Чикагода жүрген шардаралық бауырымыз не дейді?

07.04.2020
Қаралды: 179

Таяуда Американың Чикаго қаласында тұратын Мұқан Пірназаровпен болған сұхбат жариялданды. Түркістан облысы Шардара ауданының тумасы болып табылатын оның Америкада жүргеніне алты жылдың жүзі болыпты. Мұқан Пірназаров өз сөзінде Американың артықшылықтары туралы айтады. 

 

– Қазақстанның топырағына, суына, жеріне ештеңе жетпейді. Бірақ біз көп нәрседен айрылып қалған мемлекетпіз. Мен Еуропаның 14-15 елінде болдым. Американың 56 штаты болса, соның 40 штатына барып қайтқанмын. Осыдан біраз уақыт бұрын Америкаға жолдас­тарым қыдырып келіп кетті. Олар Қазақстанның 100-200 жылға артта қалып кеткенін айтады. Расында да, Америка дамып кеткен мемлекет қой. Бұл елде заң, тәртіп дегеннің бәрі мықты. Мұнда келген алты жылдың ішінде жол полициясы мені екі рет қана тоқтатыпты. Онда да бірінде көліктің нөмірі жоқ еді, тағы бірінде жылдамдықты сәл арттырып жібергенім рас.

 

Бұл жақта өзге ұлттарды алалау деген жоқ. Жұмысыңды істе, тіршілігіңді жаса. Фирма ашасың ба, компания ашасың ба, мүмкіншілік көп. Америкаға қазақтың, өзбектің, тәжіктің, қырғыздың қыздары ақша табуға келеді. Негізгі жұмыстары – бала қарау, зейнеткерлерге күтуші болу, үй тазалау. Ең төменгі жалақы алатындардың қатарына кіретін олардың өзі айына 2000-3000 доллар алады. Өздері сол үйде жатады, тамағы тегін. Жақсы жерге орналасып, айына 5000 доллар алатындар да бар. Ал «Камаз» айдайтын ер азаматтардың  айлығы 8000-12000 доллар аралығында. Сонда аптасына 2000-3000 доллар табады деген сөз.

 

Бұларда зейнеткерлерге апта сайын азық-түлік беріліп отырады. Үкімет оларға жақсы қарайды. Содан соң мұнда қара нәсілділер көп жүреді. Арасында 1-2 иттен  асырайтындары бар. «Мыналардың өздері күнін көре алмай жүріп, иттерді неге асырайды?» – деймін ғой. Сөйтсем, бір итке мемлекеттен ай сайын 300 доллар береді екен. Олардың итке қалай қарап жатқанын да қадағалайды, – дейді ол.

 

Шетелде жүрген қандасымыз Американың денсаулық саласындағы сақтандыру жүйесі туралы да айта кетті. 

 

– Америкада адамдардың бәрі сақтандырылған. Ауырып қалсаң, сол арқылы ауруханада тегін емдейді. Бұларда сақтандыруға мемлекеттік қызметкерлердің жалақысынан 10-12 пайыз ұстап отырады. Бірақ олардың бүкіл өмірі сақтандырылады. Бір тиын төлемейді. Зейнеткерлікке шыққан соң да Үкімет оларға өмірінің соңына дейін қарайды.

 

Қазір көптеген қандастарымыз Қазақстаннан қашып жатыр. Қазақстаннан 100 адам ұшып келетіін болса, соның 10 пайызы бала-шағасына қыдырып келген кемпір-шалдар болуы мүмкін, 10 пайызы жұмыс бабымен жүргендер болуы мүмкін. Қалған 80 пайызы осында қалып қояды. Көпшілігі жоғары білімі, бірнеше дипломы бар жас жігіттер. Бірақ оларға Қазақстанда жұмыс жоқ. 30-40 мың теңге айлық алады. Обал. Сондықтан келгеннің бәрі осында қалып кетіп жатыр. Біз де бұл жерде тапқан ақшамызды жинап, үй алайық, оқып жатқан бала-шағаға жәрдем етейік деп жүрміз.

 

Қазақстанда жүргенде кішігірім сауда-саттықпен айналыстым. Өкіметтің жұмысын өмірі істеген емеспін. Өйткені айлықтың жетпейтінін білетінмін. Кейде адамдар бір айлықпен қалай отыр деп таң қаламын. Алатын 30-40-50 мың теңгесі ештеңеге жетпейді. Сол жұмысқа тұру үшін тағы пара беруің керек.

 

Қай жерде мүмкіншілік бар, жастардың бәрі сол жаққа кетуге мәжбүр болып жатыр. Америкаға виза аша алмай, келе алмай отырғандар бар. Маған Қазақстаннан: «Тамағы, жатын орны тегін болып, айына 1000 доллар төлесе жетеді, жұмыс болса шақыршы», – деп хабарласады. Бірақ бұл жаққа кіру де оңай емес.

 

Португалияда мигрант болып жұмыс істеп жүргенімізде португалдықтар біздерден: «Қазақстан қай жерде? Қандай мемлекеттермен шекаралас?», – деп сұрайтын. Оған жауап алған соң: «Қазақстанда не бар?» – дейді. «Мұнайымыз, мақтамыз, теміріміз, алтынымыз бар, анау бар, мынау бар», – деп мақтанамыз. Сонда олар: «Онда бұл жақта не істеп жүрсіңдер?» –  деп таң қалатын», – дейді қандасымыз.

 

Мұқан Пірназаров сөз арасында ондағы жанармай бағасының тым арзан екенін де тілге тиек етті.

 

– Күні кеше мен жұмыс бабымен Калифорниядан Чикагоға көшіп келдім. Калифорния – жердің жәннаты. Американың жұлдыздары, миллионерлері – бәрі де сол штатта тұрады. Қысы-жазы көктем. Күз де болмайды, қар да жаумайды. Дегенмен, Калифорния ең қымбат штат саналады. Тамақ, азық-түлік қымбат. Бірақ жалақылары да соған сай.

 

Чикагоға келген соң бензиннің бағаларын қарадым. Бұл жерде бензинді галлонмен есептейді. Бір галлоны төрт литрге жуықтайды. Сол галлонның бағасы 1 доллар 80 центті құрайды. Енді қараңыз, мұнда адамдар 5-10 мың доллар айлық алады, сонда бензин су тегін деген сөз. Жанармай құйғанда есеп­темейміз, бакты толтырып алып кете береміз, өйткені Америкада ақша жеткілікті, ақша көп.       

 

Осында «Камаз» айдайтын жігіттер бар. Өздері намаз оқиды. Олардың бала-шағалары Қазақстанда. Сөз арасында «Отбасыларыңды шақырмайсыңдар ба?» – десем, шақырмайтындарын айтады. Жақында біреуі Түркиядан үй алды. «Біз Қытайға құл болмаймыз, қытайлар аларын алып болды», –  дейді. Былтырлары Түркиядан үй алатын орыстар көп бол­ған екен. Қазір олардың орнын қазақтар басып жатыр. Міне, Қазақстанның болашағына көзі жетпеген соң, жұрттың бәрі осылайша көшіп жатыр, – дейді ол.

 

...Иә, жастарымыздың жаппай шетелге ұмтыл­ғаны жанға бататын дүние. Бірақ, оған тоқтау сала алмаймыз. Себебі Америка сияқты дамыған елдердің қатарына жету үшін бізге әлі көп нәрсені өзгерту керек.

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ