Әлемді бұл сияқты дерт бұрын да жайлаған

26.03.2020
Қаралды: 768

Төрткүл дүниені дір еткізген COVІD-19 вирусының таралу ауқымы күн санап кеңейіп барады. Ауыздықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Сондықтан 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп мәлімдеді. Пандемия әлемдік ауқымда жаңа аурудың таралуы дегенді білдіреді.

 

Уханьнан шыққалы 160 мутацияға ұшырап үлгерген COVІD-19 адамзат тарихындағы кең таралған алғашқы індет емес. Соңғы 100 жылдың өзінде әлем пандемияға тең кемі 7 эпидемияны бастан өткеріпті. Еске алып көрейікші:

 

1. Испан тұмауы. 1918-1919 жылдары Тынық мұхиты аралдарынан Арктикаға дейінгі аралықтағы 550 миллионға жуық адам жұқтырған дерт. Одан планета тұрғындарының 2,7–5,3 пайызы (50-100 миллион адам) қайтыс болған. Бір ғана Испанияның өзінде тұмаудың бұл түрінен 8 миллион адам көз жұмыпты. Індеттің тарауына соғыс кезіндегі антисанитариялық жағдай, дұрыс тамақтанбау, әскерилер мен босқындар лагерлерінде адамдардың тығыз орналасуы себеп болған. Дертке көбіне 20-40 жас аралығындағы адамдар шалдыққан екен. Алғашқы деректердің осы елде тіркелуіне байланысты ол тарихта «Испан тұмауы» аталып кеткен.

 

2. Азия тұмауы. 1956 жылы қытайдың Гуйчжоу қаласында анықталып, аз уақытта әлемнің жартысына таралған індет. Зерттеушілер вирустық штамм жабайы үйрек етін жегеннен жұққан деп болжайды. Оны әлемде 1 миллиардқа жуық адам жұқтырып, 2 миллион адам көз жұмған.

 

3. Гонконг тұмауы. Бұл азия тұмауының өзгеріске ұшыраған түрі.  1968 жылы белең алып, Азия, Еуропа және Солтүстік Америкаға тараған. H3N2 штаммы 1,5 миллиард адамға жұққан, негізінен 65 жастан асқан егде  кісілер  – 700 мың адам көз жұмған.

 

4. Шошқа тұмауы. Ол алғаш 1931 жылы анықталған. Бірақ А типті H1N1 вирусына шошқа тұмауы деген атау 1976 таңылыпты. Өйткені сол жылы Мексикадағы доңыз өсіретін ферма жанында орналасқан АҚШ әскери базасының қызметкерлері арасында тараған. Үй жануарларындағы вирусты құстар, адамдар да жұқтыратыны сол жылы мәлім болған.

 

Шошқа тұмауы 2009 жылы әлемде кең тарады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы оны пандемия деп танып, қауіп деңгейіне ең жоғарғы 6 балл берді. Бұл жылы індетпен 415 мың адам ауырып, 5850 адам көз жұмды.

 

5. ХХІ ғасыр індеті – АИТВ. Ең алғаш 1981 жылы Сан-Францискода, сосын Нью-Йоркте гомосексуалист бо­йынан табылған. Ол кезде бұл вирус адамзатқа белгісіз болатын. Бір жылғы зерттеуден кейін – 1982 жылы АИТВ (ВИЧ) деп аталды. Бүгінге дейін ол 32 миллион адамның өмірін жалмапты. Былтырғы дерек бойынша, онымен әлемде 40 миллионға жуық адам ауырады екен.

 

6. Құс тұмауы. Алғаш ХХ ғасырдың басында Италия­да анықталған және ұзақ уақыт бойы адамзат үшін қауіпсіз саналған. Оның вирустары жабайы және үй құстарында, жылқы мен шошқада кездескен. Оны адамдардың алғаш жұқтыруы 1997 жылы Гонконгта тіркелген. Ал 2003 жылы вирус Вьетнам, Камбоджа, Қытай, Индонезия, Лаос, Пәкістан, Корея, Тайланд, Тайвань мен Жапонияда тіркелді. H5N1 штаммының таралуын тоқтату үшін сол жылы Азия, Таяу Шығыс, Еуропа мен Африкада 200 миллион тауық өлтірілген. 2003 жылдан бері онымен 100  адам ауырып, жартысы көз жұмған.

 

7. Эбола. Африкадағы жергілікті халықтардың гигиена сақтамауы, қоршаған ортаның ластануы салдарынан өршіген дерт. Негізінен маймылдарда кезігетін кесел адамдарда алғаш 1976 жылы байқалған. 2013-2015 жылдар аралығында бірнеше мемлекеттен 15 мыңдай адам ауырып, тең жартысы көз жұмған.

 

8. Коронавирус. Жаңа штамм жарқанаттан жыланға беріліп, артынша адам ағзасына түсті деген болжам бар. Пандемияның көрсеткіштері күн сайын құбылып тұр: таралу аймағы, жұқтырғандар, жазылғандар мен көз жұмғандар сәт сайын өсіп жатыр.

 

...Статистика бойынша, жыл сайын тұмау эпидемиясынан әлемде 100 мың адамның 10-ы көз жұмады екен. Ал жоғарыда атап өтілген жағдайларда бұл көрсеткіш едәуір көбейетіні түсінікті.

 

Ж. ҚАСЫМ.

 

Пікір қалдыру

1000 символ