Коронавирустан жазылған дәрігер аурудың симптомдарын сипаттап берді

30.03.2020
Қаралды: 138

COVІD-19 вирусын жұқтырып, ауруды жеңіп шыққан ұлыбритания­лық 60 жастағы дәрігер Клэр Герада шетелдік басылымдардың біріне аурудың белгілерін нақты сипаттап, сұхбат берген.

 

Медиктің айтуынша, ол коронавирусты Нью-Йоркте жұқтыр­ған. Алайда ау­рудың белгі­лері үйіне оралғаннан кейін пайда бола бастаған. Клэр Герада Британияға жек­сенбі күні келіп, дүйсенбі күні жұ­мысқа барады, ал сейсенбі күні таңертеңнен бастап өзін нашар сезінген.

 

«Таңертең ұйқыдан тұра сала құрғақ жөтелді сезіндім. Мен мұндай жөтелді ұзақ уақыт ұшу салдарынан болар деп ойладым», – дейді ол. Бірақ одан кейін тамағының өте қатты құрғауын бастан кешкен. Сол кездегі ауырсынуын «Біреу тамағыма пышақ тығып қойғандай», – деп суреттейді Герада. Әрі қарай дене температурасы көтеріліп, қызба мен дірілдеу басталған.

 

«Мен мұның коронавирус екенін түсіндім, өйткені бұлай ешқашан ауырмағанмын, ал тұмау маусымы аяқталды», – дейді дәрігер. Сондықтан Герада тез арада анализ тапсырып, өзін-өзі оқшаулау туралы шешім қабылдаған.

 

Ол өз жағдайының күрт нашарлағанын айтқан. Бірнеше сағаттан кейін әйелдің тәбеті жоғалып, барлық тағам металл дәмдес болып кеткенін байқайды. Ол өзін күштеп отырып тамақ ішуге мәжбүр болған. Тамағы тоқтаусыз құрғай бергендіктен шайдың орнына лимон қосылған су ішкен. Тағы бір симптом ретінде Герада мұрнындағы майда жараларды атап өтті. «Бәлкім, тамағыма да осындай жаралар шыққан болар», – деп жорамалдайды ол. «Мен бейнетүсірілім жүргізгім келді, бірақ тіпті телефонды ұстап отырудың өзі маған соншалықты қиын болды. Тек ұйқым келе берді. Еш­қашан өзімді бұлай нашар сезінген емеспін», – дейді ол.

 

Дене температурасын төмендету үшін, ол күніне үш рет екі таблеткадан парацетамол қабылдап отырған. Ал жұма күні COVІD-19 диагнозын растайтын анализ қорытындылары келген. Алайда бұл кездерде әйел өзін жақсы сезіне бастаған, температурасы төмендеп, құрғақ жөтел тоқтаған. Сенбі күннен бастап тәбеті ашылған. Дүйсенбі күні ол өзінің аурудан айыға бастағанын сезген, бірақ дәрігер­лердің талабына сай өзін-өзі оқшаулауды апта соңына дейін жалғастырамын деп шешкен.

 

Герада коронавирусты жұқтырғандардың көпшілігінде жазылып кетуге толық мүмкіндік бар екенін айтады. Ол коронавирус жұқтырған басқа пациент­тер­дегідей түрлі аурулардан зардап шек­пей­тінін, денсаулығында өзгедей кінәрат жоқ еке­нін айтқан.

 

А. АСЫЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ