Меморгандарды 25 пайызға қысқартуды бүгіннен бастау керек

07.04.2020
Қаралды: 228

Коронавирус салдарынан елімізде қалыптасқан қазіргі дағдарыстың беталысы ұзаққа созылатын түрі бар. Осыған байланысты баршаны үнемшілдікке шақырып, Республикалық қор құру туралы Елбасының үндеуін қоғам әрқилы қабылдап жатыр. Бизнесі мығым қалталылар қолдау көрсетсе, қалтасы тесік жұрттың біразы қарсылық білдіруде.

 

Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Осы жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің саны біртіндеп қысқарады. Үнемделген ақша олардан гөрі пайдалырақ қыз­меткерлерді материалдық ынталандыруға жұмсалады», – деген сөзі ойға оралады. Міне, әңгімені осыдан бастауымыз керек.

 

Бірінші 

 

Бүгінгідей кезеңде шектен аса ұлға­йып кеткен мемлекеттік басқару аппаратын қысқартуды бұдан арыға соза берудің еш қисыны жоқ. Белгіленген жұмысты дәл қазірден бастап қолға ал­ғанымыз жөн.

 

Жапонияда  бір шенеунікке 14 мың адамнан келсе, бізде бір шенеунікке – 180 адамнан келеді. Статистика бойынша, еліміздегі бюджеттік мекемелерде 275 мың қызметкер, басқару салаларында 92.240 шенеунік жұмыс істейді.

 

Үкімет жоспарында қысқартуға түсе­тіндердің қатарын 2024 жылға қарай 25 пайызға жеткізу көзделіпті. Дұрыс-ақ! Алайда қоғамға пайдасы жоқ қыз­меткерлерді бес жыл бойы асыраудың не қажеті бар? Министрлік пен әкім­діктердегі, ұлттық компаниялардағы көдедей көп орынбасарларды, «барып кел, шауып келмен» отырған мыңдаған ке­ңесші, хатшы, көмекші, офис-менеджерлерден дәл бүгін арылсақ, ортамыз ойсырап қалмасы анық. Оларды қайта мамандық даярлау курсынан өткізіп, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылысшы, дәнекерлеуші, жүргізуші, кірпіш қалаушы сияқты адам күші жетіспейтін салаларға жіберсек, әлдеқайда тиімдірек болар еді.

 

Адамзат тарихында мемлекеттік аппаратты 25 пайызға қысқарту оқиғасы 1985 жылы Англияда жүргізілген екен. Биліктің жоғарғы эшелонынан – 19%, орта буыннан – 7,2%, төменгі буыннан 10,4% мемлекеттік қызметкерлер босаты­лып, әлеуметтік-тұрмыстық салаларға жіберілген. Үнемделген қаржы елді ци­фр­ландыру мақсатына жұмсалған. Еуропа елдері басқарудың осындай жаңа стандарттарын енгізіп жатқан кезде, біздің әлі күнге кеңестік жүйенің сарқындысына батып отырғанымыз, айтуға ұят!

 

Мен заң университетінің аспирантурасында жүргенде, Дания мемлекетінің басқару құрылымын біршама зерттеген едім. Монорхиялық ел саналатын, бірақ демократиялық құндылықтарды ерекше пір тұтатын кішкентай Данияда мем­ле­кеттік органдардағы басшы тұлғалар өте аз. Бастықтарды қарапайым жұрт ізде­мейді де, қажетсінбейді. Есесіне, мем­лекеттік құрылымдардың жұмысы өте жақс­ы жетілдірілген. Цифрландыру нәтижесінде 14 округтік кеңес пен 275 муниципалитет, ведомстволар өзара ортақ электронды желімен байланыстырылған. Әрбір азаматтың жеке электронды кабинеті бар, үйден шықпай-ақ, интернет арқылы мемлекеттік органдармен тілдесіп, он минутта шаруаларын бітіре алады. Мұндай жүйе жыл сайын бюд­жеттің 20%-ын үнемдеуге мүмкіндік бе­реді.

 

Екінші

 

Елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табысынан айырылған 1,5 миллиондай адамға  42.500 теңгеден бе­рілетінін айтты. Орынды шара. Бірақ «төтенше жағдай» өткеннен кейін олардың жағдайы не болмақ? Жұмыссыз отырған, табысы төмен отбасылар, ең төменгі зейнатақы алатындар қайтпек? Осы орайда, коронавируспен күреске $15,5 миллиард қаржы бөлген Түркия президенті Реджеп Ердоғанның ең төменгі зейнетақыны тұрақты түрде 1500 лирге (105 мың теңгеге) дейін көтерген әрекеті үлгі болуға тиіс деп ойлаймыз.

 

Қазіргі уақытта еліміздегі ең төменгі зейнатақы – 16.839 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31.183 теңге, ең төменгі жалақы – 42.500 теңге көлемінде. Азық-түлік қымбатшылығы, коммуналдық төлемдер қос өкпеден қысқан кезде, бол­машы қаражатты қай жағына жеткізерін білмей отырғандарға қалай көмектесе аламыз? Оның көзі – үнемшілдікте!

 

Мысалы, өткен жылдан бері Қазақстанда бюджет қызметкерлерінің жалақысын 25 пайызға  көтеру ісі жалғасуда. Бұл мақсатқа 2019-2021 жылдары қосымша 980 миллиард теңге бөлінетіні хабарланған. Осы соманы халықтың әлсіз топтарына бөліп беруді қарастыруды ұсынамыз.

 

Үнемшілдіктің екінші бір көзі – 1 миллион теңгеден (одан да жоғары) жалақы алатын мемлекеттік қызметкерлердің тәбетін шектеу. Парламенттің екі палатасындағы 156 депутат, министрлер, әкімдер, комитет төрағалары, облыстық деңгейдегі басшылар, «А» корпусының мемлекеттік қызметкерлері, Жоғарғы Сот және аймақтық соттардың судьялары, прокурорлар, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» сияқты ұлттық компаниялардың (еншілестерімен бірге) топ менед­жер­лерінің еңбекақысын Нұр-Сұлтандағы орташа айлық деңгейінен асырмау шараларын заңдастыру керек! Және олар­ға қосымша берілетін бонустық төлем­дерді мүлде тоқтату қажет. Бүгінде олардың 70 пайызы үйлерінде қашықтан жұмыс істеуге көшті. Ендеше, үйде отырғандардың күнкөрісіне Нұр-Сұлтан қаласындағы орташа айлық – 308 мың теңге артығымен жетеді.

 

Үшінші

 

Мемлекеттің орталық және жергілікті билік органдары жүйесіндегі бірін-бірі қайталайтын құрылымдарды оңтайландыру қажет. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, табиғат қорғау сияқты салаларда министрліктер мен әкім­дік­терге қарасты қосарланған департамент­тер, басқармалар, мамандық жетіл­діру институттары бюджетке орасан зор ауырт­палық түсіріп отыр. Оларды қыс­қарту немесе біріктіру шараларын неге қарастырмасқа?

 

Көзіммен көрген бір мысалды айта­йын. Кезінде Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қарасты Алматы қалалық және облыстық экология департа­мен­тінде баспасөз хатшысы болып қызмет атқардым. Сонда байқағаным, департамент пен екі әкімдікке қарасты Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды  реттеу басқармаларының тірліктері егіз қозыдай ұқсас болып келеді. Атқарып отырған шаруалары бір – өндірістік, кәсіп­керлік, шаруашылық нысандарды тексеру. Кемшілік тауып, айыппұл салу. Екі жүзге жуық мамандар, инспекторлар, лаборатория сарапшылары бірінің соңынан бірі сабылып жүргені.

 

Бұдан өзге, табиғат қорғау прокуратурасы, табиғат қорғау полициясы, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, облыс­аралық су  инспекциясы,  балық шаруашылығы бассейндік  инспекциясы сияқты толып жатқан, қарапайым жұрт біле бер­мейтін мекемелер бар. Бір өкініштісі, осыншама табиғат сақшылары жүріп, өңір экологиясының табиғи қалпын сақтап қалуға шамалары жетпеді. Өзендер лайланып, ауа ластанып, қоқыс полигондары тұтанып, қоршаған ортаға қауіп төндіре бастады. Мысалы, халықаралық «Mercer Human Recource Concultіng» рейтингті бағалау компаниясы әлемдегі ең лас қалалардың тізімінде Алматының тоғызыншы орында тұрғанын атап көр­сет­ті. Әлі де сол деңгейде. Яғни мемле­кеттік мекемелердің көптігі өңірлердегі жұмыс сапасын көтеруге ешқандай септігін тигізбейтіндігінің бір дәлелі осы.

 

Төртінші

 

Демократиялық елдердегі белсенді азаматтық қоғамның үрдісіне сүйенсек, саяси жұмыстармен тек партиялар ғана айналысады. Сол себептен, мемлекеттік органдардың қызметін шектен тыс саясиландырудан (жолдауларды түсіндіру, партиялық бағдарламаларды талқылау, сайлауға әзірлік) сияқты идеологиялық жүктемелерден арылтудың уақыты келді. Жергілікті атқарушы органдардың құ­зіретіне аумақты дамыту, экономикалық және әлеуметтік жоспарларды қабылдау, жергілікті бюджетті әзірлеу және олардың орындалуы сияқты аса өзекті мә­селелерді жүзеге асыру кіреді. Бұл дегеніңіз – әкім мен оның команадасы тәулік бойы айналысатын қым-қуыт шаруа бастан асып жатыр деген сөз!

 

Өкінішке орай, әкімнің көп уақыты өз құзырындағы нақты мәселелерді шешумен емес,  таусылмайтын партиялық жиналыстардың төрінде отырумен өтеді. Бюро, конференция, депутаттық фракция отырыстары, селекторлық жиындар, қоғамдық тыңдаулар, комиссиялар мен кеңестердің, Мәжіліс депутаттарының кездесулерін ұйымдастыруды әкім тікелей қадағалап отырады, барлығының есебін тыңдайды. Өйткені «Nur Otan» партиясының жергілікті филиалдарындағы төрағалық міндетті әкімдерге жүктеп қойған. Оны жұрттың бәрі біледі.

 

Иә, саясат қоғамдық өмірдің барлық саласына ықпал жасайды. Саясат – мүдделер күресі. Партияның билікке, биліктің қоғамға ықпалын арттыру сол күрестен туындайды. Кезінде тәуелсіз жас мемлекетіміздегі әрқилы әлеуметтік топтардың, ұлтаралық, діни конфессиялар мен бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастарды реттеу мақсатында ішкі саясат, дін істері, жастар басқармалары, ақпараттық-зерттеу орталықтары, Қазақстан халқы Ассамблеясы (оның қоғамдық келісім кеңестері) құрылды. Бүгінде бұл құрылымдар өз миссиясын толық өтеді. Елдегі бірлік пен тұрақтылық орнықты. Ендігі жерде, бұл аталған билік құрылымдарын таратып, үнемделген қаржыны пайдалы мақсатқа бағыттасақ, ұтарымыз мол болмақ. Өз ке­зегінде, әкімдер де саяси-идеологиялық жұмыстардан босатылады, әрі бірыңғай әлеу­меттік, экономикалық-шаруашылық мәсе­лелерімен шұғылдануға мүмкіндік алады.

 

Бесінші

 

Билік жүйесіндегі көзге көрінбес материалдық-әкімшілік ысырапшылдығы ушығып тұр. Мәселен, жаңа келген әкім бұрынғы басшыдан қалған автокөлікті пайдаланбайды, 50-60 мың АҚШ доллары тұратын жаңасына тапсырыс бе­ретіні шындық. Одан орынбасарлары мен құрылым басшылары да қалыспайды. Мұны тоқтатудың бірден-бір жолы – оларды тегіс таксиге отырғызу. 2018 жылы Астана әкімдігінің қызметкерлері осындай тәжірибе жасап, таксиге ауыс­қаны бар. Бұрын автокөлікке айына 40 миллион теңге бөлініп келсе, аталмыш шарадан кейін бұл көрсеткіш 13,5 миллионға түскен екен. Жүргізушілер жалақысы, техниканы жөндеу  шығындары жойылып, әкімдіктің қаржысы 60 пайыз­ға үнемделіпті.

 

Келесі бір кілтипан, басшылардың атшаптырым қызметтік кабинеті, демалыс бөлмелері «евроремонтпен» әрленіп жатқаны жасырын емес. Кез-келген әкім мен мәслихат хатшысының кабинетіне кіріп көрсеңіз, оған көз жеткізуге болады. Бекітілген ереже бойынша (оның өзі Ресейден көшіріліп алынған) жергілікті атқару органдары басшысының кабинеті 30 шаршы метрден (орынбасары 20 ш.м., қызметкерлері 7,5 ш.м.) аспауы тиіс. Кабинетте үстел, кресло, компьютер, телефон аппараты, шкафтан өзге бөгде зат тұрмауы керек. Алайда көптеген лауазымды тұлғалардың қызметтік кабинет­терді пайдалану стандартына пысқырмайтыны анық. Алқызыл кілем, емен үстелдер, диван, креслолар, аквариум, қымбат жәдігерлерден көз тұнады.

 

Мұн­дай келеңсіз «дерт» тез тарайды. Тіпті колледж, мектеп директорлары арасында (оқу кластары есебінен) өз кабинет­терін ұлғайтып, душ кабинасын, демалыс бөлмесін жасақтаған фактілер жетерлік. Осындайды көрген кезде, кабинеттік жүйеден бас тартатын уақыт жеткенін сезінесің. Ең бастысы, бюджеттің қыруар теңгесі үнемделері анық.

 

Жалпы, қолда барды үнемдей алмау біздің қазақтың қанына сіңген әдет сияқ­ты. Әдет болмаса, күндіздің өзінде мем­лекеттік мекемелерде (әкімдік, ғылым, білім ошақтары, кітапханалар, мәдениет, спорт ғимараттарында) жарқыратып, жарық жағып қоя ма? Атшаптырым конференц-залдар айлап, жылдап құлазып, бос тұра ма? Бұл залдарды ұстауға, жарық пен жылуға кетіп жатқан есіл ақшаны, құмға сіңген судай халық қаржысын іздесе қане? Сондайда билік құлағында отырғандарға «Тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар. Қоймай жесең не қалар?» – деген халық даналығын айқайлап тұрып, айтқың келеді. Естір құлақ болса...

 

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ, журналист-жазушы, саясаттанушы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ