Жапондарға вирус жұқпай ма?

02.04.2020
Қаралды: 267

Бүкіл әлем төтенше жағдай режиміне көшіп, карантин жариялап жатыр. Ал Жапонияда мұның бірі де жоқ. Қайта бұл ел үш апта бұрын жарияланған білім мекемелеріндегі карантинді тоқтатып, ондағы оқушылар сәуір айынан бастап мектепке баратын болды.

 

Бұл қалай? Қазір бүкіл әлем аса бір қажеттілік тумаса үйден шықпаңыздар деп шырылдап жатқан жоқ па? Басқаны былай қойғанда, кейбір елдердің президенті, министрлердің өзі қолды жуудың дұрыс жолын көрсетіп, елді сақтыққа, тазалыққа шақырып жатыр. Адам көп шоғырланған жерге бармақ түгілі, ауада тараған вирустан аман болу үшін үйден шығудың өзі қауіпті болып тұрғанда Жапонияның мұнысы несі? Әлде жапондықтарға вирус жоламай ма?

 

Токиода тұратын Владимир Белоусов деген азамат мынадай қызық мәліметтермен бөлісіпті:

 

1. Бұрын-соңды Жапонияда бол­ған адам ол елдің адамдары тазалықты  өте қатты сақтайтынын бірден байқайды. Бұл елдің халқы күніне кемінде үш рет душ қабылдайды және барлығы соған әдеттенген. Сәт сайын қолды жуу олар үшін бұрыннан қалыптасқан дағды. Онда ауаның өзі сондай таза, қандай да бір иіс болса, ол жаныңыздан өткен адам сепкен парфюмнің жағымды иісі ғана және ол тез тарап кетеді.

 

2. Жапондықтар киімдерін жиі ауыстырады. Ал ішкиімін күніне бірнеше рет ауыстыру «үйреншікті ережеге» айналған.

 

3. Ол елде адамдар бір-біріне қол тигізбейді. Қол алысу, құшақтасу тұрмақ, жай ғана жанасудың өзі интимдік әрекет саналады. Олардың амандасуы да, сыйлау, құрметтеуі де – иіліп тағзым ету.

 

4. Білесіз бе, Жапонияда ешкім ешқашан жаныңда жабысып, артыңда тіреле тақасып, тап желкеңде демалып тұрмайды. Дүкен кассасы немесе банкомат кезегі, қоғамдық көлік күту, кіру мен шығу сынды жайлардың барлығында арақашықтық сақтау оларда бұрыннан  қалыптасқан, санаға сіңіп кеткен тәртіп. Олар вируссыз да бір метрден алшақ қашықтықты сақтайды.

 

5. Эпидемиясыз-ақ бүкіл елде жыл бойы, әр күні барлық қоғамдық орындар мен көліктер мұқият санитарлық тазалаудан өткізіледі. Күні-түні бактерияға қарсы сұйықтық себіліп тұратын жерлер көп. Және мұның бәрі адамның араласуынсыз, автоматтандырылған жүйемен жасалады. Мысалы, эскалатор лентасы төмен түскен кезде, қайтадан жоғары көтерілгенше онда арнайы орнатылған дезинфекциялық сұйықтықпен жуылып, кептіріліп үлгереді.

 

6. Елдегі барлық әжетханалар тегін. Олардың тазалығы мен жабдықталуы қандай десеңізші! Әжетханаларында сабын мен су, сүрткіштер ешқашан таусылған емес. Оны айтасыз, әжетханаларда ішкиім, шұлық, керек болса киіміңді толық ауыстырып алуға арналған бөлмелер бар.

 

7. Азық-түлік сататын дүкендердің бәрінде қол жуатын раковина мен сұйық сабын құрылғысы орнатылған.

 

8. Барлық нәрсе – ас, тамақ түрлері түгел герметикалық қаптамамен қапталады. Көкөністер мен жемістер де мөлшеріне қарай полиэтилен пакеттерде болады. Ашық-шашық тұрған зат таппайсыз.

 

9. Ауырып қалған, мазасы қашқан адам тұмау, жұқпа деп жатпай-ақ міндетті түрде тез арада маска тағады. Ауруды өзгеге жұқтырмау әрбір жапондықтың азаматтық борышы саналады.

 

10. Олар шет елдерге шыға бермейді, оны ұнатпайды да. Өз үйі, өз отанынан тыс жерлерді олар қауіпті, қорқынышты көреді.

 

11. Азық-түлік сапасы сондай жоғары, сақтау мерзімі өте қысқа. Таза, жаңа дайындалған тағам, жемістер жаңа ғана жуылған қалпында сақталатыны сондай, ала салып жей беруге болады. 

 

12. Олар өте көп қозғалады. Спортқа негізделген белсенді ойын түрлері, таза ауада көбірек жүру жас баладан жасы келген қартына дейін қанына сіңген қалыпты жай. Сондықтан таң атқаннан күн батқанша сергек те жайдары жүреді.

 

13. Өмірімде қарны қампайып, бұғағы салбыраған жапондықты көрмеппін. Жасы да, жасамысы да тартылған сымдай арықша келген, еңкіш тартпай түзу жүреді, дене бітімі сымбатты. Және әрбірі өз жасынан әлдеқайда жас көрінеді. Өйткені олар тамақты әрдайым мөлшермен, аз-аздан жейді. Жаңа туған баланы да бірінші күннен осыған үйретеді.

 

Яғни бүкіл әлем төтенше жағдай мен карантин кезінде ғана қатаң қадағалайтын ережелер Жапон халқы үшін тиісті тазалық пен қалыпты өмір сүру дағдысы іспетті. Сол үшін олар балаларды мектепке жіберуден мүлде қорықпайды. Меніңше, әлем Жапониядан үлгі алуы керек!

 

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ