Біз вирус туралы емес, өзіміз туралы көбірек айтайық

31.03.2020
Қаралды: 279

Михаэль Лайтман – каббала ғылымын зерттеуші израильдық ғалым. (Каббала – еврей эзотериялық философиясы). Ол Youtube әлеуметтік желісінде ресейлік режиссер С.Винокуровпен болған сұхбатында қазіргі әлемге етек жайған індеттен қорқудың қажеті жоқ екенін түсіндіруге тырысады. Ғалым бұл туралы былай дейді: 

 

«Сен отыр да ойлан, өзіміз қолдан жасап алған осы өмірден басқа қандай өмір болуы мүмкін? Бұдан басқа да өмір бар. Құлап не сүрініп қалғанша жүгіре бермей, кім үшін, не үшін өмір сүріп жатқаныңды түсіне бастаған кезде ғана сен оны байқай бастайсың. Коронавирустың қайдан келгені қазір маңызды емес, бірақ біз бұған жақсы нәрсе деп қарайық. Себебі, вирус бізді тоқтатуда. Ол: «Адамдар, Жер тұрғындары, тоқтаңдар! Жер шарын қандай күйге жеткізгендеріңе қараңдар! Сендер жер бетіндегі барлық тіршілікті жоюдасыңдар! Өздеріңді дүниеге әкелген, өсірген, жетілдірген табиғат әлемінің түбіне жеттіңдер!» – деп жатыр.

 

Бұл вирус адамзатты әлемдік соғыстан құтқарып қалды. Соған жақын қалған болатынбыз. Егер вирус болмағанда біз таяу уақытта тек соғысар едік. Сол үшін вирусқа алғыс айтуымыз керек.

 

Вирус туралы айта берудің қажеті жоқ. Біз оданда да өзіміз туралы айтуға тиіспіз. Одан қорғанудың жолдарын емес, оның көмегімен өзімізді қалай өзгерте алатынымызды сөз етуіміз керек. Вирустың өзіңді неліктен жанұяңмен бірге жабық бөлмеге қамап қойғанын ойлан. Сен неше жылдан бері отбасыңды жақын танудан қалған боларсың? Ал қазір әйеліңді, бала-шағаңды көзге іле бастайтын мүмкіндік туды.

 

Осыған дейін бізге вирустар келмеді ме? Тұмаудан, тағы да басқалардан адамдар көз жұмбады ма? Біз тек ол туралы көп айтпадық. Өйткені жыл сайын адамдардың қандай да бір бөлігінің қайтыс болатыны қалыпты көрінетін. Қазір де болмашы пайызды құрап отыр. Яғни біз қалыпты жағдайға бола шу көтеріп отырмыз. Бала бұзықтық жасағанда анасы бір сілкіп алып, жынын басатыны секілді вирус та адамдарды сілкіп алу үшін пайда болды. Бұл – әлемнің қаржылық немесе психологиялық емес, адамзаттың өздерінің не үшін өмір сүріп жатқанын тереңірек саралайтын идеологиялық және рухани жаңаруы», – дейді ол.  

 

Ары қарай ол вирус адамзатты ашкөздіктен құтқаруы мүмкін құрал екенін айтады.

 

«Біз бұған вирус ретінде емес, біздің қандай сұмдық әлемді қолдан жасағанымызды, қаншалықты топастана бастағанымызды, құлға айналғанымызды көр­сететін күш деп қарауымыз керек. Әйтеуір тіршілік етіп жатырмыз. Таңертең көлікке жүгіріп, оталдырып, екі сағат кептелісте тұрып, жұмысқа барамыз. Сол кө­ліктің жанармайын құйып, үйге қайта келу үшін жұмыс істейміз. Кешкісін үйге ке­леміз де, теледидардан мән-мағынасыз бағдарламаларды көреміз. Ертеңіне тағы солай, әйеліміз де дәл сөйтеді. Ал балалардың немен айналысып жатқаны белгісіз, әйтеуір өзіміз жұмыс істеу үшін ақша төлеп жіберетін үйірмелерде жүреді. Сөйтеміз де сол үйірмелерге ақша төлеу үшін жұмыс істейміз. Бұл болып жатқанның бәрі де сұмдық нәрсе. Жанталасып өмір сүретін әлемді өзіміз әдейі жасадық. Ал енді оны қалай өзгерту керектігін ойлану керек. Вирус бізге осы жағынан көмектеседі. Көмек­тессін деп тілейік.

 

Осы сәтті дұрыс пайдалана алмай қаламын-ау дегеннен өзге қорқыныш болмауы тиіс. Не үшін өмір сүріп жатқанымызды, өмірімізді қалай өзгерте алатынымыз жайлы ойланайық. Қайдағы бір вирустың кенеттен бізді салмақты, сабырлы, үйде отыратын адам ете алатынын көріп отырмыз. Ақшаны да, байлықты да басқалардың алдында менмендігімізді көрсету үшін өзіміз ойлап таптық. Басқаша ойлана­йықшы. Өзімізді ең қажетті деген нәрселермен ғана қамтамасыз етейік. Сонда бәрі де қалыпқа келеді.

 

Біз өзімізді құртатын өзімшілдіктен әлдеқайда жоғары тұруымыз керек. Өзімшілдік бізге әлемді тек тәніміз арқылы ғана сезінуге мүмкіндік беруде. Егер әлемді ішкі жан дүниеміз арқылы сезіне білсек, дүниеге басқаша қарайтын боламыз. Осылайша шынайы бақытты бола аламыз. Миллиардтар бәрібір жоғалады. Адамға сол кезде дұрыс тағам мен дұрыс киім-кешектен, өз жанұясынан басқа ештеңе керек болмай қалады. Біз: «Көршіде жаңасы бар, менде ескісі ғана», – деп қолдағы барды лақтыру үшін жұмыс істейміз. Дүние-мүлікті жаңарту үшін ғана жұмыс істеуді доғару керек. Адамдар осындай күйге жетеді деп сенемін, ал бұған бізге табиғат көмектеседі. Олай болмаған жағдайда өзімізді өзіміз жойып тынамыз» – дейді ол.

 

... Михаэль Лайтман індет атаулының жалпы адамзатқа осындай пайдасы бар екенін айтады. Тек мұны дұрыс түсіне білу керек сияқты.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ