Желге ұшқан ақшалар, легионерлер, басқалар...

07.04.2020
Қаралды: 177

Ашқұрсақ  отырған  Қазақстан халқы қашанға  дейін  әлдекімдерді  асырай  бермек?

 

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында  мәжілісмен Азат Перуашев кәсіби спортты, соның ішінде, әсіресе, футболды  бюджеттен, былайша айтқанда, халықтың есебінен  қаржыландыруға қатаң тыйым салу жөнінде ұсыныс жасағанын бәріңіз жақсы білесіздер.

 

Халық қалаулысының айтуынша, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қыруар қаржы-қаражат жұмсалатын көрінеді. Аумақтарға бөлінген ауқымды ақшаның 80 пайыздайы аяқдопшыларға ажыратылады екен. Таяуда бір шетелдік леги­онерді бес миллион еуроға сатып алу жөнінде келісім-шартқа қол қойылған кө­рінеді. Мәжілісмен мұның орнына елі­міздегі балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, заманауи талаптар­ға сай келмейтін стадиондар мен спорт аре­­на­ларының  жай-күйін реттеуге үн­деп отыр.

 

Осы тақылеттес пікірді Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев та білдірді. Оның ойынша, Олимпиада ойындарына әзірлікке бөлінетін қыруар қаражатты балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға жұмсаған жөн көрінеді.

 

Азат Перуашевтың пікірінше, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тек бұқаралық спортты дамытумен ғана айналысқаны жөн. Барлық спорт федерацияларын  қомақты қаржы-қаражаты бар Ұлттық Олимпиада Комитетінің қарамағына беру керек.

 

Футболшыларымыздың  трансферлік ба­ғасы 152,7 миллион долларды құрайды екен. Бұл – бұрынғы посткеңестік кеңістіктегі Ресей (1,2 миллиард доллар) мен Украинадан (380,4 миллион дол­лар) кейінгі үшінші орындағы көрсет­кіш.

 

Еліміздегі үздік деген қос клубтан өзге­лерінің бәрі дерлік мемлекет есебінен күнелтеді. «Астана» (Нұр-Сұлтан) футбол клубы квазимемлекеттік сектордан бөлінген қаржыға өмір сүруде. Клубтың барлық шығынын «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ өз мойнына алған. Қазақстанның алты дүркін чемпионының өткен жылғы бюджеті 9 миллиард 800 миллион теңгені (25 миллион доллар) құраған. Еурокубок бәсе­келерінде топтық кезеңге дейін жеткені үшін 4,6  миллион доллар табыс тап­қан. Бұған қоса-қабат клуб қатысқан кез­десулерді телетрансляция жасау құқығы үшін берілген кішігірім бонус тағы бар. 

 

«Қайрат» (Алматы) футбол клубының  жылдық шығынының төрттен бірін қалалық бюджет өтейді. Биыл Алматы әкімі командаға 892 миллион  857 мың 143 теңге (2,3 миллион доллар) қаржы бөл­ген. Қалған он команданың шығындары облыстық және қалалық бюджеттерден бөлінеді. Бұл –  қарапайым халықтың қалтасына қол сұғу деген сөз.

 

Бейресми мәліметтерге қарағанда, Премьер-лигадағы барлық командалардың жылдық бюджеті 54,5 миллиард теңгені (144,8 миллион доллар) құрайды. «Ордабасы» (Шымкент) футбол клу­бы­ның жылдық бюджеті 6,2 миллиард теңгеге (16,4 миллион доллар), «Тобыл» (Қос­танай) футбол клубының бюджеті 3,2 мил­лиард теңгеге (8,2  миллион доллар) тең.

 

Ескерту: футбол маусымы басталған тұста бір еуроның бағамы 413 теңгеге тең болатын.

 

Бұл – футболшылар мен олардың бапкерлерін асырау үшін балақайларды қоса-қабат есептегенде, еліміздің әрбір тұрғыны жылына орта есеппен 3 мың  теңгеден төлеп отыруы керек деген сөз. 2013-жылы еліміздегі тран­с­ферлік баға 64 миллион еуроны құраған. Бұл көрсеткіш былтыр 101,4 миллион еуроға, биыл 145,3 миллион еуроға жеткен. Былтыр сатып алынған 31 футболшының әрбірінің трансферлік бағасы бір миллион еуродан асқан. Ал биыл олардың саны сегізге артып отыр.

 

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана» клубының намысын қорғайтын хорватия­лық Марин Томасовтың бағасы – 3,5 миллион еуро.  Алматыдағы «Қайраттың» құрамында топ тебетін украиналық Адеринсола Эсеола – 3,3 миллион еуро, ал поляк Яцек Гуральский – 3 миллион еуро тұрады. «Астаналық» Дмитрий Шомко мен Қостанайдың «Тобылындағы» Роман Мұртазаевтың бағасы – 2,5 миллион еуродан, «Астананың» сапындағы  румын Дорин Ротариу – 2,2 миллион еуро, осындағы украиналық  Дмитрий Непогодов пен Шымкенттің «Ордабасы» клубындағы  бразилиялық Жоао Паола – 1,8 миллион еуроға, «Астанадағы» кипрлік Пиерос  Сотириус пен «Қайраттағы» Стас Покатилов – 1,7 миллион еуроға бағаланатынын біле жүріңіздер.

 

Былтыр қараша айының соңында Қазақстан Футбол федерациясының атқару комитеті Еуразия экономикалық одағына мүше – Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан елдерінен келген футболшылар енді легионер болып есептел­мейді деген шешім шығарған. Сөйтіп әлгілердің  саны былтырғы сегізден биыл 37-ге жетіп отыр. Атап айтқанда,  олардың 21-і Ресейден, 11-і Беларусьтен, төртеуі – Армениядан, біреуі – Қырғызстаннан келгендер.

 

Есесіне Ресей чемпионатында өнер көрсететін қазақстандық футболшылар некен-саяқ. Бүгінде Бахтиер Зайнутдинов Дондағы Ростовтың «Ростов», Акмаль Бахтияров Сочидің осы аттас, Исламбек Қуат Орынбордың осы аттас клубтарында доп теуіп жүр. Кезінде Краснодардың «Кубань» клубының негізгі құрамына іліге алмаған, биылғы қысқы транс­ферлік маусымда Мәскеудің «Локомотив», Санкт-Петербургтың «Зенит» клубтарына ауысады деп жүрген  Қазақстан ұлттық құрама командасының капитаны Ба­уыр­жан Исламхан ақыр аяғында Бірік­­кен Араб Әмірліктерінің «Әл-Айн» клубының қатарынан бір-ақ шықты емес пе?!

 

Биыл Қазақстанның Премьер-лигасында 415 футболшы өнер көрсетуде. Олардың 119-ы, яғни  28,7  пайызы 34 елден келген шетел азаматтары. Атап айтқанда, Ресейден – 21, Сербиядан – 17, Беларусьтан – 11, Грузиядан – 7, Украинадан – 6, Хорватия, Черногория, Болгария,  Франциядан – 4, тағы басқалар, тағысын сол сияқтылар... болып жалғасып кете береді. Талдықор­ғанның «Жетісуында» – 13, ал Павлодардың «Ertіs» және Қарағандының «Шахтер» клубтарында – 12-ден шетелдік ойыншы өнер көрсетеді. Есесіне  Алматының «Қайрат», Шымкенттің «Ордабасы» клубтарында – сегізден, Қостанайдың «Тобылында» жергілікті жеті футболшы ойнайды.

 

Бірінші турда жасыл алаңға шыққан 132 ойыншының 79-ы, яғни 59,84 пайызы шетелдіктер болған. Бұған қарап орта есеппен алғанда әрбір ойында екі-үш, ал жалпы жыл бойына тек 50-60 жергі­лікті футболшы ғана өнер көрсететенін шамалауға болады. Ал олардың арасынан ел намысын қорғайтын саңлақтарды таңдау чех маманы Михал Билекке оңай соқпасы айдан анық.

 

Бұған қоса-қабат жаз айларындағы екінші тіркелетін трансферлік кезеңде сатып алынатын шетелдік футболшылардың жасына шектеу қойылмайтын көріне­ді. Осылайша жасы отыздан асып, шау тартқан егде шетелдік ойыншылардың қаптап кететін түрі бар. Олардың бәрін  деңгейі орташа Қазақстан чемпионаты емес, жоғары жалақы, яғни құлқынның қамы айдап келетіні айтпаса да түсінікті жайт. Біздегі легионерлердің ем кемі 3-4 мың, ал ең көбі  30-40  мың еуро айлық жалақы алады екен. Бұл орташа есеппен алғанда 12 мың еуроны құрайды. Клуб басшылығы мен бапкерлердің жалақысы бұдан да жоғары. Ал базарда арба сүйретіп, жүк тасып, қара жұмыс істейтін қарапайым қандастарымыздың қанша жалақы алып жүргенін өздеріңіз жақсы білсеңіздер керек. 

 

Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғайтын хокейшілердің «Барыс», баскетболшылардың «Астана», тағы басқа спорт­тық клубтардағы, Ұлттық Олимпиада Комитеті мен қаптаған  спорт федерацияларындағы легионер ойыншылар мен бапкерлерге жұмсалатын қыруар қаржы-қаражаттың нақты есебін жүргізіп отырған тірі жан бар ма екен өзі? Ашқұр­с­ақ отырған Қазақстан халқы қашанға дейін әлдекімдерді асырай бермек?

 

Қорыта айтқанда, желге ұшқан ақшалар, басқалардың жайын ойлап бас қатырып отырған бір пенде бар ма өзі, әлде жоқ па деген сауал күндіз күлкімізді, түнде ұйқымызды қашырып отырғанын жоғары жақтағылар шынымен-ақ білмей ме екен?!  Бұған төрткүл әлемді жайлаған коронавирус секілді кесір-кесепаты көп қатерлі індетті қосыңыздар. Сонда қазақ қалай күн көрмек?!

 

Әбдісаттар ӘЛІП.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ