Қол беріп амандасуды тоқтатайық

02.04.2020
Қаралды: 174

Қазақта «ауру айтып келмейді» деген сөз бар, бірақ бұл індет осыдан үш-төрт ай бұрын бас көрсетті. Яғни алдын-ала айтып келді.

 

Қазір қытайвирусы әлемді жайлады, Еуропаның дамыған Италия, Испания сияқты елдері бұған еш шара жасай алмай, өлген адамдарын крематорий пештеріне тасып үлгермей жатыр. Біз болсақ шекараны әзер деп жаптық, дегенмен әлдебіреулер әлі де саңылау тауып, әрлі-берлі саудасын жасап жүруі де мүмкін. Оның үстіне күні бүгінге дейін әуе қатынасын жапқан жоқпыз, Президент шектеу туралы ғана айтты. Ендеше біздің арамызда бұл ауруға шалдыққандар толып жүр деген сөз. Иммун жүйесі мықтылары жүре береді, сөйтіп вирус үш күнде мемлекет бойынша екі еселеніп шыға келеді. Егер карантин болмаса, ауру саны геометриялық прогрессия жолымен бір жарым айда бүкіл халықты қамтиды.

 

Медицинамыздың жағдайы әркімге де аян, сын көтермейді, жайшылық уақытта дәрігерге бір ай бұрын жазылмасаңыз, сізге ем жоқ. Кәдімгі қарапайым тұмша (маска) әлі тапшы. 

 

Бұл індет бірнеше жолмен тарайды. Соның ішінде көп тарайтын жолдары –  ауа және қол алысу арқылы. Қазақта біз ескере бермейтін бір сөз бар – ол «бой сақтау» делінеді, яғни дистанция ұстау. Біз енді аурудан бой сақтауды, қорғануды үйренуіміз керек.

 

Ерте уақытта біздің ата-бабаларымыз оба шыққан үйді Құдайға тапсырып, жұртта тастап, ауыл-ел болып басқа жаққа көшіп кететін болған. Этнографиялық әдебиеттен оқысақ, оба шыққан үйден бір адам жақындаса, саулары садақтарын кезеніп, жақындатпайды, тіпті болмаса атады. Бұл мыңдаған жылдар небір жұқпалы ауруды бастан өткізген, талай рет қара шыбындай қырылған халқымыздың амал жоқтықтан жасайтын шарасы. 

 

Енді қол алысып амандасу туралы. Бұл біздің ежелгі дәстүрлеріміздің ішінде қаншалықты маңызды болғанын айта алмайын, бірақ сәлемдесудің негізгі түрі емес. Ертеде хан-сұлтандарына, төрелеріне қазақ қолын кеудесіне қусырып, алыстан: «Алдияр, хан ием», – деп сәлемдескен. Олар болса сәлемдескен жақтың жасы үлкенінің иығына алақанын тигізеді, қожаларына: «Алдияр, тақсыр», – дейді. Қазақтың жасы қатар, сыйлас азаматтары бірін-бірі көптен көрмесе қол беріп емес, кеуде түйістіріп амандасады. Қазіргідей күнде көріп жүрген адамын құшақтап, көрісіп, бір-бірінің қолын сілкілеп жатпайды. Амандасқан уақытта сүйісу ол заманда қазақтың еркегі түгілі, әйелдерінде де болмаған, тек бойжеткен қыздар ғана бір-бірін жақсы таныса, жақын туыс болса, көптен көрмесе амандасқанда беттен сүйеді. Қоштас­қан уақытта қол беру немесе адамды жерлеу кезінде қол беру деген тіпті де болмаған, ол үлкен айып болып есептеледі.

 

Қол беру қазақ арасында үш жағдайда қолданылады:

 

Біріншіден, пірге қол беру, яғни діни ғұрып шеңберінде, өзіңнің ұстазыңды таңдап алсаң соған қол беру. Екіншіден, сауда, не айырбас жасаған екі адам, алыс-беріс болған соң: «Мә, береке, бер қолыңды», – деп уағдадан таймасқа бір-біріне қол беріседі. Үшіншіден, екі жақ бір дау болып, содан кейін не өзара, не би алдында салауат айтылып, қарындас болып, бітімге келетін болса, бір-бірімен енді дау шығармасқа уәде етіп қол алысады.

 

Амандасқанда қол беру бізден тым ерте замандарда бөлініп кеткен жапон халқында жоқ, қандай жағдайда да кеудесіне екі қолын қусырып, басын иіп амандасады. Ол күнгей қазағының «келін-сәлем» деп жүргеніне үқсайды. Шындығында бұл сәлем түрі ертеде ер азаматтардың бір-бірімен амандасуынан бүгінгі күнгі сақталған түрі. Күні кешеге, яғни ХХ ғасыр басына дейін Арқа қазағында қайын жұртына келген күйеу қыз жеңгелеріне, ата-енесіне осылай тәжім жасайтын. Нағыз келін-сәлем оң тізесін бүгіп, оң білегін тізесінің үстіне қойып, алақанын жоғары қаратып салынады. Бұл байырғы дәстүрді қиыр батыста адай, қиыр шығыста қызай келіндері әлі де қолданып жүр.

 

Сонымен біз ежелгі дәстүрімізге қайта оралайық, бір-бірімізге қолымызды алып жүгіргенді қояйық. Мен ондаған жылдар қай оқу орнында жұмыс істесем де студенттер мен жас ғалымдардан талап ететінім осы. «Алыстан оң қолыңды кеуде тұсыңа апарып: «Ассалаумағалейкүм!» – десең болды, айналайын, маған одан басқа ештеңе керек емес», – деймін.

 

Расында да біреуінің алақаны терлеп тұрады, оны былш еткізіп саған жаға салады, біреуінің қолында жарасы болады. Жалпы, қол беріп амандасу гигиенаға еш келмейтін, Еуропада ортағасырлық қараңғылық кезінде, рыцарьлар ішінде өрістеп кеткен сәлем түрі. Міне, қолымда қаруым жоқ деген белгі.

 

Совет заманында біздің бәріміз теңелдік те, қол беріп амандасу қазақ ішінде міндетті болып шыға келді. Қазақ қол беріп амандасуды міндеттемейді, ең бастысы, дауыстап, батыл амандасу шарт. Этнографияда дауыстап сәлем беруді вербалды қарым-қатынас түріне жатқызады, біз де соған көшкеніміз дұрыс. 

 

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ