Өзіміз түк те өндірмейді екенбіз ғой

02.04.2020
Қаралды: 210

Аты жаман індет бізді кәдімгідей есеңгіретіп тастады. Адамдар қаланы тастап, ауылдарына қашты. Қауіп қалада көп екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

 

Азық-түліктердің дені сырттан тасымалданатындығы да белгілі болып қалды. Өзімізде көп нәрсе жоқ екен. Азық-түліктің қымбаттауы да соның себебі болса керек. Бұл жағдай ауылшаруашылығын, оның мал, егін мен құс шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндік деп ойлаймын.

 

Мемлекет төмендегі шараларды қолға алса игі. Яғни жаңадан арнайы мемлекеттік қаржыландыру операторы (несиелеу институты) құрылуы қажет. Немесе қолданыстағы оператордың жүйесін қайта трансформация­лап, соның тетіктерін пайдаланған дұрыс.

 

Сонымен, несиелендіру былайша болса дейміз:

 

- Ірі қара сатып алып, бордақылауға 3%-бен 5 жылға дейінгі мерзімге;

- Жылқы сатып алып, бордақылауға 3% - бен 5 жылға дейінгі мерзімге;

- Ұсақ мал (қой, ешкі) сатып алуға 2% - бен 4 жылға дейінгі мерзімге;

- Үй құсын сатып алуға 2% - бен 3 жыл­ға дейінгі мерзімге;

- Жылыжай шаруашылығына 2% - бен 5 жылға дейінгі мерзімге;

- Жер жыртып, егін егуге (бидай, жүгері, жоңышқа, мақсары, картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз, баклажан, болгар бұрышы, асқабақ, ноқат, қызылша, күріш және т.б.) 3%-бен 7 жылға;

- Ауылшаруашылығы техникасын сатып алуға 6% - бен 7-8 жылға.

 

Аталған мақсаттарға несиенің кепілзатсыз берілуін қарастырған жөн және берілген қаражаттардың мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауға алынуы қажет. Несие қаражаты мақсатсыз пайдаланылған жағдайда алушы алған несиесінің сомасын ғана қайтаруы тиіс және ешқандай өсімпұл қосылмауы керек. Төмен пайыздық несиелер бере отырып ауылшаруашылығы саласын нық аяққа тұрғызуға және субсидиялау дегеннен толық құтылуға болады.

 

Тағы бір мәселе – ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеп, дайын өнім шығару бағытына серпіліс беру. Айран, сүт, қаймақ, сүзбе, шұжық, жұмыртқа, ұн, макарон, май, қант, күріш және басқа да өнімдерді шығаратын кәсіпкерлерді қолдау керек.

 

Д. БОЛЫС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ