Қысылтаяң кезде бір-бірімізге көмектеспесек, несіне қазақ болып жүрміз?

24.03.2020
Қаралды: 309

Коронавирус дертінің күн сайын өршіп бара жатқаны көп адамның көңіліндегі күдігін күшейтті. Мұндай жағдайда елдегі сақтық шараларының жүзеге асуына тұрғындардың бәрінің бірдей атсалысуы керектігі түсінікті жайт. Әлеуметтік желідегі аудиолардың бірінде аты-жөні белгісіз бір азамат бұл туралы былай деп ойын айтыпты: 

 

«Алаш арландары, қалдарыңыз қалай? Әңгі­мелеріңізді тыңдап отырмын. Біреуіңіз анау дейсіздер, біреуіңіз мынау дейсіздер. «Мен өйттім-сөйттім» деп отырсыздар.

 

Ағалар, інілер, бауырлар, кішкене жұмыс істейік. Қарап отырсыздар, коронавирус келіп жатыр. Барып үйіміздің қасындағы балабақшалардың, мектептің, үлкен супермаркеттердің тазалығын, гигиеналық дозаторлардың  бар-жоғын, адам шоғырланатын жерлерде не болып жатқанын – осының бәрін тексерсеңіздерші... Метроны аралап келсеңіздер де болады.

 

Иә, түсінемін, мұның бәрін Үкімет жасауы керек. Бірақ, Үкіметтің қандай болып жатқанын көріп отырсыздар ғой... Халық болып, өзімізге өзіміз көмектесейік. Телефонда отырмай, кішкене шықсаңыздаршы... Ананы-мынаны көріп, қай жерде не болып жатқанын телефонға түсіріп, маған жіберіңіздерші... Мен оны әкімдіктің чатына жіберейін.

 

Мен үш сағаттың ішінде бүкіл метроны аралап шықтым. Дозатордың барлығы теріс қойылған. «Перила», басқа да адам ұстайтын нәрсе­лердің барлығы шаң-топалаң. Кейбір жері таза, кейбір жері шаң. Бірінде дозаторлар метроның шығатын жерінде бар, кіретін жерінде жоқ болса, енді бірінде керісінше. Соның бәріне ескерту айтып, кешке қарай тағы бір келіп тексеремін деп кеттім. Жасаймыз деп қалды.

 

Бұл тазалық неге керек? Маған, менің бала-шағама, ағайын-туысыма, бауырларыма, достарыма керек. Ол сендерге де керек. Отырып алып дінді, Серікжан Біләшті, митингті айтқанша, «анау бүй деді, анау сөйдеді» дегенше, 1-2 сағат уақыттарыңызды бөліп шықсаңыздаршы...

 

Халқым, халқым дейсіздер де, отырып алып неше түрліні жазып, айтып отырасыздар. Халық керек болса шығыңыздаршы, жаңағы нәрсені жасаңыздар, бәрін көрсетіңіздер, мекеменің адамдарына айтыңыздар. Айту – сіздердің құқықтарыңыз, парыздарыңыз. Халық пен жерді бізге ата-бабаларымыз аманат қылып  қалдырды. Тура осындай қысылтаяң кезде біз болып, сіз болып, бір-бірімізге көмектеспесек, онда несіне ел болғанымыз? Несіне қазақ болғанымыз? Анау-мынауды жаза бергенше, бір-бірімізге көмектесейік...». 

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ