Мұнай арзандап, доллар қымбаттай бере ме?

26.03.2020
Қаралды: 297

Теңге бағамы төмендеп, доллар құны шарықтаған сайын көпшілік болашағын қалай болжарын білмей, үрейге бой алдыра бастады. Осы жағдайға қатысты елдегі түрлі мәселелер жайында өзіндік ой-пікірін білдіріп отыратын белгілі кәсіпкер әрі инвестор Марғұлан Сейсембай жуырда әлеуметтік желіде өз экономикалық талдауын жасапты. Онда былай дейді: 

 

Дағдарыс кезінде не істеу керек?

 

«Бүгінгі тақырыбымыз – экономика. Оның ішінде кейінгі күндері халықтың назарында болып отырған мұнай бағасының құлдырау себептері мен салдары, әлем құнды қағаздарының құлдырау себептері мен салдары, коронавирустың жаһандық экономикаға әсері, осы айтылған дағдарыстың Қазақстанға әсері, «Девальвация бола ма? Болса қай дәрежеге дейін болады?», «Бензин бағасы төмендей ме, жоқ па?», «Дағдарыс кезінде не істеу керек?» деген сауалдар төңіре­гіндегі мәселелерді қарастырамыз.

 

...6-наурызда Вена қаласында ОПЕК-тің жиналысы өтті. ОПЕК – жаһандық мұнай бағасын реттеу үшін 1960 жылы құрылған мұнай өндіретін 14 елдің ұйымы. ОПЕК елдері жаһандық мұнай нарығының 33 пайызын иеленуде. Ал қалған әлемдік мұнай нарығының 2/3 бөлігін ОПЕК ұйымына кірмейтін елдер өндіреді. 1998 жылдан бастап Ресей, Қазақстан және Әзірбайжан елдері ОПЕК ұйымына бақылаушы ретінде кірді. Міне, сол 6-наурызда өткен жиналыста Ресей және Қазақстан өкілдері ОПЕК-тің мұнай өндірісін тәулігіне 1,5 миллион баррельге қысқарту ұсынысына қарсы шықты. ОПЕК жиналысына қатысып отырған ОПЕК мүшелерінің, мұнай министр­лерінің ауыздары ашылды да қалды. Ресей мен Қазақстан жақтан олар мұн­дай келіспеушілікті күтпеп еді.

 

Ресей келіспеушілігінің басты себебі америкалық сланц мұнай өндірушіле­рімен күресу болатын. Ресейдің бұл әрекетін түсіну үшін осы шешімге әкеліп соқтырған себептерді атап көрсетейік.

 

Кешеге дейін мұнай саласында нақ­ты және белгілі ойыншылар болды. ОПЕК елдері мен Ресей дүниежүзіндегі ең ірі мұнай өндірушілері еді. Ал АҚШ ең ірі мұнай тұтынушысы болатын. Бірақ жаңа технологиялардың арқасында АҚШ сланц кен орындарында орналасқан мұнай өндірудің жаңа әдісін ойлап тапты. Сол әдістің арқасында былтырғы қыркүйек айында АҚШ-тың мұнай экспорты мұнай импортынан асып түсті. АҚШ өзінің нарығын толық қамтамасыз етіп, енді мұнайды Еуропа елдеріне сата бастады. Бұл кейінгі 45 жылдың ішінде бірінші рет болып отырған жағдай. Міне, Ресей сол АҚШ сланц өндірушілерімен күресемін деп ОПЕК келісім-шарттарынан бас тартты.

 

Келесі күні Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салман ең ірі екі Хафджи және Уафра кен орындарын іске қосатынын жариялады. Осы кен орындарының арқасында олар өздерінің мұнай өндіру мөлшерін 9 миллион баррельден 12 миллион баррельге дейін көтеретінін мәлімдеді. Оның үстіне ол әлем тұтынушыларына өз мұнайына 1 баррель үшін 6-дан 10 долларға дейін жеңілдік беретінін тағы да жариялады. Бұл жағдай нарықтық мұнай бағасының құлдырауына әкеп соқты. Мұнай бағасы бір күнде 45 доллардан 31 долларға дейін түсті. Бұл – 30 па­йыздық түсу. Мұнай бағасының құлдырауы соңғы рет 1991 жылы Парсы шығанағындағы соғыс кезінде ғана болған.

 

Мұнай бағасының соншалықты тө­мен­дейтінін күтпеген Ресей Прези­дентінің баспасөз хатшысы Д.Песков Сауд Арабия елімен әлі де келісімге келуге мүмкіндік бар екенін айтты. Бірақ оған Сауд Арабиясының мұнай министрі: «Тәуелсіз нарықта әрбір мұнай өндірушісі дағдарыстан қорықпай, өзінің бәсекелес­тігін дәлелдеп, өз нарық үлесін кеңейту керек», –  деп жауап қайтарды. Міне, соған қарағанда бұл екеуі жақын арада келісімге келе алмайтынға ұқсайды».

 

Мұнай бағасы тағы да төмендей ме?

 

Марғұлан Сейсембай мұнай бағасының түсуіне бұдан басқа да себептердің бар екенін атап көрсетті.

 

«Мұнай бағасының түсуіне аталған баға қақтығысынан тыс басқа да себептер бар және өте көп.

 

Біріншіден, ол коронавирус әсерінен баяулап келе жатқан Қытай экономикасы. Қытай экономикасының өсуі 6,1 па­йыздан 4,9 пайызға бәсеңдеді.

 

Екіншіден, коронавирустің зардабы тек қана Қытай экономикасына келтірген зардабымен шектелмейді. Еуропада карантин енгізіліп, дүниежүзінде көптеген шаралар тоқтатылуда. Америка басқа елдермен қарым-қатынасын мүлде тоқтатып тастады. Жаһандық туризм және әуе транспорты триллиондаған шығынға ұшырап жатыр. Ал олардың пайдаланатын шикізаты – мұнай.

 

Үшіншіден, Америка және жаһандық құнды қағаздар нарығының дағдарысы. Егер бұл дағдарыс ары қарай күшейе түссе, онда мұнай және басқа шикізат­тарға сұраныс күрт төмендеп кетеді.

 

Төртіншіден, дамыған елдердің альтернативтік қуат көздерінің арқасында мұнайға деген сұраныстың азая түсуі.

 

Бесіншіден, мұнай бағасының түсуінің кесірінен барлық ОПЕК елдері енді өздерінің валюта табыстарын түсірмеу үшін және мұнай өндіру мөлшерін шектеп отырған шарттар болмағандықтан мұнай өндіру мөлшерін барынша көбейте түседі.

 

Міне, мұнай бағасының әлі де төмендей түсуіне себептер көп. Жақын арада мұнай бағасының қайта көтерілетініне үлкен күмәнім бар. Мұнай ұсынысының көбеюі, мұнай сұранысының азаюы, Қытай экономикасының бәсеңдеуі, әлем­дік құнды қағаздар нарығының дағдарысы, коронавирус індеті – бәрі бір уақытта жиналып, «идеалды дауылға» айналды. Көптеген шетелдік сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасы 25 долларға, тіпті, 20 долларға дейін түсуі мүмкін».

 

Доллар құны 550 теңгеден асып кетуі мүмкін...

 

«Қара алтын» құнының құлдырауы Қазақстан қазынасының қаншама миллиардтарды жоғалтуына әкеп соқтырады екен. Марғұлан Сейсембай бұл туралы былай дейді:

 

«Біздің мемлекеттік бюджетіміздің 47 пайыз шамасы – әлеуметтік шығындар. Ал сол бюджетіміз баррельге 55 доллар мұнай бағасымен жоспарланған. Песси­мистік нұсқасында 45 доллар алынған. Біздің мемлекеттік бюджет табысының 61,4 пайызы мұнай және газ саласынан келетін салықтардан тұрады. Қазақстан жылына 90 миллион тонна мұнай өнді­реді. Баррельмен есептегенде, ол – 655 миллион баррель. Егер мұнай бағасы 25 долларға түсіп, бір жыл сол бағамен тұрса, онда біздің экономикамыз 15-16 миллиард долларды жоғалтады.

 

Ал мемлекеттік бюджетімізге келсек, өз табысының 30 пайызына дейін немесе 3-5 миллиард долларға дейін жоғалтуы мүмкін. Бұндай жағдайда бюджетті толтырып, Үкіметтің халық алдындағы өз әлеуметтік міндеттемелерін орындау үшін екі-ақ мүмкіндік бар. Біріншісі – Ұлттық қорға қол сұғу. Екіншісі – біздің қалтамыздан девальвация арқылы ақшамызды суырып алу. Өз басым Ұлттық қорымыздың қаншалықты сақталып отырғанын нақты білмеймін, ол жөнінде ақпарат жабық. Сондықтан Үкімет бюджет дефицитін біздің қалтамыз арқылы ше­ше­тініне еш күмәнім жоқ.

 

Егер мұнай бағасы бір жыл бойы 30 доллардан төмен болып тұрса, Үкімет девальвацияны өткізетініне сенімдімін. Онда доллар құны 550 теңгеге барып, одан асып кетуі де мүмкін. Бірақ, қайталап өтейін, бұл – мұнай бағасы 30 доллардан төмен болып бір жыл тұрса ғана болатын жағдай. Ал егер мұнай бағасы бір жыл бойына 30 бен 40 доллардың арасында жүрсе, онда доллар құны 450-500 теңге аралығында болады деп ойлаймын».

 

Бағалардың барлығы өседі...

 

Сонымен қатар, Марғұлан мырза егер мұнай бағасы осылай арзандап кете берсе, оның ел база бағасына қалай әсер ететінін де түсіндірді.

 

«Ал осындай жағдайда қандай жағымсыз жайттар орын алуы мүмкін? Бі­ріншіден, импорт тауарлары қымбаттап кетеді. Екіншіден, жеміс-жидек, көкөніс тауарлары қымбаттайды. Үшіншіден, көптеген импорт тауарларын әкелетін дүкендер мен мейрамханалар жабылады. Төртіншіден, бағалардың барлығы өседі. Бесіншіден, теңге несиелерінің төлемдері қымбаттайды. Алтыншыдан, мұнай бағасының түсуіне қарамастан Үкімет жанармайды экспорттауға шектеу қоймаса, онда жанармай да қымбаттайды. Жетіншіден, автокөліктер мен техника қымбаттайды. Сегізіншіден, дәрілер мен медициналық заттар қымбаттайды. Тоғызыншыдан, сыртқы туризм қымбаттап кетеді. Қысқасын айтқанда, бізде өндірілмейтін тауарлардың барлығы қымбаттайды.

 

Бұл жағдайда кім ұтады? Бірінші, экспортқа шығарушылар ұтады. Екінші, валюталық қарыздары жоқтар. Үшінші, тауарлары экспортқа шығатын, ал қарыздарын теңгемен төлейтіндер. Төртінші, жергілікті өндірушілер. Бесінші, ішкі туризм. Алтыншы, ауыл шаруашылығы».

 

Дағдарысқа қандай дайындық керек?

 

Өз сөзінде Марғұлан Сейсембай халықты ең алдымен дүрбелеңге түспеуге шақырады.

 

«Осы жағдайда не істеу керек? Бірін­ші, дүрбелеңге түспеу керек. Екінші, барынша валюталық қарыздарыңыз болса, оны жабыңыз. Үшінші, егер теңгелік қарыздарыңыздың төлемі жоғары болса, оны да жапқан жөн болады. Пайызы төмен болса, онда жабу шарт емес. Төртінші, шығындарыңызды барынша қысқартыңыз. Бесінші, артық нәрселерден қазірден бастап сатып құтылғаныңыз дұрыс. Алтыншыдан, алатын импорт­тық заттарыңыз болса, қымбаттамай тұрғанда қазір алып қалғаныңыз жөн болады. Жетіншіден, артық ақшаларыңызды не долларда, не еурода, не та­уарда ұстағаныңыз жөн. Сегізіншіден, ең маңызды нәрсе, жаңа мамандыққа не қабілетке ие болу. Өз-өздеріңізді дамытып, құбылмалы, бұлыңғыр болашаққа дайындалыңыз.

 

Егер осы айтылған шарттарды орындасаңыздар, онда мұртыңызды балта шаппайды. Ал мен өз талдауымды аяқтадым».

 

...Кәсіпкердің доллар мен мұнай тақырыбындағы түсіндірмесі осы болды. Марғұлан Сейсембайдың базар бағасына байланысты айтқандары орын алса, онда онсыз да ілдебайлап күн кешіп жүрген халыққа мұның оңай тимесі анық. Сондықтан оның бәрі орындалмаған болжам болып қалса екен дейміз. 

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ