Италияның кебін кимеуді ойлайық

02.04.2020
Қаралды: 107

Бұл – Италия. Адамдар супермаркетте кезекте тұр. Бұл суретте тек вирустан сақтану ғана емес, сонымен бірге жауапкершілік, саналылық пен тәртіп деген ұғымдарды анық көруге болады. Адамдар бір-біріне 3 метр қашықтықта тұру арқылы вирус жұқтыруды азайтады.

 

Яғни вирус жұқтырмаса, онда ол отбасына, достарына, туыстарына да жұқтырмайды деген сөз. Бұл жақындарына деген сүйіспеншілік деп аталады. Бұл – тәртіпке бағыну. Тәртіпке қаншалықты тез бағынып, қаншалықты тез шара қабылдаса, бұл індет соншалықты  тез ауыздықталады. Демек әр адамның әрекеті маңызды және әр адам бұл індетті жеңудегі пазлдың бір бөлшегі. Соны ұғынған. Санасымен түсінген.

 

Біздің қоғамға осы қасиеттер жетпей тұр. Жауапкершілік, тәртіп пен саналылық жағын айтамын. Пандемия кезінде: «Үйде отырып іш пысты, достарыма барып келейін», – деу саналы адамның сөзі емес. «Вирус деген жоқ, Түркиядағы таныстарым, Египеттегі достарым айтты. Кеше ғана шетелден келдім, маска тағып жүрген адам жоқ», – деген сөз «homosapіensтің» аузынан шығуы мүмкін бе?! Менің ойымша, жоқ. «Ой, Құдай сақтасын», «Басқа салғанды көреміз», – деп жүре беру, блок-посттарды бұзып өтуге тырысу, карантиннен қашу ХХІ ғасырдың адамына тән әрекеттер емес сияқты көрінеді.

 

Үйде отыру қиын ба? Бар бол­ғаны үйде отыру! Қауырт шаруа, күр­делі жұмыс кү­тіп тұрмаса, далаға шыға берудің қажеті жоқ. Таза ауа жұту үшін аз уақытқа – күніне бір сағат далада серуенде. Бір ай. Бар болғаны бір ғана ай. Сосын бұрынғы өмір тәртібіне қайтып ораламыз. Карантин ережесін сақтасақ, ол тез бітеді, өйткені вирус тез ауыздықталады. Осыны түсіну қиын емес қой. Италияның кебін кимеу үшін бүгінгі жүріс-тұрысымызды жөндейік. Бәріміз! Сіз, мен, ол. Індет қылжақтық пен қыңырлықты, қателікті кешірмейді. Біздің бүгінгі әрекетіміз отбасымыз бен жақындарымыздың амандығының бір кепілі екенін ұғынайық. Қоғам, отбасы, мемлекет, ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінейік.

 

А. ҚАСЕНҒАЛИ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ