Күнкөріссіз қалғандарға қандай жеңілдік бар?

03.04.2020
Қаралды: 254

Өткен айда  төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Президент табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни 42.500 теңге жәрдем­ақы төлеуді тапсырған болатын.

 

«Карантин  енгізілген соң тек Алматының өзінде кәсіпорындардың қызметкерлер саны 266 мың адам­ға қысқарды. Дәл осындай жағдай жеке кәсіпте де байқалды. Олардың 80 пайызы өз қызметтерін тоқтатты. Осылайша, алдын-ала есептеулерге сәйкес, төтенше жағдай шамамен 500 мың азаматтың қаржылық жағдайына кері әсерін тигізді. Сондықтан төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерін, 42.500 теңге жәрдемақы төлеуді тапсырамын», – деген еді Қ.Тоқаев.

 

Бұл ақша қиын кезде бар жыртықты жамамаса да, қалтаның түбі көрінгенде талғажау етуге болар. Алайда осы ең төменгі айлық жалақы мөлшеріндегі қаржыны алудың жолын шенеуніктер қиындатып жіберген еді. Наурыз айының соңында бұл мәселе қайта қаралып, шарттары біршама жеңілдеп, жәрдем алатындардың тізімі кеңейтілді.

 

Бұған дейін 42.500 теңгені алуға орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариустар), бірыңғай жиынтық төлемді  (ЕСП) төлеушілер өтініш бере алатын. Енді олардың қатарына карантин енгізілген қалалардағы ірі бизнес қызметкерлері мен  азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс табатындар, өздері үшін салық агенттері міндетті зейнетақы жарналарын аударған жеке тұлғалар қосылған.

 

Екіншіден, басында табысынан айырылғанын рас­тайтын құжат немесе ақысыз демалысқа кеткені жөніндегі бұйрықтың көшірмесі талап етілетін. Енді бұл талап алып тасталды. Енді жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін немесе жеке кәсіпкерлер, бірыңғай жиынтық төлем төлейтіндер, келісім-шарт негізінде жұмыс істейтіндер egov порталы арқылы өтініш бере алады.

 

Сондай-ақ қызметкер жұмыс берушіні күтпей-ақ өтінішті өздері де бере алады. Өтініш «Электрондық үкімет» веб-порталында «Электрондық өтініш» сервисі арқылы, электронды форматта беріледі. Ол үшін электонды-цифрлы қолтаңба (ЭЦП) қажет. Енді ЭЦП-ны да онлайн түрде алуға болады.

 

Үшіншіден, осы ақшаны алудың басты шарты – табысынан айырылған азамат соңғы 12 айда кемінде 1 рет әлеуметтік аударым жасауы тиіс. Бұған дейін әлеуметтік сақтандыру қорына кемі 3 ай ақша аудару талап етіліп еді, ол 1 айға қысқартылды. Сонымен қатар, әлеуметтік аударым немесе зейнетақы жарналарының бар-жоғын дәлелдеудің қажеті жоқ, оны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» автоматты түрде өздері тексереді.

 

Ал бастысы, өтінішті қарау және әлеуметтік төлемді тағайындау уақыты 7 жұмыс күнінен 3 күнге дейін қысқартылған.

 

«Kursіv.kz».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ