Имамдар елге иманды үндеу тастады

24.03.2020
Қаралды: 72

Наурыздың 12-сі күні Жаңаөзен қалалық орталық «Әбіш қожа» мешітінде қасиетті Құран оқумен басталған жиында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы, Жаңаөзен қаласының құрметті ақсақалдары, ақ жаулықты аналары, белсенді қала жастары және мешіт имамдары Қазақстан халқына үндеу тастады.

 

«Ардақты аға­йын, құрметті халайық! Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының ақсақалдары, ақ жаулықты аналары, мешіт имамдары және қала жастары атынан бұл үндеуді барша қазақ жұртына арнаймыз. Соңғы бірнеше он жылдықта халқымыздың тұрмыс-тіршілігі едәуір өзгерістерді бастан кешті. Еліміз бо­йынша 2000 жылдардан бастап әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсара бастады, елдің тұрмыстық жағдайы да жақсарды. Нарықтық қатынастар өмірімізге еркін еніп, сауда-саттық ұлғайды, азық-түлік түрлері көбейді, дастарқан молайды. Аллаға шүкір, басынан талай қиын жылдарды өткізген халықтың әл-ауқаты түзелді. Бірақ та, шынтуайтына келсек, пейілі кең, көңілі дархан қазақ халқы бүгінгі таңда күнделікті тіршілікте сол дархандықты дарақылыққа айналдырып, көптеген ысырапқа жол беруде. Қазақ халқы қуанышта да, қайғыда да материалдық-моральдық ысырапқа ұшырауда. Қазақ дәстүрінде ерлі-зайыптылардың некесін қиып, шаңырақ кө­теріп, отау құрғасын белгілі бір уақыттарда атап өтетін тойлары болады.  Бүгінгі күні елімізде жастар үйленгенімізге 1, 2, 5, 10, 20 жыл деген себептермен той жасап, атап жүр. Мұндай тойлардың мәні бар ма?

 

Құрметті ағайындар, біздер қайда кетіп барамыз? Қолымыздағы дүниені балаларымыздың болашағына қажетті білім, пәтер немесе т.б. қажеттіліктеріне жұмсамай, бір күндік қызықтарға ғана шашудамыз. Оның өзінде оған жұмсалатын қаражатты адамдардан қарызға немесе банктерден несие алып жасап, артынан оны төлей алмай қиналып жатқан қаншама отбасы бар. Салдарынан қаншама жанұяның шаңырағы шайқалып жатыр.

 

Осы ысыраптардың алдын-алу мақсатында келесі ұсыныс­тарды ұсынамыз:

 

1) Беташар, шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той, тілашар той, құда түсу, қоржын сөгу, туған күн секілді түрлі мерейтой қуанышты күндерді өз жанұямыздың ортасында, ағайын арасында ғана отбасылық мереке ретінде тойласақ;

 

2) Отау құрған ұл-қызымызға арналған үйлену тойын арақ-шарапсыз, қымбат әншілерсіз, қымбат асабаларсыз, қымбат көліктермен қыдырусыз өтсе екен. Оларға кеткен қаражат екі жастың алдағы өмірлеріне қажетті дүниелерге жұмсалса;

 

3) Тойханаларда өтетін барлық тойлардың дастарқанындағы тағамдарды далаға төгілетіндей ысырапшылдыққа жеткізбесе. «Судың да сұрауы бар» деген қазақтың баласы ретінде далаға тасталған бір түйір дәннің де обал-сауабы, сұрауы бар екендігін ұмытпасақ.

 

Екінші сұранарымыз – қайғылы, қаралы үйге байланысты.

 

1) Жаназа кезінде қаралы үйдегі ысыраптар азайса. Кісі қайтқан үйде қазан-қазан тамақ асылу, ірі қара мал сою, қонақасы беру, мата жыртыс тарату, ине-жіп, тарақ, сабын, т.б. тарату, дастарқанды тойдың тамағындай етіп жасау, қайт­қан кісінің басына 3-4 миллион теңгеге қымбат етіп там салу, қабір басында там байғазы беру, төрт бұрышына төрт кілем қою, мата тарату секілді қажеті жоқ рәсімдер тыйылса. Оған кететін қаражат жағдайы жоқ отбасыларға жұмсалса.  

 

2) Бүгінгі ас-садақа дастарқандары тойдың дастарқандарынан ешбір айырмашылығы жоқ. Қайтқан кісілерді еске алу ас-садақа дастарқандарын қарапайым етсе. Біреудің жайған дастарқанын сынаудан арылсақ.

 

Құрметті халайық! «Мақтаншақ, бекер мал шашпақ» деп Абай атамыз айтқанындай, бәсеке, бос ысырапшылықтан арылсақ, ағайын! Алла-тағала елімізді аман, жұртымызды тыныш етсін. Халқымыздың өсіп-өнуіне, мемлекетіміздің бұдан да көктеп, көгеруіне, алып мемлекет болуына нәсіп етсін. Ұрпақтарымыздың иманды, ибалы, білімге құштар, елін сүйген ұлтжанды болуын жазсын. Мынау әлемді шарпыған коронавирус дертінен халқымызды, отандастарымызды Алла-Тағала қорғап, жұқпалы дерттің елімізде таралуынан сақтасын.

 

Осы көтерілген үндеуді қолдап, ары қарай таратуларыңызды және іс жүзінде жүзеге асуына атсалысуларыңызды сұраймыз. Алла-Тағала разы болсын!»

 

Жаңаөзен жұртшылығының атынан имамдар халыққа осындай үндеу тастады. Ысырапшылдыққа жол бермеу туралы орынды мәселені көпшілік те қолдайтын шығар. Өйткені тап қазір халықтың той тойлап жүретін уақыты емес қой.

 

"ЗАМАНА".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ