Жәмилаға жәрдем берейікші! (видео)

29.08.2016
Қаралды: 3294

Мына суреттегі жап-жас қыз бүгінде болашаққа деген жоспарлары мен армандарын жүзеге асыру мақсатында мамандығы бойынша еңбек етіп жүрген болар еді. 

Әттең, Жәмиланың оған мүмкіндігі жоқ. Осыдан екі ай бұрын ғана 24-ке толған бойжеткен екі жылдан бері жасанды бүйрек аппаратына тәуелді. Өйткені Жәмила Байсерікованың қос бүйрегі бірдей істен шыққан.

Дәрігерлер диагнозын таба алмапты

«Қызым мектепте жақсы оқыды. Өз күшімен оқуға түсіп, ағылшын тілінің маманы болды. Дипломын алып келгенде үй-ішімізбен қуандық. Жақында жұмысқа тұрады деп қуанып жүргенде кенеттен төсек тартып жатып қалды. Қызуы қатты кө­те­ріліп, қиналып бара жатқан соң дәрігер шақырт­қанбыз. Жағдайының ауыр екенін бағамдаған учаскелік дәрігер дереу Арыстағы ауруханаға жатқызды. Ондағы он төрт күнде қызым екі рет жансақтау бөліміне түсті, – дейді анасы Құрманкүл Құлмырзаева. – Арыстағы дәрігерлер алғашында оны соқырішек деп, ота жасамақ болды. Басқа да дәрігерлер қарап, әрқайсысы әртүрлі болжам айтқанымен нақты диагнозды ешқайсысы таба алмады. Бұл аралықта Жәмила сөйлеуден қалып, өзі әбден әлсіреп, тіпті қан кете бастады. Оны алғашында «айлық белгі» деп ойладық. Қан тоқтамаған соң: «Қызыңыз жүкті. Баланың түсу қаупі бар, содан қан кетіп жатыр», – деп бір дәрігер тағы жылатты. Не дегенмен анасымын ғой, қызымның аяғы ауыр болмақ түгілі, жігітпен жүрмегенін айтып шырылдадым.

Содан аудандағы дәрігер­лер облыстан маман шақырт­ты. Облыстық клиникалық ауруханадан келген нефролог Болсынов Ыдырыс өте білікті жан екен. Қызымның жағда­йымен танысқан ол Жәмиланың екі бүйрегі бірдей істен шыққанын айтты. Сөйтіп жедел түрде облыстық клиникалық аурухананың өзі бас­қаратын жасанды бүйрек бөлімшесіне алып кетті. Осылайша қызым бір-ақ күнде бірінші топтағы мүгедек болып шыға келді».

Содан бергі екі жылға жуық уақыттан бері Ж.Бай­серікова күнара гемодиализ аппаратына «таңылады». Әлсіреп, жүріп-тұруы қиындаған оның ауруханаға жетуі де мұң. Сонау Арыс қаласынан күн аралатып Шымкентке жету қиын бол­ғандықтан анасы екеуі қаладан пәтер жалдап тұрып жатыр екен. Коммуналдық шығындарды қосқанда, оған айы­на 45 мың теңге шамасында ақы төлеуі тиіс.  Қызының мүгедек­тігі үшін айы­на алатын 40 мың теңге ақшасы өз дәрі-дәрмегіне де жетпейді екен. Сондықтан киім-кешек пен азық-түлік жағынан да таршылық көріп отырған жайы бар.

Донор дайын, ақша жоқ

Дегенмен Жәмила мен оның анасын алаңдатып отырған мәселе бұл емес.  Дәрігерлер оған тезірек донор табу керектігін айтыпты. Жәмиланың өмірін тек бүйрек алмастыру операция­сы ғана құтқарып қала алады. Оның бағасы бүгінде 30-50 мың доллар. Әйтсе де Жәмилаға бір бүйрегін 5 миллион теңгеге беруге дайын азамат табылыпты. Оның қан тобы мен бүйрекке баратын тамырлардың көлемі Жәмиланыкімен бірдей. Қолбайлау болып тұрған қаражат жағы ғана.

«Қайырымды адамдар, көмектесіңіз­дерші, менің өмір сүргім келеді! – деп жылаған Жәмиланы біз қалай жұбатарымызды білмедік. «Қазіргідей күн ыстықта аузың кеуіп тұрғанмен мейірің қанып, шөліңді қандыра су іше алмау қандай азап! Дәретке өзің шыға алмау да қиын екен. Күнара төрт сағаттан гемодиализде жатқанда қатты әлсіреп, жүре алмай қаламын. Буындарым да ұстамай, әлсіздіктен дірілдеп кетемін. Қадам аттасам ентігіп, дем алуым ауырлайды. Терім де құрғап, қабыршақтанып кетті.

Гемодиализ жүректі «отырғызады» екен. Диализге баратын адамдардың ең жасы мен ғана. Қалғандары 60 – 75 жас аралығындағы жандар. Аппаратқа «байлан­ғандар­дың» арасында екі жылдан кейін бірден жүрегі тоқтап, көз алдымда «ана дүние­ге» кетіп қалып жатқандарды көргенде қатты шошынамын. Менің жазылғым келеді. Дәрігерлер де ағзаң жаңа бүйректі жақсы қабылдауы тиіс, одан соң тез оңаласың деп жатыр. Анализдер мен операцияны тегін жасайтын болды. Бірақ оған бізде ақша жоқ», – дейді Жәмила.

Алдап, ақшасын алып кеткен

Өткен ораза айында республикалық бір телеарна Жәмиланың жағдайын жаңалықтардан көрсетіпті. Көп ұзамай Жаңаөзен қаласынан бір азамат хабарласыпты. (Аты-жөнін әдейі атамай отырмыз). Өзі де ұл-қыз өсіріп отырғанын айтқан ол Жәмиланың суреті басылған плакатты жергілікті жердегі мешіт жанына іліп, жұрттан қаржы жинауға уәде еткен.

«Жиі хабарласып тұратын еді, ораза біткен соң «звондамай» қойды. Сосын өзім қоңырау шалып едім: «Кешірші, Жәмилаға деп жиналған ақшаны имамдар жалақыға бөлісіп алыпты. Соны айтуға ұялып жүрмін. Содан қалған 9 мың теңге бар, ертең салып жіберемін», – деді. Сол 9 мыңға азық-түлік алайық деп едік, жарты ай болды, ол ақшаны да салмады», – дейді Қ.Құлмырзаева.

Одан кейін Алматы қаласынан бір азамат хабарласыпты. Қайырымдылық қорында істеймін деген ол Жәмилаға 300 мың теңге аударатынын айтыпты. Тек ол ақшаны «Казкоммерцбанк­тен» «Халық банкіне» аудару үшін 12 мың теңге төлеу керек деген. Екі күннен кейін ол қаржының 700 мыңға өскенін айтып,  «банк қызметіне» 21.500 теңге аудартқан. Тағы бірнеше күннен кейін 1 миллион соманы айтып, 25 мың теңге алады. Содан кейін ұялы телефонын сөндіріп, ұшты-күйлі жоқ болған. Ал Қ.Құлмырзаева Көпесов Ұлықпан Кәрібасұлының атына аударған ақшаларының түбіртегін құшақтап қала береді. Құқық қорғау органдарына шағымданайын десе қызын бір сәтке де тастап кете алмайды.

...Иә, алаяқтарды Алла жазаласын! Бәлкім, бұл мақаланы оқыса, құқық қорғау органдары іс қозғайтын шығар деп те үміттенеміз. Ал Жәмилаға көмек керек. Оның «Халық банкіндегі» нөмірі: 6762 0035 1804 5629. (ИИН 920619402129).

Жәмила Байсеріковаға 8-705-150-13-63 телефоны ар­қылы хабарласуға болады.

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ