COVID-19: Анық ақпарат тарататын ресурстар

25.03.2020
Қаралды: 153

Коронавирусқа қатысты фейк мәліметке ұрынбау үшін қандай Telegram каналдарға жазылу керек? Бұл жөнінде kursiv.kz сайтында жарияланған мәліметтермен бөлісуді жөн көрдік.

 

Желіде жалған ақпарат желдей есіп жүр. Ондай фейк жаңалықтар әдетте тез таралады. Мысалы бүгін ғана коронавирустан үш адам қайтыс болғаны туралы мәлімет шықты. Анық-қанығын тексермей, көпшілік бөлісіп жатты. Елді негізсіз нәрселермен дүрліктірмеу үшін тек ресми дереккөздерге сүйенген дұрыс. Осы ретте бірнеше Telegram каналдарға жазылуға кеңес береміз.

 

1. Денсаулық сақтау министрлігі. Коронавирусқа қатысты ақпарат алдымен осы каналда жарияланады. Күніне бірнеше рет сол сәттегі ахуал бойынша деректер жаңарып тұрады.

 

2. Білім және ғылым министрлігі. Білім беру мекемелері қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Соған байланысты тегін ресурстар, білім саласына қатысты соңғы жаңалықтар осы жерге жарияланады. Сонымен бірге ата-аналардың чатында тараған ақпараттардың анық-қанығын осыдан білуге болады.

 

3. Сыртқы істер министрлігі.  Елге кіру, шекара асу, өзге мемлекеттермен байланысқа қатысты ақпараттар ала аласыз. Қандай шектеулер бар, өзге елдерде коронавирус жұқтырған қазақстандықтар болса, оны да осы каналдан білеміз.

 

4. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Карантин енгізілгендіктен, жол тасымалына қатысты көп сауал туындайды. Теміржол рейстері, автокөлік және әуе қозғалысы туралы ақпарат осында бар.

 

5. Азаматтық авиация комитеті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайтын комитеттің каналынан әуе рейстеріне қатысты ақпарат аласыз. Ел ішіндегі және халықаралық рейстердің қалай жүзеге асып жатқаны, байланыс нөмірлерін табуға болады.

 

6. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдігі. Карантинге қатысты қалада қойылған шектеулер, өткізілетін брифингтер, аймақтағы ахуал жайлы ақпарат лезде жаңартылып отырады.

 

7. Коронавирус инфекциясына қатысты бот - @kz_hls_bot. Бұл жерде вирус жайлы толыққанды ақпарат бар. Ботты іске қосқан соң, қазақ не орыс тілін таңдайсыз. Мәзірде вирус туралы, одан қалай қорғану керек, қалай және қайда емдейді, карантин мен оқшаулау деген не сынды сауалдарға жауап ала аласыз.

 

8. Бірге тексерейік. Фейк ақпаратпен күрес жүргізетін factcheck.kz сайтының каналы. Мессенджерлерде тараған түрлі даурықпалардың рас-өтірігін анықтайды.

 

Қазақстандағы дәл қазіргі сәттегі ахуалды білгіңіз келсе, coronavirus2020.kz сайтынан ақпарат алуға болады. Әлемдегі жағдайды worldometers.info -ға кіріп көре аласыз...

 

"ЗАМАНА".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ