен?! Нәубет кезінде небәрі бірдеңе пайыз халыққа көмектескенін қалай ұялмай «көмек» дейді екен?!

 

Бұл індет жұмысынан кеше айырылғандарға ғана келген жоқ, бәрімізге, бүкіл халыққа жаппай келді. Мысалы, жер сілкінісінен үйлері қирап, сүйектері қирандының астында қалса, «соңғы 12 айда жұмыс істеп, «пенсионка» аударғандарға көмектесеміз, солардың мәйітін үйіндіден аршимыз, қалғандарыңда жұмысымыз жоқ» деп отыра ма? Иттік болмай ма?

 

Дәл бүгінгі көмектері тура сондай. Індет, әсіресе, бұрыннан жұмыссыздарға, пәтер жалдап, бір күндік жұмыспен жан бағып жүргендерге, көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға он есе ауыртпалық әкелді. Соларға бірінші көмектесу керек қайта. Кеше ғана жұмысы тоқтағандардікі олармен салыстырғанда түк емес. Олар жан бағып жүрген. Біз жан бағып жүргенбіз. Енді жанбағыс «кислороды» да тоқтады. Сонда біз сияқтылар не істеуі керек? Логикадан да, ақылдан да, ардан да, адамшылықтан да жұрдай ма, әлде әдейі істей ме? Түсінбеймін.

 

Сәуле ӘБІЛДАХАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ