Сауатсыздықты жоюға мол үлес қосқан азамат Бибол Құдайназаровқа ескерткіш қашан қойылады?

26.03.2020
Қаралды: 181

Шымкентте Иосиф Биболов (суретте) есімді қария тұрады. Ол кісінің жасы қазір 78-де. Таяуда біз Иосиф атамен кездесіп, одан қызықты әңгімелер естідік.

 

Әкесі халық ағарту ісіне көп еңбек сіңірген

 

Иосиф атаны бүгінде ең бір толғандырып жүрген жай – Қазығұрт ауданының Қызылбұлақ ауылында орналасқан әкесі Бибол Құдайназаров атындағы мектепке оның ескерткіш-бюстін орнату.

 

Иосиф қарияның әкесі Бибол Құдайназаров 1870 жылы Қазығұрт өңіріндегі Қаракемер деген жерде өмірге келген екен.

 

«Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ол жерде колхоз ұйымдастырылған. Бірақ кейіннен ондағы ел Келес жаққа көші­ріліпті. Сондай қоныс аударулардан ке­йін ағайындарымыз бөлініп қалған, қа­зіргі ұрпақтары Қазығұрт, Сарыағаш, Ке­лес аудандарында тұрып жатыр. Ал Қызылбұлақтағылар көшпей, тұрақтап қалған екен. Әкем кезінде аудан өңірінде бірнеше мектептер салып, халықты са­уаттандыруға көп еңбек сіңірген. Сондықтан да Қызылбұлақтағы мектепке оның есімі берілген болатын», – дейді Иосиф ата бұл жөнінде.

 

Иосиф атаның әкесі Бибол Құдайназаров бала кезінен зерек болып өсіпті, медреседе оқып білім алыпты. Кейін ауылында имам болып істеген. Сосын Ташкентке барып, көп нәрсе үйреніпті, әсіресе бау-бақша егуді жақсы меңгеріп, оны ауылдастарына үйреткен. Арық қаздырып, егінге су шығартқан. Қолынан іс келетін азаматты бір кездері жұрт болыс­тыққа да сайлаған екен, бірақ ол елдің сауатын ашуды өзіне басты мақсат етіп, оқу-ағарту саласын таңдапты. Мектептер салып, бала оқытқан, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген. Ол кісі бертінде, 1956 жылы дүние салған.

 

Бибол Құдайназаровтың өзі білімді болып қана қоймай, ауылдастарының, елдің көзін ашуды мақсат етуіне 1916 жылы Ресейге баруы тікелей әсер еткен сияқты. Бұл – 1-ші Дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кез. Осы жылғы маусым айында патша жарлығымен мыңдаған қазақ азаматтарының тылдағы қара жұмысқа, окоп қазуға алынғаны мәлім. Сол кезде Бибол майданның қара жұмысына алынғандарды бастап, мыңбасы болып, Ресейге барыпты. Сол жақта жүріп ол Ресей халқының өмірімен танысады, тіл үйренеді. Ол тіпті неміс тілін де меңгеріп алған көрінеді.

 

Б.Құдайназаров Ұлы Қазан төңкерісін көзімен көріп, елге көп нәрсені түсініп қайтыпты. Сөйтіп жұртқа жаңа өкіметтің саясатын ұғындыра бастайды. Кейін Лениннің елдегі сауатсыздықты жоюға қатысты шығарған декретін жан-тәнімен қолдап, оқу-ағарту жұмыстарына бел шешіп кіріседі.

 

Бірнеше ауылға мектеп салған

 

«Әкем керек-жарағын арбаға артып, көшіп жүріп сауат ашу мектептерін ұйымдастырыпты, – дейді Иосиф ата. – Жұртқа араб, латын әріптерімен жазуды үйреткен, жаңа заман лебін жіті аңғарып, елдің көзін ашуға тырысқан.

 

Әкем әсіресе еңбекші тап көсемдері Владимир Ленин мен Иосиф Сталинді қатты құрметтеуші еді. Оның Ленинге арнаған мынадай өлеңі бар:

 

«О, Ленин – ердің ері, данышпаны,

Болжады болашақты алыстағы.

Адамның игілікті өмірі үшін

Ақылын, абзал ойын бағыштады.

Сол үшін өлгенінше еңбек етіп,

Жауымен бір тынбастан алысқаны.

Адамға өшпейтұғын өмір беріп,

Мәңгілік еңбекші үшін шам ұстады.

Бұл ердің іске асқан соң салған жолы,

Билікті еңбекшілер табы ұстады.

Құрылды колхоз-совхоз, шаруа шалқып,

Табыспен алға қарай қарыштады.

Айтқанын, өсиетін бұлжытпастан

Сталин Ленин жолын дәл ұстады».

 

Қысқасы, Кеңес өкіметі орнығып жат­қан тұстарда әкем шын жүрегімен «Ленин үшін!», «Сталин үшін!» деп еңбек етіпті. Сол себепті де ол кейбіреулерге жақпай, олар балаларын оқуға бермей қойыпты, тіпті кейбірі әкеме өлтіреміз деп күш көрсетіпті. Сосын әкем ауылдан көшіп кетіпті.

 

Бірақ ол елдің сауатын ашу жұмысын тоқтатпаған. Өгем, Таң, Ұя, Қаржан жақтарға барып, бала оқытумен айналысқан. Бірде өзінің сауын сиырын сатып, одан түскен қаржымен Қаржанға екі кластық, екі бөлмелі шағын үй, яғни сауат ашу мектебін салдыртыпты. Сосын мұндай мектептерді  Черняевкадан (қазіргі «Жібек жолы» ауылы) және бас­қа да бірнеше ауылдардан салған».

 

Иосиф ата осылай дейді. Әкесі отбасында 6 ұл, 2 қыз өсіріпті. Көзі ашық, көкірегі ояу Бибол өзінің жары Бей­сенкүлдің де білім алуына жағдай жасапты. Қазақ қызы Бейсенкүл Қалдарова Ташкентте ашылған екі жылдық пар­тия мектебінде білім алыпты. Кейін ол колхозда еңбек еткен, шаруашылықта бригадир болған, бертінде балабақша меңгерушісі болып істепті. Екеуі де Кеңес Одағы коммунистік партиясының мүшелері, яғни коммунистер болған.

 

Коммунист Бибол Құдайназаровтың ашқан мектептерінен алғашқы білім алған балалардың ішінен кейін елге белгілі көптеген азаматтар шығыпты. Мысалы, Өнер Жамалов, Тұрды Махамбетов, Шоңай Тұрдықұлов, Ағабек Дүйсенбеков, Жолдас Жұматаев, Исақ Шәріпов, Ештай Елеусізов, Тұрды Мамаев, Шерубай Биназаров, Бөрібай Құралбаев, Жайсан Тілләбаева есімді шәкірттері болған.

 

Сталиннен хат пен ақша келіпті

 

«Әкемнің өлең жазатын өнері бол­ған. Өкініштісі, өлеңдерінің көбі сақталмаған, біраз құжаттармен бірге өртеніп кетіпті. Өздері жұмысбасты болып жүріп оған аса көңіл де бөлмеген сияқты. Ал біз ол кезде көп нәрсенің қадірін біле бермейтін бала едік.

 

Бір кездері әкем Мәскеуге Ленинді іздеп те барған екен. Бірақ оған көсеммен жолығысудың сәті түспепті. «Ауырып жатыр екен, кездесе алмадым», – деп өкініп отыратын. Бірақ әкем өзінің оған арнаған өлеңін табыстап қайтыпты.

 

Бұл, менің ойымша, 1923-1924 жылдардың төңірегі болар деп шамалаймын.

 

Жаңылмасам, 1946 жылдар болуы керек, әкем екеуміз ауылда кесектен дуал тұрғызып жатқанбыз. Анарбай деген поч­ташы бар еді, сол үйге жақын келіп: «Әй, Бибол, саған Мәскеуден хат келді! Аласың ба?» – деп дауыстады. Әкем: «Бар, әкел, көрейік», – деп мені жүгіртіп жіберді. Хатты әкеме әкеліп бердім, ол расында да Сталиннің атынан келген екен, әкем соны біліп қатты қуанды. Мәскеуден әкеме 5 мың сом ақша салып жіберіпті.  Ол кезде мен бес-алты жастағы баламын ғой, көп нәрсені түсіне бермеймін. Кейін де соның қандай хат, ақшаның не ақша екенін тәптіштеп сұрап алмаппын. Мектеп салуға жіберген болса керек деп ойлаймын. Әйтеуір сол хат пен ақшаның Сталиннің атынан келгені есім­де», – дейді Иосиф ата.

 

Ол кісінің аты неге Иосиф?

 

Жаңа заман лебін сезініп, елге адал еңбек сіңіруге ұмтылған Бибол Құдайназаров өте белсенді, патриот адам бол­ғ­ан екен. Ол кісінің бұл қасиеті балаларына ат қою әрекетінен-ақ көрініп тұр.

 

«Ағамның аты Ильич еді, – дейді Иосиф ата. – Есімі Лениннің құрметіне қойылған. Кейін жұрт оны Елес деп атап кетті. Елес ағам бүгінде өмірде жоқ. Оның екі ұлынан тараған ұрпақтары бар. Бір баласы әскери салада еңбек етіп, подполковник шенінде отставкаға шыққан, бір баласы бүгінде Америкада тұрады.

 

Әкем бір қызына Балғагүл деп ат берген. Молотовқа ұқсастырғаны ғой. Бір баласына, неге олай екенін білмедім, Тайлақ деген ат қойыпты. Ал «Таң» колхозында дүниеге келген ұлына Таң деген есім берген. Менің атымды Сталиннің құрметіне Иосиф деп қойған. Мен соғыс басталған 1941 жылдың маусым айында өмірге келгенмін. Соғыс біткен жылы туған інімді әкем енді тек жақсылық болсын, ел тыныш болсын деген тілекпен Жақсылық атандырған. Одан кейінгі ұлының атын – Жамбыл, қызының есімін Нұржамал деп қойған».

 

Иосиф ата өзінің әкесі туралы осылай дейді.

 

Өңір басшылары неге істі созбалаңға салып жүр?

 

Қарап отырсаңыз, халықтың сауатын ашуға мол еңбек сіңірген, ел игілігі үшін бар ынтасымен жұмыс істеп, тер төккен азамат Бибол Құдайназаровтың өмір жолы ол жайында қызықты кино түсіруге де тартатындай. Бірақ бізде азаматтың еңбегін ескере бермейтін, әсіресе көзі кеткен соң мүлде ұмытатын бір әдет бар ғой. Содан да шығар, Қызылбұлақтағы мектепке Б.Құдайназаровтың атын беру жөніндегі шешім 1992 жылы шыққанымен іс жүзінде ол кейінірек орын алыпты. Ол жерде екі қабатты заманауи мектеп осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана салыныпты.

 

Иосиф атаның аталған мектеп алдына әкесінің ескерткіш-бюстін орнатуға әрекеттеніп жүргеніне де бірталай уақыт болыпты. Бұған байланысты ол ауыл, аудан әкімдеріне бірнеше мәрте өтініш жасаған, тіпті еліміздің Мәдениет және спорт министрлігіне де хат жазыпты. Мұндай істер арнайы заң тәртібімен қолға алынатынын алға тартқан министрліктен «бұл мәселені жергілікті әкімдікпен, мектеп басшылығымен келісіп шешкен­деріңіз орынды болар еді» деген тұрғыда жауап келіпті. Осындай әрекеттердің нәтижесінде бұдан бір жылдай бұрын ауыл әкімдігі, облыстық Суретшілер одағы тарапынан қандай да бір дайындық жұмыстары басталған сияқты. Сондай-ақ Б.Құдайназаров атындағы мектепте арнайы жиын өтіп, білім ордасының ауласынан ескерткіш-бюст қою мәселесі мақұлданғанына да біраз уақыт болыпты.

 

Бірақ содан бері нақты нәтиже әзірге жоқ. Бүгінде жасы 80-ді алқымдап отырған әрі денсаулық жайы онша болмай жүрген Иосиф қарияны осы жағы қатты алаңдатады. Сондықтан ол өз әрекетімен адам іздеп тауып, әкесінің бюстін жасатып жатыр екен. Әрине, тегінге емес, мүсіншімен есептесуге қаржыны өз зейнетақысынан жинап жүр.

 

Бізді осы жағы ойландырды. Оқу-ағарту ісіне ерен еңбегін сіңірген азамат Бибол Құдайназаровтың шапағатын кезінде жүздеген азаматтар көріпті, ол ашқан мектептерде білім алыпты. Олардың арасында мүмкіндігі жоғары, билік басында жүрген жандардың да ата-аналары, туыстары бар. Оны былай қой­ғанда Б.Құдайназаров атындағы мектепте де қазір олардың ұрпақтары оқып жүр емес пе? Ендеше мектеп ауласына неге оның ескерткіш-бюстін орнату ісі кешеуілдеп, созбалаңға салынып жүр? Жасы 80-дегі адам оны енді қанша уақыт күтуі керек?

 

Бұл жөнінде қазығұрттық азаматтар тереңірек ойлануы тиіс-ау. Бүкіл өңірге еңбегі сіңген адамның бюстін орнатуға атсалыспаса, ол ескерткішті баласының өзі тұрғызсын дегендей немқұрайды қараса, бұл тіпті де ұят емес пе?

 

Басшылар бұл істің тезірек қолға алынуына асықса, Б.Құдайназаровтың ес­керткіш-бюстін ұзаққа соза бермей орнатса, олар Иосиф Биболов қарияның ақсақалдық алғыс-батасын алар еді. Бұған ел де риза болар еді. Қазығұрттық басшылар осы жағын ұмытпаса екен дейміз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ