Өзбектерге өз еліне оралу оңай болмай тұр

30.03.2020
Қаралды: 267

Көп елге кесірі тиген қауіпті індет Қазақстанда жүрген Өзбекстан азаматтарын да Отанына оралуға мәжбүр етті. Дегенмен кеден бекетінен ары аса алмаған олар шекарада сағаттап тұрып қалды.


Топырлап, қайда барарын, қайтерін білмей, сенделіп қалған мыңға жуық адам жайлы: «Өзбекстан өз азаматтарын қабылдамай жатыр екен», – деген сыбыс та ел ішіне тез тарады. Бұл мәселе қалай шешілді? Өзбекстан азаматтары өз еліне қайта алды ма?

Біз мұны Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Достық» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжановтан сұрадық. Себебі ол күн ұзақ кеден бекетінде топырлап тұрған адамдардың хал-жағдайын білу үшін сол жаққа барған болатын. И. Хашимжанов ондағы абыр-сабырды бізге былай деп түсіндірді:

«23-наурыз күні Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы бас консулы Абрар Фатхуллаев маған қоңырау шалып, Қазақстандағы «Жібек жолы» бекетінде 800-ге жуық өзбекстандықтар тұрғанын, сол азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуімді сұрады. Барғанымда онда өзбекстандықтармен бірге 47 Тәжікстан азаматы болды. Оларға Өзбекстан Республикасының бас консулы осы мәселеге байланысты келіссөздер жүргізіп жатқанын жеткіздім. Әрине, Қазақстан жақтан да барлық жағдай жасалды. Дегенмен, соншама адамды кіргізіп, оларды оқшаулап, 14 күндік карантинге жатқызу үшін Өзбекстан Үкіметіне пансионаттардан, санаторийлерден, ауруханалардан орын дайындау қажет болды. Халықтың өте алмай тұрып қалғаны да сол болатын.

Десе де, 23-наурыз күні 619 адам, ал 24-не 800-дей адам шекарадан өте алды. 25-наурызда Өзбекстан елшілігі тағы да 800-ден астам өзбекстандық азаматтың еліне оралуына мұрындық болды. Біздің қауымдастық пен Сарыағаш ауданы әкімдігі тарапынан бекетте сағаттап тұрып қалған адамдарға су, шай берілді, тегін бетперделер таратылды. Сөйтіп үш күнде 3000-ға жуық өзбекстандық өз еліне кірді. Олар міндетті түрде екі апталық карантинге жататын болады.

Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы елшілігі: «Барлық Өзбекстан азаматтары мемлекетте қалып, жұмыстарын жалғастыра берсін», – деп отыр. Бұл жағынан Өзбекстан елшілігі Қазақстан Үкіметіне, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының әкіміне өз ризашылығын білдіруде», – дейді ол.

Біз Икрам Хашимжановтан небәрі бірнеше күннің ішінде мыңдаған адамның шекарадан өтуге асығуына не себеп болғанын сұрадық.

«Мейрамхана, асханаларда, басқа да қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс шектелген соң онда жұмыс істейтін өзбек ағайындар үйіне қайтуды жөн көрген. Бір жағы, кейбірі үрейге бол алдырып, «паникаға» түсіп қалды. Содан не де болса отбасы – бала-шағасының жанында болуды дұрыс көргендері үйлеріне қайтып жатыр. Бірақ 14 күн карантинде жатып қалатынын естіген кей өзбек азаматтар өз жұмыстарында қалуға ниетті.

Сарығаш ауданының әкімі де, полиция бастығы да сол бекеттің басында жүрді. Біздің қауымдастықтың да адамдары болды. Барлығы да тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өзбекстанның сырттан келгендерді оқшаулайтын орындар дайындап жатқаны айтылды. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Себебі Өзбекстанның 2 миллионнан астам халқы Ресей мен Қазақстанда жүр. Сондықтан өз азаматтарын ретімен, кезегімен кіргізіп жатыр.

Кешегі аптадан бері «Жібек жолы» кеден бекетінен Өзбекстанға қарай өтіп жатқандардың арасында тек Қазақстанда жүргендер ғана емес, Ресейден келгендер де бар. Яғни Ресейдегі өзбектер Қазақстан арқылы қайтып жатыр. Сәрсенбі күні шекараға тағы 20 шақты адам барған екен, екі орта тағы жабылып қалыпты, олар ары қарай өте алмаған. Сондықтан біз Қазақстанда жүрген өзбек бауырларға осындағы жұмыстарын жалғастыра бергендері жөн екенін айтқымыз келеді.

Өзбекстан Республикасының бас консулының айтуы бойынша, екі мемлекеттің Премьер-министрлері телефон арқылы сөйлескен көрінеді. Бәлкім, адамдарды 50-100-ге жуықтағанда топтап өткізетін де болар. Себебі мыңдаған сырттан келушілерге арналған оқшаулау орнын дайындау Өзбекстанға қиынға соғып жатқанын білеміз», – деді ол.

...Осылайша өңірдегі бірталай өзбек азаматы өз еліне қайтып кетті. Қазақстанның да көптеген азаматы шетелде жұмыс істеп жүргені белгілі. Осындай қысылтаяң сәтте қанша қазағымыз туған елге қайтуға асықты екен?

 


М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ