Індет салдарынан қайтыс болғандарды қайда жерлейді?

06.04.2020
Қаралды: 336

Жаһанға жайылып бара жатқан жаман ауру Қазақстанда екі адамның өмірін алып кетті. Өкінішке қарай, науқастар арасында ауыр халде жатқан адамдар бар. Жағдай жайбарақаттықты көтермейді.

 

Ауамен таралатын ауру аза тұтқандарға таралмау үшін жерлеуді де тиісті тәртіппен жүргізуге тура келеді. Сол себепті індет салдарынан қайтыс бол­ғандарды жерлеу жайлы арнайы ереже бекітілді. Еліміздің бас санитары Айжан Есмағамбетова (суретте) қол қойған Қаулыда мынадай жайлар жазылыпты:

 

Зертханалық тексерулер бо­йынша СOVІD-19 диагнозы дәлелденген мәйіттің денесі дереу залалсыздандырылады, ол ашылмайды және туыстарына берілмейді. Бұл диагноз нақтыланбаған, тек күдік болған жағдайда да зертханалық тексеру қорытындысы шықпайынша туыстары мәйітті әкете алмайды.

 

Жерлеуге әзірлік алдында, жуындыру барысында мәйіттің бетіне залалсыздандыратын сұйықтыққа батырыл­ған маска жабылуы тиіс. Егер мәйітті белгілі бір уақытқа дейін сақтау керек болса, арнайы белгіленген тоңазыт­қыш камерасына дезинфекциялық сұйықтыққа әбден малынған матаға орап барып салынады.

 

Діни сеніміне байланысты табытсыз жерленетін жағдайда мәйітті жуындыру рәсімі арнайы медициналық ғимаратта жүргізіледі. Жуындыру рәсіміне үш адам ғана қатысады, олар арнайы қорғаныс киімдерін киюі тиіс. Мәйіт денесі дезинфекциялық сұйықтықпен шайылады. Ақтық киім – арнайы мата да дәрілік сұйықтыққа малынған болуы керек. Оның сыртынан полиэтилен пакет және қалың мата қапталуы тиіс. Жерлеу кезінде кебін мен мәйіттің бетін ашуға болмайды.

 

Марқұмның мәйіті осыдан кейін барып жаназасын шығару, қоштасу үшін туыстарына берілуі мүмкін. Жаназа шығару, қоштасу рәсімі бір сағатта аяқталуы тиіс, мұндай шараға бір ғана дін өкілі қатыса алады. Мәйіт қойылған жер мен адамдар арасында кемінде 3 метр қашықтық сақталуы тиіс, оған ешкімнің жақындауына болмайды.

 

Діни ұстанымына байланысты табытта жерленетін мәйіт те жоғарыда көрсетілген тәртіппен дәріленген мата, политилен пленкамен, сосын қалың матамен оралуы тиіс. Табыт мықтап жабылады және дәріленеді. Мұндай індет салдарынан көз жұмған адамды жерлеу рәсіміне тек ет жақын туыстары ғана қатыса алады. Олардың саны 5-7 адамнан аспауы керек, бұл рәсім обаға қарсы мекеменің немесе санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының қатаң бақылауымен атқарылады. Тасымалдауға алдын-ала дәріленген арнайы көлік тартылады.

 

Коронавирустан көз жұмғандарды жерлеудегі санитарлық талаптар  күйдіргі, гемаррагиялық қызба секілді аса қауіпті жұқпалы аурулардан қайтыс болғандардыкімен бірдей. Яғни көму кезінде ұзындығы – 2 метр, ені – 1 метр, тереңдігі – 2 метр қабірдің түбіне қалыңдығы 10 сантиметр дезинфекциялық құрал қабаты себіледі. Қабірге түсірілген табытқа да дәл солай қалыңдығы 10-15 сантиметр болатындай етіп дәрі құйылады. Содан кейін қабірді көміп тастайды. Ал құрал-саймандар мен қорғаныш киімі, көлік тап сол жерде залалсыздандырылады. Мәйітті жуындыру мен жерлеу рәсіміне қатысқан барлық адамдар 14 күн үй карантинінде қатаң бақылауда болуы керек.

 

СOVІD-19 вирусы салдарынан көз жұмған адамды жуындыру мен жерлеу рәсіміне қатысқан адамдардың барлығы міндетті түрде бір реттік медициналық қолғап, бетті қорғап тұратын арнайы экран, қорғау сатысы жоғары респираторлық маска мен арнайы су сіңбейтін жеңі ұзын стерильді халат, қонышы ұзын резина етік киюі тиіс.

 

Тағы бір деректерде коронавирустан қайтыс болғандар қала сыртындағы, елді мекендерден алыс орналасқан арнайы полигонда жерленетіні жайлы да айтылып жатыр. Бірақ бұл, біздің түсінуімізше, туған-туысы жоқ жандар (жалғызбасты адамдар, қаңғыбас, т.б.) мен шетел азаматтарына қатысты шарт сияқты.

 

Бұл, әрине, сақтық шаралары үшін қабылданған ереже. Лайым, ешкім де бұл ережеге тап болмасын. Дүниені дүрліктірген індеттің емі тезірек табылып, адамзат қуаныш­қа кенелсе екен!

 

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ