Кореядағы қазақ қызы ондағы ахуалды айтып берді

02.04.2020
Қаралды: 155

Әлемді жайлаған індет біршама мемлекетті әбігерге салып қойды. Соның бірі – Оңтүстік Корея. Өкінішке орай, аталған аймақта 9000-ға жуық адам коронавирус жұқтырып, 100-ден астам адам осы дерттен көз жұмған. Дегенмен ғаламтордағы мәліметтер сандар көрсеткішінің едәуір төмендеп келе жатқанын көрсетеді. Бұл Оңтүстік Кореяның қауіпті дертті ақырындап ауыздықтай бастағанын байқататындай.

 

Маскамен жүру қатаң қадағаланады

 

Шымкент қаласының тұрғыны Берекет Заманханова Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында орналасқан универ­ситеттердің бірінде тіл курсын оқиды. Ол ең алғашқы рет коронавирустың өршуі Тэгу қаласынан басталғанын айтады. Кореядағы ахуалды білу мақсатында біз оның өзімен тілдескен едік.

 

– Алғашында мұнда тәулігіне вирус жұқтырған 700-800 адам тіркеліп жатты. Сол кездері күніне екі рет қанша адамның коронавирус жұқтырғаны, нешеуінің карантинде жатқаны, қаншасының қайтыс болғаны туралы барлық ақпарат хабарлама ретінде телефонымызға келіп отырды. Әрине, бәрі де дүрлікті, қорықты, бірақ та бұлар Үкіметтің барлық ескертпе ережелеріне құлақ асты, халық кәдімгідей тәртіпке бағынды. Халыққа Үкіметтен маска киіп жүру керектігі туралы хабар жеткен соң, халық оны 100 пайыз орындады деуге болады. Себебі көшеде маскасыз жүрген адамды көр­медім. Сырттан тамақ ішіп үйренген кәрістердің ешбірі де сол аралықта көшеге шыққан жоқ. Барлығы түгел дерлік қауіпсіздік шарасын сақтады.

 

Тэгу қаласы ғана карантинге жабылғанымен, сақтық шаралары барлық аймақта қолға алынды. Көпшілік орындар­ға маскасы жоқтарды мүлде кіргізбеді. Университетке де біз тек маскамен ғана кірдік. Ол жоқ болған жағдайда сол университеттің әкімшілігіне барып, тегін маска алуға рұқсат берілді. Сабақ басталар алдында және әрбір үзілістен кейін студенттердің қолды тазалап кіруін мұға­лімдер қатаң қадағалап отырды. Ол үшін арнайы антисептиктер қойылған. Кіре­берісте міндетті түрде температураны тексеретін адам отырады.

 

Сонымен қатар, мұғалім мен студент­тер арасында да ара қашықтық сақталды. Олар мұны: «Бұл – жоғарыдан келген бұйрық. Анда-мұнда барып жүрген­діктен, біздің ауру таратушы болып шығуымыз әбден мүмкін. Сондықтан сақтық шарасы ретінде біз сендерге жақындай алмаймыз, бұған түсіністікпен қараңдар», – деп түсіндірді. Мұғалімдер қазіргі ахуал­дың қаншалықты күрделі екенін бізге барынша жеткізуге тырысты.

 

Мұндағы сауда орталықтарында арнайы сұйықтықтар қойылған. Ішке кірерде сонымен қолды ғана емес, азық-түлік салатын арбаның ұстайтын жерін де жақсылап тазалау керек. Кассада төлем жасаған соң да, антисептикпен қол шаю­ға міндеттісіз.

 

Ауруханаға барғандар үшін де сол ереже. Алдымен температураны тек­середі, маскасы жоқтарға тегін маска береді, әрбір келушінің антисептикпен қолын жуып кіруін қадағалайды. Содан соң ғана ішке жібереді.

 

Әрбір тұрғын үйдегі лифтілердің жанында да антисептиктер қойылған. Таусылғанын дереу ауыстырып тұрады. Қазір эпидемия басылып келе жатыр десек те, көпшілік орындарда антисептиктер әлі күнге дейін бар, халық әлі де бетпердемен жүр, – дейді ол.

 

Коронавирус жұқтырғандар туралы ақпарат айқын

 

Берекет осы вирусты жұқтырып, ауруханада жатқан адамдардың жалақысы туралы да айта кетті.

 

– Індетпен ауырған жұмысшының жалақысы тоқтамайды, оның 130 мың вон, яғни 100 доллар көлеміндегі бір күндік жалақысы есепшотына күнделікті түсіп тұрады. Негізі бұл елде ем алу ақылы, тек сақтандыруы бар адамдарға ғана аздаған жеңілдік бар. Дегенмен, осы жағдайда басшылар заңды және заңсыз жүрген барлық шетел азаматтарына қажетті ем-шаралардың мемлекет есе­бінен болатынын ескертті.

 

Сонымен қатар, «Corona alіmі», «Corona 100 m» атты телефонға жүктейтін бағдарламалар пайда болды. Онда Кореяның картасы бейнеленген және соңғы екі аптада коронавируспен ауырған адамның қай жерлерге барғаны көр­сетіліп тұрады. Оның қай күні, қай уақытта қай дүкенге, қай мекемеге барғаны, қай автобусқа қаншада мініп, қаншада түскені туралы бүкіл ақпарат беріледі.

 

Егер ауырған адам қандай да бір ғимаратқа кірген болса, ал мен сол аймаққа жақын жерде жүрген болсам, сол бағдарлама арқылы менің телефоныма «Бұл жерде коронавируспен ауыр­ған адам болған, жақындама» деген секілді ескертпелер хабарлама түрінде келіп отырады. Мұнда полиция коронавируспен ауырған адамның соңғы екі апта ішінде қай жерлерде жүргенін оның телефоны мен банк карталары арқылы анықтайды. Онымен байланыс­қа түскендерді дереу тауып, карантинге жібереді. Бұларда барлығы ашық әрі айқын.

 

Өз басым, коронавирустың өршуін осындай сақтық шараларын қолға алудың арқасында тоқтатты деп ойлаймын. Әйтпесе, екі аптада статистика өте қатты өсіп кеткен еді.  

 

Әрине, бұл жақта да масканың тапшылығы орын алды, қымбаттаған да жағдайлар болды. Біреуінің өзі біздің ақшамен есептегенде 1500-1600 теңгеге дейін барды. Сол кезде адамдар әр аймақтың өзінің поштасына барып тір­келіп, құжаттарын көрсетіп қана маска ала алды. Әр азаматқа күндігіне екі бет­пердеден сатылды.

 

Маскалар дәріханаларға енді-енді ғана келіп жатыр. Ал азық-түлік тапшылығын немесе қымбаттағанын байқамадым.

 

Қазір смартфонға да хабарламалардың келуі тоқтады. Бұл қауіп-қатердің сейілгенінен болар деп ойлаймын», – дейді ол.

 

Корея коронавируспен осылай күре­сіп жатқан көрінеді. Бұдан біз де өзімізге сабақ алуымыз керек-ақ.  

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ