Моңғолияда науқас көп емес

31.03.2020
Қаралды: 142

Моңғолия астанасы Улан-Баторда тұратын Розалия Антонова есімді азаматша Қытаймен көрші болса да бұл елде коронавирус тіркелмегенін айтады. Мұның себебі елдің қауіпсіздікті қатаң қадағалауы екенін оның мына жазбасынан түсінуге болады:

 

«Үш ай болды, біз карантиндеміз.  Алдымен барлық балабақшаларды, мектептерді жауып тастады.  Содан кейін екі рет мереке кезінде, ақ айда және 8-наурызда астанаға кіру-шығуды жапты. Содан кейін вирус жұқтырған француз адам келгенде, бір апта бойы барлық кеңселерді, мекемелерді, қоғамдық тамақтану орындары мен дүкендерді жауып тастады. Мектептер мен балабақшалар 30-сәуірге дейін карантинде болады. Балалар теледидар мен онлайн жолмен оқып жатыр.

 

Өздері үшін де, бүкіл әлем үшін де моңғолдар заңға бағынатын, біртұтас және әлеуметтік жауапкершілікке ие болуымен таңқалдырды. Көшеде, дүкендерде, мекемелердің барлығында адамдар түгел маскамен жүр. Онсыз еш жерде қызмет көрсетілмейді. Мемлекет қызмет­керлері де отырыстарда маскамен отырады, теледидар дикторлары, сатушылар – барлығы маска тағады. 

 

Одан не шықты?  Моңғолияда, Қытаймен көршілес болғанына қарамастан, бірде-бір нау­қас жоқ!  Вирус жұқтырған 10 адам тіркелді, бірақ олардың барлығы шетелден келгендер. Мұнда вирус жұқтырғандармен байланысқандарды қатаң бақылап, оқшаулайды және мұн­дай науқастармен бірге ұшып келген барлық жолаушылар оқшауланған. 

 

Жұқпалы аурулар ауруханасында дәрі­герлер науқастардың өмірі үшін тәулік бойы күресуде. Әзірге бір де бір өлім көрсеткіші болған жоқ, көбісі емделіп шықты. Моңғолия үкіметіне, дәрігерлерге және елорда тұрғындарына мың тағзым!

 

Карантиннің, бір жағынан, жағымды жақтары да бар:

 

1) Әзірге жергілікті тұрғындардан бір де бір адам жұқтырған жоқ.

 

2) Педиатриялық пациенттердің саны күрт азайды – егер бұрын ауру адамдарға арнал­ған төсек жеткіліксіз болса (800 кереует) және балалар ауруханалардың дәліздерінде жатқан болса, қазір науқас балаларға арналған кере­уеттердің жартысы бос.

 

3) Халық иммунитетті күшейту үшін  пайдалы тамақтануға көбірек көңіл бөле бастады: теңіз шырғанағынан жасалған сусын, зімбір қосылған бал, жылқының етін жеп, лимонмен ыстық шай ішу секілді амалдар жасайды.  Нәтижесінде дұрыс тамақтану мәдениетінде сауатты бола бастады.

 

4) Қылмыстық, заң және жол ережелерін бұзу, мас күйіндегі тәртіп бұзушылықтар күрт азайды.

 

5) Шыңғыс хан билік еткен уақыттан бері халықтың генінде бар моңғолдардың тәртіптілігі, бірлігі мен өзара көмектесуі осы карантиндік 3 айдың ішінде мінез-құлықтарынан айқын көрінді. Бұл бүкіл әлемнің қызығушылығын оятты. Көптеген журналистер мен ғалымдар бұл құбылысты зерттеп, неге жергілікті тұрғындар ауырмайтындығын әрі оның құпиясының неде екенін түсіну үшін елге келді.

 

6) Халық үнемі риза болмайтын өз үкіметі мен дәрігерлерінің жұмысын жоғары бағалай бастады. Олар әрқашан өз халқы үшін күндіз-түні бірге жұмыс істеп жатыр. Шетелде қалып қойған жүздеген азаматтарын арнайы рейстермен әкеліп жатыр. Әуежайлары жабылып қалса да, оларды қиын жағдайда қалдырмады.

 

7) Үкімет дүкендердегі азық-түлік өнімдерінің бағасын қатаң қадағалап отыр: басқаларға  үлгі болуы үшін ет бағасын көтергені үшін ең көп тұтынушысы бар 2 супермаркетке 20 миллион тугрик айыппұл салынды.

 

8) Кез келген қиыншылық адамдар арасында әр түрлі реакциялар туғызады. Моңғолиядағы карантин отбасыларды жақындастырды. Бос уақыттары көп болғандықтан, ата-аналар балалармен үй жұмысын бірге жасайды.  Олар­ға көбірек көңіл бөледі, қамқорлық танытады, иммунитеттерін күшейтеді. Ал қарт ата-аналарын  вирусты тез жұқтырып алмау үшін құнарлы тамақпен, дәрумендермен қамтамасыз етеді, үнемі назарда және қамқорлықта ұстайды. Моң­ғолдар – үлкендерді құрметтейтін халық – мұны көпшілік, әсіресе еуропалықтар үйренуі керек.

 

Мен байқаған негізгі фактілер мен бақылаулар осылай: маска киіп, адамдармен жақын байланыс жасамаңыз, иммунитетті нығайту үшін жақсы тамақтаныңыз, гигиена сақтаңыз және  қажеттіліксіз далаға шықпаңыз. Сонда сау боламыз!»

 

...«Әр нәрсенің қайыры бар». Кім білсін, қазіргі дүрбелең бізді бірлікке, тәртіпке бағыну, тазалық сақтау, қиналғанға қол ұшын беру, қиындық пен сынаққа дайын болуға үйретіп, елеусіз қалған салаларды жедел дамытуға себеп болатын шығар. Мұның бәрі бізге сабақ қой.

 

А. МҰХАММЕД.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ