Жаназаны он метр жерде тұрып оқыпты

06.04.2020
Қаралды: 225

Вирустан көз жұмған марқұмның келіні мен имамның айтқаны

 

Ақмола облысындағы Қосшы ауылында коронавирустан қайтыс болған 64 жастағы Райкүл Әкімжанды өзі тұратын ауылдың маңындағы зиратқа қойды. Оның бала-шағасы оқшау­ланған. Ал марқұмның жаназасын шығарған имам мәйітті өртеу туралы сөз болмағанын айтады.

 

Ақмола облысының Целиноград ауданы, Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны Райкүл Әкімжан­ның коронавирустан көз жұмған алғашқы адам екенін Қазақстан билігі 26-наурызда жария етті. Марқұмның келіні Жанар Чаканова көп нәрсе айтқысы келетінін, бі­рақ өзінен ақпаратты жария етпеу туралы қолхат алғандықтан амал­сыз тілі байлаулы екенін айтады.

 

– Ақпаратты таратпау туралы қағаз толтырдық. Бәрін бүге-шегесіне дейін айтқым келеді. Ау­рудың алдын алмағандарына қа­палымын. Біз әлі «шок» жағдайдамыз. Тіпті ештеңе айта алар емес­пін, – деді ол.

 

Ақмола облысы әкімдігінің мә­лім­деуінше, коронавирустан қайтыс болған Райкүл Әкімжан Алматы қаласына құдалыққа барып, одан соң Жамбыл облысы Шу ау­данында қонақта болған. Кейін Қос­шыға қайтып келген. Ол 13-17-наурыз аралығындағы сапарын по­йызбен жүрген. 22-наурыздан бастап денсаулығы нашарлап, қы­зуы көтерілген.

 

Ақмола облысы әкімдігінің мә­ліметінше, оның жағдайы 25-нау­рызда күрт нашарлап, кешкісін Нұр-Сұлтан қаласының аумағында орналасқан №2 облыстық көп­салалы ауруханасына жеткізілген. Ал 26-наурызда таңертең ауруханада көз жұмған. Оның коронавирустан көз жұмғаны 26-наурыз күні кешкісін ғана белгілі болған.

Жанар Чаканова да енесінің Алматыға құдалыққа барғанын рас­тап, бұл сапар карантин мен коро­навирустың Қазақстанда тарағанына дейін жоспарланғанын айтады.

 

– Енем 13-наурызда Алматыға кетті. Кейін карантин жарияланған соң біз де уайымдап, бірден пойыз­ға билет алдық, ол 19-наурызда үйге келді. Бірнеше рет жедел жәрдем шақырдық. 23-і күні аудандық емханаға қаралуға бардық. Олар «өкпесі сау» деп, антибиотик беріп шығарып салды. Оны салдық, асқынып кетті. Рентгенге түсі­ру туралы ұсыныс та жасамады. «Өкпесі таза, рентгенге түсіріп не керек» деді. Бірінші жолы анализ алып «коронавирустан таза» деді, екінші мәрте алып «коронавирус анықталды» деді. Қайсысына сене­рі­мізді білмейміз, – дейді Жанар Чаканова.

 

Жанар Чаканова енесі анасындай болып кеткенін, күйеуі оның жалғыз ұлы екенін айтады. Чакано­ваның сөзінше, енесі бұрын ауыр­маған, укол да алмаған. Ал денсау­лық сақтау министрлігі Райкүл Әкім­жанның пневмонияға шалдыққанын, қант диабетімен ауырғанын мәлімдеген.

 

Райкүл Әкімжан қайтыс болған соң әлеуметтік желіде видео тарап, онда марқұмның ұлымын деген ер адам: «Алматыдан құдалықтан келді. 22-наурызда жедел жәр­дем шақырдық. Олар 23-наурызда емханаға барыңыздар деді. Дәрігерге барғанымызда укол, ингаляция жазып беріп, үйге қайтарды. Температура түспеді. 24-нау­рызда жедел жәрдем қайта шақырдық. Олар келіп, жүрегін тексе­ріп, «жатыңыз, жүрегіңіз жақсы, өлмей­сіз» деп кетті. Бес сағатта жағ­дайы тіпті нашарлап кетті. 25-наурызда таңертең үшінші рет жедел жәрдем шақырдық. Сол кезде дәрігер ауруханаға алып кетті. 26-нау­­рызда дәрігер маған анықтама беріп жатып: «Коронавируспен ауыр­маған. Пневоманиядан қайтыс бол­ды. Жерлей беріңіздер», – деді. Мәйіт­ханадан мәйітін алып кеттік. 26-наурыз кешкі бесте хабарласып, коронавирус табылғанын айтты», – дейді.

 

Қазір марқұмның үйі қоршалып, онымен байланыста болған жақындары және №2 облыстық көпсалалы аурухана қызметкерлері де оқ­шау­ланған.

 

Марқұмның жаназасын шығарған Қосшы ауылы мешітінің бас имамы Ыбырай қажы Қазанғапов мәйітті ақтық сапарға арнайы киім киген медициналық қызметкер­лер­дің дайындағанын айтады.

 

– Біз дәрігерлерге шариғатқа байланысты қалай жуу керектігіне нұс­қаулық беріп тұрдық. Олар бә­рін жуып, ақ матасына орап, толық дайындап берді. Қабір әдеттегіден тереңірек қазылды. Өртеу туралы әңгіме болған жоқ. Сол жерді дез­инфекция жасады. Қабір басына әкімдіктен адамдар келді. Жаназасын он метр жерде тұрып оқыдық, – дейді ол.

 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 27-наурыз күні түстен кейін коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу ере­жесі туралы бас санитарлық дәрі­гердің қаулысы шығатынын хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бұған байланысты арнайы пәтуа, Православ шіркеуінің өкілдері нұсқаулық шығарған.

 

Сәния ТОЙКЕН.

(«Азаттық» радиосы).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ