«Алтын адамның» киімін алмаса болмай ма?

27.08.2016
Қаралды: 2176

Енді санаулы күндерден кейін алғаш­қы қоңырау соғылып, оқушылар мектепке қарай жол тартады. 

Соған байланысты бүгіннен балаларды жаппай киіндіру басталды. Базарлардан өзіне ұнағанын алып жүзі бал-бұл жанған жеткіншектер мен   ата-   анасының ұсынғанын алғысы келмей жылап жүргендерді де кезіктіруге болады. Оған оқушылар киімінің бағасы әр жерде әртүрлі екені себеп болса керек.

Біз кешегі аптада Шымкенттегі «Самал», «Автонұр» базарлары мен Орталық базарда болып, мектеп киімдерінің бағасын сұрастырдық. Байқағанымыз, 13-14 жасқа дейінгі балаларды 10 – 11 мың теңгеге толық киіндіруге болады екен. Әрине, бұған сөмке, кітап және басқа да оқушыға керекті заттарды қоссаң, ата-ананың қалтасында тағы 15 мың теңгедей қаржы болуы керек. Бұл – бір балаға жұмсалатын қаражат. Ал үйінде мектеп жасындағы үш-төрт баласы барлардың не күйге түсетінін бұдан кейін ойлаудың өзі де қиын шығар.

Біздің айтып отырғанымыз – базардағы баға. Тап осындай  оқушылар киімін Оңтүстікте «Алтын адам», «Гауһар тас», «Совтекс» фирмалары да шығарып, өз дүкендерінде сатып жатыр екен. Осы орайда біз Шымкенттің «Күншығыс» ықшамауданында орналасқан «Алтын адам» фирмасының дүкеніне бардық. Кіре берістегі есікке киімдердің бағасы жазылған қағазды қыстырып қойыпты. Онда кіші жастағы ер балалардың «үштік» костюм-шалбарының құны 9000 теңге, көйлектікі – 2600, жеке шалбар бағасы 2000 теңге деп көрсетілген. Ересек балалардың «тройка» костюмі 13000 теңге тұрады, көйлегінің құны – 3000, шалбарынікі 2600 теңге деп көрсетіліпті. Демек, базарда 7000 теңге тұратын киім бағасы бұл жерде екі есе қымбат. Мұның акция кезіндегі арзандатылған баға екенін де айта кетейік.

Біз осы және басқа жерлерден киім алған біраз ата-аналарды сөзге тарттық.

Нұржамал Әбілова, «Сәуле» ықшамауданының тұрғыны: – Биыл мектепке екі ұл, бір қызым барады. Кеше сынып жетекшілері хабарласып, тек қана «Алтын адамның» белгісі бар киім алыңыздар, әйтпесе мектепке кіргізбейді депті. Тап осындай киімдер Қырғы базарда 7000 теңгеден сатылуда. Бірақ мынадай эмблемасы жоқ. Содан осында келіп, көріп жүрміз. Бағасы қымбат. Күйеуім күзетші болып жұмыс істейді. Бір жалақысы мына балалардың біреуін киіндіруге де жетпейді. Не істерімді білмей тұрмын.

Гүлшат Әбілда, Қарабастау ауылының тұрғыны: – Жұрт айтып жүрген соң мен де «Алтын адамға» барғанмын. Онда киімдердің бағасы қымбат екен. Бәрібір балалар оны бір жыл кимейді ғой. Қанша сапалы болғанымен көктемде басқасын алу керек болады. 

Сондықтан 5-ші сыныптағы қызымды Қырғы базардан 20.000 теңгеге толық киіндіріп, сөмкесін де, оқуға керекті заттарын да алып бердім. Мектептегі апайлары фирмасы маңызды емес, тек киімнің түсі қара-көк болсын депті. Сатушылардан эмблемасын сұрап едік, «Гиперхауста» 500 теңгеден кез келген эмблема сатылады деді. Тіпті болмаса соны сатып алып қыстырып беремін.

...Біз бұдан кейін «Самал» базарына барғанымызда баласына киім іздеп жүрген Төлеби ауданынан келген ерлі-зайыптыларды кездестірдік. Ол кісілер сатушыға тек қана «Алтын адам» фирмасының киімдерін іздеп жүргенін айтып жатты. «Директорымыз барлық бала бірдей «Алтын адам» фирмасының киімін кисін депті. Оны қайдан алуды айтпаған. Енді иттей болып жүрміз», – деген кісі мектеп басшыларына ашулы екенін білдірді. Біз ол кісіге жөн сілтеп жібердік.

Бұдан кейін біз облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Азат Әміртаевқа хабарласып, мектеп формасы қалай болуы керектігін сұрадық.

«Ешқандай мектеп директорына оқушылар мынадай фирманың киімін кисін деген тапсырма берілген жоқ, – деді ол кісі. – Таңдау ата-ананың өздеріне берілген. Тек киім бір түсті болуы керек. Қандай да бір фирманың киімін алмасаң болмайды деген дұрыс емес. Кім қайдан, қай фирманың өнімін алса да өз еркі. Ең бастысы, киім мектепке сай, таза, балаға қонымды болғаны дұрыс».

Сонымен, облыстық басқарма тарапынан ешқандай фирманың киімін таңдауға тапсырма берілмепті. Ең бастысы, кей жерлерде директорлардың өзім білемін деп шектен шығып жүргендері болса, бұл жөнінде құзырлы органдарға хабарласуға болады екен.

Ұ. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ