Шымкент карантинге жабыла ма?

30.03.2020
Қаралды: 283

Қазақстан халқының төтенше жағдай режиміне көшкеніне екі апта болды. Одан бері де үш мегаполис пен бірнеше облыстарда коронавирус жұқтырған адамдар анықталып жатыр. Қауіпті індет Шымкентте де тіркелді. Содан бері тұрғындар арасында қала карантинге жабылуы мүмкін деген қауесет пен үрей көбейді.

 

Шымкент шынымен карантинге жабыла ма? Ауруды ауыздықтау үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қала халқына арнаған үндеуінде қала әкімі Мұрат Әйтенов осы мәселеге егжей-тегжейлі тоқталды.

 

Автобуста қанша адам болған?

 

Өкінішке орай, қаламызда коронавирус індетін жұқтырған 2 азамат тіркелді. Қазіргі уақытта олар Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланып, ем қабылдауда. Жағдайлары тұрақты.

 

Бірінші науқас 18-наурыз күні сағат 17.30-да Нұр-Сұлтан қаласынан «Нұр-Сұлтан – Жетісай» бағытымен жүретін 51 адам мінген автобуспен  келген. 20-наурыз сағат 23:30-да 4 азамат Шымкент қаласындағы Бекжан автовокзалынан түсіп, оның үшеуі Түркістан қаласы бағытына жолға шыққан. Ал Шымкентте қалған азаматты әкесі өз көлігімен үйіне жеткізген. Қалған 47 азамат Жетісай бағытына сол автобуспен сапарын жалғастырған. 

 

Вирус жұқтырған азамат 23-наурызға дейін үйінде өз бетінше ем қабылдаған. Ауруы ас­қынғаннан кейін жергілікті амбулаторияға жоғары дене қызуымен, бас ауруымен, жөтелмен шағымданған. Нәтижесінде ол отбасымен стационарлық бақылауға алынды. Анасынан тест анализі алынып, оң нәтиже көрсетілді.

 

Науқастармен қарым-қатынаста болған медицина қызметкері отбасыларымен және 5 потенциалды қатынастағы азаматтар оқшауланып, жұқпалы аурулар ауруханасына жат­қызылды. Аталған азаматпен байланыста бол­ған Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Түркістан облысындағы барлық азаматтар оқшауландырылған.

 

Қауіпсіздік қалай қорғалады?

 

Біріншіден, қалаға кіреберіс жол қақпаларына 12 санитарлық бекеттер қойылды. Бұған дейін, теміржол вокзалы мен әуежай да  санитарлық бақылауға алынған. Онда әрбір адамның дене қызуы тексеріледі.

 

Екіншіден,  қаладағы  базарларда, сауда орталықтарында, автобустарда, қоғамдық орындарда және басқа да адамдар көп шоғырланатын жерлерде күніне 2 рет дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.

 

Үшіншіден,  барлық қоғамдық орындарға бетпердемен кіру міндеттелді. Жергілікті кәсіп­керлермен бірге күніне 100 мыңнан астам медициналық бетперделер тігіліп, дәріха­налар мен базарларға жеткізі­луде.  Сонымен қатар, антисептик өнімдерін шығаратын «Ордабасы» индустриалды аймағындағы кәсіпорын күніне 4 тонна залалсыздандыру өнімдерін шығаруда.

 

Төртіншіден,  қала аумағындағы оқу орындарының барлығы демалысқа жіберіліп, қашықтан оқыту жүйесімен жұмыс жасауда. 26-наурыздан бастап балабақшалардың барлығы жұмысын тоқтатты. Тойханалар, ойын-сауық орындары толығымен тоқтатылып, сау­да орталықтары мен мейрамханалардың жұмыс уақыттары шектелді. 

 

Бесіншіден, арнайы штаб құрылып, азық-түлік бағаларына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Аса қажетті 19 азық-үлік түрінің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін 3 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралды. Шымкентте азық-түлік қоры жеткілікті. Баға бақылауда. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ.

 

Алтыншыдан, 15-наурыздан бастап Шымкент қалааралық автобустар вокзалынан жүретін халықаралық және  22-наурыздан Нұр-Сұлтан мен Алматы бағыттары шектелді. Автобекеттердің жұмысы толығымен тоқтатылды. Қоғамдық көліктер бағытының 25-пайызы уақытша қысқартылды.

 

Жетіншіден, коронавирус инфекциясының жаппай таралу қаупі туындаған жағдайда әрекет етудің алгоритмі жасалып, ауруларды жат­қызатын 170 орындық инфекциялық стационар құрылды.

 

Үйден шықпауға кеңес беруде

 

Жоғарыда аталғандардан басқа, Шымкент­те 680 орындық провизорлы және 1500-ге жуық карантиндік стационар дайындалған. Медицина қызметкерлерінің жұмысына қажетті құ­рал-жабдықтар мен дәрілер толығымен жеткі­лікті.

«Қаланы толық карантинге жабуға негіз жоқ. Дегенмен барлық сақтық шараларын қолданып, өздеріңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін үйлеріңізде болуды сұраймын. Барлық жағдайларға түсіністікпен қарауларыңызды өтінемін», – деді М. Әйтенов.

 

А. МҰХАММЕД.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ