Тоқаев тоқетерін айтты ма?

03.04.2020
Қаралды: 377

2020 жылдың 31-наурызында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде орын алып жатқан жағдайларға қатысты Мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы мынадай мәселелерге тоқталып өтті:

 

Дәрігерлерге қосымша қолдау көрсетілетін болады

 

Пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүрген  дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне  3 ай бойы  қосымша үстеме ақы төленетін болады. Мұнымен қоса медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты. Президент ақ халатты абзал жандардың бұдан да зор қолдауға лайық екенін айтып өтті.

 

200 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді

 

Мемлекет басшысы инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдем­ақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін  10  пайызға  индексациялауды тапсырды. Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан  200 миллиард теңгеден астам қаржы  бөлінбек.

 

Сонымен қатар, алдағы уақытта табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілетін болады. Президент 42500  теңге көлеміндегі көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырды. Бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтін­дер де ие бола алады.  Осылайша 3  миллионға жуық адамға қолдау көрсетілмек. Бұл көмек белгіленген тәртіп бойынша шын мұқтаж адамдарға ғана беріледі.

 

Тегін азық-түлік беріледі

 

Енді мұндай көмек түрін  мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар  да иеленетін болады.  Тегін азық-түлік  сегіз жүз мыңнан  астам адамға берілмек.

 

Сонымен қатар, Президент Қ.Тоқаев мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын  1-сәуірден 1-шілдеге  дейін ұзартуды тапсырды. Соған байланысты медициналық көмек азаматтарға бұрынғыдай қолжетімді болып қала беретін болады.

 

Кәсіпкерлерге көмек көрсетілмек

 

Мемлекет басшысы  шағын және орта бизнеске қолдау  көрсету үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып отырғанын, кәсіпкерлерге көмек көрсету керектігін жеткізді. Ол әкімдіктердің жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде  6 ай бойы  кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюы керектігін айтты. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес өкіл­дерін биылғы 1-қазанға дейін  еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын  салықтан босатуды тапсырды. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды. 

 

Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көр­сетілетін болады. Ол үшін бюджеттен 70 миллиард  теңге бөлінбек. Ал көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапа­йым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард  теңге тағы бөлінеді. Президент ең алдымен шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн екенін атап көрсетті.

 

Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15 пайыз­ға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін  390 мың  тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады.

 

Қосымша қаражат төленеді

 

Президент карантинге байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының маңында еңбекке жарамды азаматтардың, әсіресе, жастардың көптігіне байланысты Үкімет пен әкімдерге осы аймақтарда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде нақты жобалар бастауы керектігін ескертті. Азаматтардың жабық шлагбаумның артында ақшасыз отырмауы тиіс екенін, олардың табыс көзі болуы керектігін айта келе, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жұмыс істеуге дайын азаматтарға жалақыдан бөлек, 2 минималды айлық көлемінде қаржы, яғни 85 мың теңге берілетінін атап өтті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде жұмыспен қамтылғандардың барлығы да жұмыс берушінің тарапынан жайлы еңбек шарттарымен және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі міндетті.   

 

Банктер халықты қолдауға тиіс

 

Мемлекет басшысы: «Қазір кәсіпкерлердің көбі төтенше жағдай уақытында несиеге пайыз қоспауды сұрайды. Бұлай болса банктердің өзі де шығынға батады. Банктер де біздің экономикамыздың ажырамас бір бөлігі. Сол себепті мен тағы да екінші дең­гейлі банктерді конструктивизмге, азаматтық жауапкершілікке шақырамын. Банктер қиын жағдайға тап болғанда мемлекет оларға айтарлықтай көмек көрсетті. Ал қазір сіздерден халыққа және отандық бизнеске қолдау керек болып тұр», – деді президент.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев қажет болған жағдайда мемлекет қосымша директивті шаралар қабылдайтынын жеткізді. «Егер жағдай ары қарай ушықса, Үкімет пен қаржылық реттеу­шілер аталмыш мәселені шешу шараларын қабылдайды», – деді Мемлекет басшысы.

 

Сөз соңында Президент мұның уақытша қиындық екенін, ешкімді көмексіз қалдырмайтынын айтып, халықты шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік  танытуға шақырды.

 

Дайындаған – М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ