Адыраспанның бағасы аспандап кетті

24.03.2020
Қаралды: 87

«Коронавирус тарамай тұрғанда адыраспанның бір бумасын 100-150 теңгеге алып жүргенбіз. Бүгін барсам 300 теңге деп тұр. Мен бұл туралы әлеуметтік желіге жазба қалдырғанмын. Сөйтсем «бағаны тұрақтандыра алмадыңдар» деген айыпқа ілінбес үшін мұның жария болғанын қаламайтындар да бар екен. Ақырында желідегі жазбамды алып тастауға тура келді».

 

Осылай деген шымкенттік тұрғынның сөзінің жаны бар. Расында да, осыған дейін 100-150 теңгеден сатылып жүрген адыраспан соңғы уақыттары 250-300 теңгеге бір-ақ шыққан. Ал сатушылар болса оған деген сұраныстың бұрынғыдан әлдеқайда көбейгенін айтады. Демек, адыраспан бағасының осылай ә дегеннен 2-3 есеге қымбаттауына құны құлдыраған теңге де, бағамы өскен доллар да емес, сұраныстың артуы себепші болған секілді. 

 

Не десек те қарапайым халықтың базардағы бағаға билігі жүрмейді. Адыраспан саудасын қыздырғандар да індеттің таралуына байланысты мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келген болар. Ал бірақ, шынында да адыраспанның вирусты жоятын қа­сие­ті бар ма?

 

Адыраспан шөбінің тіл-көзден, жын-шайтаннан сақтайды деп тұтатылатыны, биікке ілініп қойылатыны бұрыннан белгілі жайт. Оны қазақ әу бастан киелі санаған. Дегенмен оның емдік қасиеті де аз емес деседі.

 

Халық медицинасында адыраспанды ревматизмге, құяңға, демікпеге, ентікпеге, жүйке ауруларына, тері ауруларына, тістің қақсағанына қар­сы, сондай-ақ несеп және іш жүргі­зетін, тер шығаратын дәрі ретін­де пайдаланған. Әдетте оның тұнбасын суық тигенде ауруды басып, одан әрмен асқындырмауға қолданатын көрінеді. Сабағы мен жапырағын қайнатып, мөлшерімен ішсе, талма, сал, ұмытшақтық, ми қабынуы сияқты дерт­терге шипа деседі.

 

Сондай-ақ адыраспанмен малдағы тері ауруларын да емдеуге болады екен. Десе де, адыраспан улы өсімдіктердің қатарына жатады. Оның зиянды тұсы да осы. Ертеректе моңғолдар адыраспан уын жауларына қарсы қолданған екен. Оны аяқ киім ұлтарағына жақса, кигенде у денеге өтіп, адам қаза табатын болған. Тарихта батыр атанған қолбасшы Сырым Датұлын осылай улады деген дерек бар.

 

Сол секілді жүкті әйелдің жанында адыраспан түтету де қауіп тудыруы мүмкін көрінеді. Адыраспан түтіні әйелдің түсік тастауына әкеліп соғуы ықтимал екен. Сөйте тұра адыраспанды залалсыздандыратын құрал ре­тінде қолдануға әбден болады. Ол микробтарды жоятын қасиетке ие. Содан да болар, әдетте тұмауратқан кезде онымен үйді түтіндетіп қоятын жұрт енді оны коронавирустан қорғаныш ретінде сатып ала бастады. Әрине, ғаламтор беттерінде адыраспан короновирусты өлтіреді деген нақты мәлімет айтыла бермейді. Дегенмен онымен бөлмелерді түтіндетіп қойғанның адамға еш зияны жоқ.

 

...Айтпақшы, Түркіменстан Прези­денті Гурбангулы Бердымұхамедов өткен Үкімет отырысында өз халқына коронавирустан адыраспан арқылы қорғануды ұсыныпты. Адыраспанға деген сұраныстың жоғарылауына қарағанда Түркіменстан басшысының бұл ұсынысын қазақ елі әлдеқашан қабылдап қойған секілді.  

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ