Пысық. Жылдам. Нақты

07.04.2020
Қаралды: 246

Өткенде «фейсбукте» вирусқа шалдыққан АҚШ-тың бір тұрғыны өз оқиғасы туралы жазыпты.

 

«Ауырып клиникаға барған едім, олар емдемек түгел коронавирустың диагнозын да дұрыс қоя алмады, мені анда жіберді, мында жіберді, бекер уақытымды жоғалтып ауруымды асқындырып алдым» деген екен американдық жігіт. 

 

«Біздің еліміздің медицина саласы коронавируспен күресуге дайын емес», – депті.

 

Соңғы кезде интернет бетте­рінде әр елдің медицина саласы туралы роликтер қаптап кетті. Мен жақында Испанияның медицина саласындағы былық туралы айт­қан сол жақта жұмыс істейтін орыс келіншегінің әңгіме­сін тыңдаған едім.  Егер оның айтқан әңгімесі рас болса, онда дамыған Еуропа елі делінетін Испанияның медициналық дайындығы, жалпы жағдайы тұнған былық боп шығады. 

 

Енді осындай медициналық жүйелер өз салақтықтары үшін үлкен құрбан бере отырып коронавируспен күреспекші. Ал ол індет олардың бұл салақтықтарын кешпей, оларға ақырзаман орнатып жатыр.

 

Меніңше, әзірше коронавируспен бетпе-бет шығып, онымен кескілескен шайқасқа түсіп, індетті ауыздықтап үлгеріп, бұл салада айтарлықтай табыстарға жетіп отырған Оңтүстік Корея елі ғана. Кеше осы кәрістер туралы біраз оқып, оларға риза болдым.

 

Кореяда індет табылды деген мезетте жұрт: «Бұлар қырылып қалады, бұлар екінші Италия болады», – деп ойлап, пішіп қойған еді.  Себебі Корея әлемдегі халқы көп, әр шаршы шақырымға тығыз орналасқан ел ғой. Ал ондай жерлерде індеттің пайда болуы кіш­кентай балаға шырпы ұстатып, мая шөпке қоя берумен бірдей.

 

Мен көрсеткіштерге қарап отырсам, Оңтүстік Кореяда ақпан айында күніне вирус жұқтырған 800-900 адам анықталса, қазір ол көрсеткіш 64-ке түсіпті. Яғни кә­рістер вирусты кәдімгідей шектеп тастаған. 

 

Вирустан өлген құрбандар са­ны үш айда 140 болыпты. Ал кәріспен бірге басталған анау Италияда қаза саны қазір мыңдап кетіп жатыр. 

 

Қытай Уханьды қырып-жоя отырып, тым дөрекі түрде басса, демократиялық Корея вирусты нақты шаралармен, тиімді әдіс­термен, жәймен, биязы түрде ғана ауыздықтап отыр. Күшті жұ­мыс істеген бұлар. Жылдам. Дереу. Тез. Нақты. Індет басталған бетте Кореяда әр бұрышта коронавирусты анықтаушы тегін тесттер өткі­зетін бөлімшелер құрылған. Ол дереу құрылған – індетке карантин жарияланған соң 3-4 күннен кейін-ақ құрыпты. Олар сөйтіп мыңдаған адамды дереу тесттен өткізіпті. Бұл көрсеткішпен олар жаһан бойынша алда тұр.

 

Бұл да жөн, айқасатын дұшпаныңның санын, пішінін көрмесеңіз, қалай күреспексіз? Пысық кәрістер осылай алдымен проблеманың ауқымын айқындап алған.  Ал қайбір елдерде «мен ауруға шалдықтым» деп, өзі келіп тұрған нау­қастарды да тани алмай жатыр.

 

Вирусты тестілеп анықтайтын құрал да кәрістердің өздерінің елінен жасалып шыққан құрал екен. Бұл құрал коронавирустың жасырын симптомдарын да тауып, анықтап беретін керемет құрал дейді. 

 

Мен интернет беттерінен америкалық сенаторлардың мыңдарды тестілеп отырған Кореяға қызыға қарап, оны үлгі тұтып отырғанын көрдім, сенесіздер ме? Қазір Трамп­тың өзі Кореяға осы тесттерге тапсырыс берді.

 

Хош, сонымен, алғашқы күндерден бастап Корей үкіметі мүмкін болған барлық дерек көздерінде халықты маска киюге үгіттеп, үгіт-насихат жүргізген, тез арада халыққа маска таратқан. Бұлар ол мақсатқа телеарналар, интернет, бәрін пайдаланған. Науқастардың деңгейін анықтаушы бөлімдер құрған. Яғни «сенің деңгейің жеңіл, сен үйде отыр», «сенікі ауыр, сені оқшаулаймыз», «сені мында, ананы анда» деп, осындай сатыға бөлу жұмыстарды жылдам атқарып, тіпті сол үшін жүздеген мемлекеттік ғимараттарды босатып берген.  Ауруханаларға сонша халықты сый­­ғыза алмайтынын олар бірден түсінген.

 

Салыстырмалы түрде айтсақ, анау Испания, Италиялар әлі күнге шейін «ауруханаларымыз лық толды» деп жылап отыр. 

 

Кәрістер вирус жұқтырған нау­қастардың кіммен, қашан, қайда байланыста болғанын дереу анықтап, соңдарына түсіп, дедектетіп әкеп карантинге жатқызып оқшаулап отырған. Яғни бұл жерде полиция, арнайы қызмет орындары да керемет жұмыс атқарған. Бұлар осындай тиімді жұмыстарының нәтижесінде вирусты ауыздықтап отырған бірден-бір ел. 

 

Олар да аяқ астынан пайда болған індетке асып-сасып қалғаны анық. Бірақ маған осы азиаттардың сондай шешуші кезеңде дереу өз-өзін қолына алып, өлер­мендік танытып, жағдайды өз пайдасына шешіп кететін мінезі ұнайды.  Негізі олар да қателесе отырып, бәрін жүре үйреніп жатыр және айшықтап айта кетерлігі сол – еңбектері жемісін беріп жатыр.  Кәрістер осындай өз біліктілігімен, сабырымен, мықтылығымен өз елінде жалмауызды тоқтатып отыр деп санаймын. Мәттақам, пысық, жылдам..

 

Ал Италия... Жылап жатыр, жан жағын айыптап жатыр... Өз әл­сіздігін анадан көреді, мынадан көреді, өзін кінәлайды... Оның қасында пысық кәрістер күлшелі баладай сүйкімді көрінеді екен. Рас.

 

Олжас ӘБІЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ