Шетелде карантин режимін бұзғандарға қандай жаза қарастырылған?

06.04.2020
Қаралды: 268

Бүгінде коронавирус 200-ден аса елге тарап үлгерген. Әлем бойынша барлығы 1,2 млн-нан аса адам вирусты жұқтырып, 64 мыңнан астам адам қауіпті індеттен қайтыс болған. Көптеген мемлекет COVІD-19-дың алдын-алу үшін түрлі шара қабылдап жатыр. Алайда қабылдан­ған ережелерге бағынбай жүргендердің де саны көп көрінеді. Коронавирус індетінің тарауына байланысты шетелде карантин режимін бұзғандарға қандай жаза қарастырыл­ғанын біле жүріңіз.

 

Франция: 3750 еуро айыппұл

 

Франциядағы коронавирус эпидемиясы үшінші деңгейге жеткен. Француз билігінің шешімі бойынша, елде дәмхана, мейрамхана, кинотеатрлар мен азық-түлік сатпайтын дүкендер жабылған. 17-наурыздан бастап тұрғындардың жүріп-тұруына да тыйым салын­ған. Жұма, 27-наурызда француз премьер-министрі Эдуард Филипп елді оқшаулау 15-сәуірге дейін созылатынын мәлімдеді.

 

 «Францияда сыртқа қажет жағдайда ғана шығуға рұқсат берілген. Тәртіпке бағынбағандар үшін айыппұл қарастырылған. Күні кеше француз билігі айыппұлды  135 еуродан 200 еуроға  көтеруге шешім қабылдаған», – деп жазады Tengrіnews.kz тілшісі.

 

Сонымен қатар, Францияның Ішкі істер минис­тр­лігінің мәліметінше, елде карантинді бұзғаны үшін ең жоғары санкция 3750 еуро айыппұл және 6 ай бас бостандығынан айыру қарастырылған. 

 

«Егер сіз коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы әрекет ету бойынша шектеу шараларын құрметтемесеңіз, сізге санкциялар қолданылады. Бірінші заң бұзушылық үшін 135 еуро, бұл жағдай 15 күн ішінде қайталанса, 1500 еуро көлемінде айыппұл салынады. Егер 30 күн ішінде үш хаттама жасалса, 3750 еуро айыппұл мен 6 айға дейін бас бостандығынан айырылады. Өзіңізді және басқаларды қорғаңыз», – делінген хабарламада.

 

Үндістан

 

Үндістанда коронавирус пандемиясына байланыс­ты 25-наурыздан бастап 21 күнге жалпы ұлттық оқшау­лану режимі енгізілген. Алайда 26-наурыздың өзінде үй карантинін бұзған 3 мыңға жуық адам тұтқындал­ған. Ел билігі тұрғындардан сыртқа себепсіз шықпа­уын сұрап, қоғамдық көлік пен метро жұмысын тоқтат­қан.

 

 Үндістан ІІМ премьердің үндеуінен кейін карантин режимін бұзған кез келген адам заң бойынша бір жылға дейін түрмеге қамалып айыппұл салынатынын ескерткен. Тіпті сыртта себепсіз жүргендерді тәртіп сақшылары таяқпен сабап жүр.

 

Сингапурде бір адам азаматтығынан айырылды

 

Бүгінде Сингапурға келген адамдар 24 күн үй карантинінде болуы керек. 23-наурыздан бастап ел билігі тұрғылықты жері жоқ шетелдіктердің кіруіне тыйым салды. 

 

Кеше Сингапурда ел билігі карантин режимін бұзған адамды  азаматтығынан айырды. Шетелден келген ер адам үй карантинінде жатуы керек болған.  Елдің Көші-қон және бақылау-өткізу бекеті басқармасы 53 жастағы сингапурлық Го Илья Виктор үй карантині талаптарын бұзғаны үшін төлқұжатының күшін жойды. Ол 3-наурызда Сингапурдан Индонезияға барған. 19-наурызда паром терминалы арқылы елге оралған. 

 

Одан бөлек, «Vestі.ru»-дың  мәліметінше, Сингапур үкіметі үй карантинінде отырудан бас тартқан адамдарға  10 мың сингапур доллары (шамамен 3,1 миллион теңге) мөлшерінде айыппұл  немесе  6 айға  бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ал шетелдіктер Сингапурде карантинге жатқызылғаннан кейін елден жер аударылады. 

 

Италия: 3 мың еуро

 

Бүгінде Италияда 97 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырып, 10 мыңнан аса адам қайтыс болған. Ел бойынша коронавирус індеті тез тарағандықтан министрлер кабинеті алғашында сыртта себепсіз жүрген адамдарға 206 еуро көлемінде айыппұл салуға шешім қабылдаған. Алайда наурыздың соңына қарай Италия­да 60 мыңнан аса адам карантин режимін бұзғандықтан 24-наурызда премьер Джузеппе Конте айыппұл көлемін  3 мың еуроға  (шамамен 147 мың теңгеге) көтерген.

 

Ал  Испанияда  барлығы 80 мыңдай адам вирус жұқтырып, 7 мыңға жуық адам қайтыс болған. «РИА Новости»-дың мәліметінше, карантин режимін бұзған 900 адам ұсталып, жалпы 100 мыңға жуық ескерту жасалған.

 

Елде құқық қорғау органдарына бағынбаған 1 адам сотталған. Санта-Крус-де-Тенерифе соты заңға бағынбаған 1 адамды төрт айға қамаған. 

 

Біріккен Араб Әмірліктері: 50 мың дирхам

 

28-наурызда БАӘ Бас прокуратурасы карантин режимін бұзған жағдайда салынатын айыппұл тізімін шығарған. Бір қызығы, елде маска тақпаған адамдар­ға айыппұл салынып, бір көлікте бірнеше адамды тасуға тыйым салынған.

 

Мәселен, маска тақпаған адамдарға және көлікте үш адамнан көп адамды тасымалдаған жағдайда  1000 дирхам  (шамамен 120 мың теңге), үй карантині режимін бұзған жағдайда  50 мың дирхам  (шамамен 6 миллион теңгеден аса) айыппұл салынады. Жаңа заң 26-нау­рыздан күшіне енген. Тәртіп бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл екі еселенеді, ал үшінші рет қайталанса, іс прокуратураға жіберіледі екен. 

 

Айта кетейік, Біріккен Араб Әмірліктерінде 570 адам коронавирус жұқтырып, 3 адам қайтыс болған. 

 

Швейцария 

 

«Красная весна» ақпараттық агенттігінің мәліметінше, Швейцарияда 24-наурыздан бастап тұрғындарға, тіпті, азық-түлік дүкені мен дәріханаға баруға тыйым салынған. Ережеге бағынбағандарға 135 еуро, ал тәртіпсіздік қайталанған жағдайда 1,5 мың еуро айыппұл салынатын көрінеді. Сонымен қатар, карантин режимін елемей, бірнеше рет тәртіпсіздік жасаған адам  жарты жылғы түрмеге  қамалуы мүмкін. 

 

Қытай: өлім жазасы

 

«Риа Новости» мәліметінше, коронавирус тараған ел болып саналатын Қытайда коронавирус жұқтырып, алайда карантиннен немесе емделуден бас тартқан адамдарға өлім жазасы тағайындалады екен. Сонымен қатар, жазаның бұл түрі эпидемия кезінде дәрі­герлерге шабуыл жасап, оларға ауыр соққы жасап, қорғаныш киімін зақымдаған науқастарға қарастырыл­ған. Одан бөлек, коронавирус жұқтырған адам дәрігерге түкірген жағдайда өлім жазасына кесіледі. 

 

Айта кетейік, Қытай коронавирус жұқтыру дерегі бойынша үшінші орында. Коронавирус тараған елде барлығы 81 мыңнан аса адам вирус жұқтырып, 3,3 мыңдай адам қайтыс болған.

 

Сымбат САТЫБАЛДИНА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ