Джефри Колонел: «Шымкентте менің достарым көп»

25.08.2016
Қаралды: 2316

Алда 1-қыркүйек – Білім күні келеді. Ал білім – адамзатты алға жетелейтін алып күш. Осы орайда шәкірттерге білім нәрін сіңіретін ұстаз атаулының жөні бөлек.

 Біз Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқып жүргенде  Джефри Колонел есімді осындай азаматты танып-білдік. Ол кісі өткен екі жыл бойы оқушыларға «Жаһандық перспектива» пәнінен сабақ берген болатын. Бүгінде ағайымыз Гонконгте бала оқытып жатыр. Біз таяуда онымен Интернет арқылы байланысып, әңгімелестік.

– Мистер Джефри, алдымен өзіңіз жайлы әңгімелеп берсеңіз...

– Мен АҚШ-тың  Нью-Йорк штатынанмын. Біздің ата тегімізде неміс, итальян және британдықтар кездеседі. Отбасымызда әкем, анам, әпкем бар. Әкем – программист, анам үйде отырады, әпкем қауіпсіздік компаниясында жұмыс істейді. Олар қазір АҚШ-та тұрып жатыр. Айналысатын хоббиім көп. Кітап оқығанды, басқа ұлт өкілдерімен танысқанды және олардан көп нәрсе үйренгенді, саяхаттауды, жаттығуларды, табиғатқа шыққанды, тамақ жасағанды және пианинода ойнағанды жақсы көремін. Ағылшын тілінде сөйлеймін. Мектепте алты жыл испан тілін оқыдым, аздап кәріс тілін білемін. Қазақстанда өмір сүру арқылы орыс тілін де үйрендім.

– Мұғалім болу бала кезден арманыңыз ба, әлде бұл мамандыққа кездейсоқ келген бе едіңіз?

– Мен адамдарды жақсы көрдім, олармен үнемі байланыста болатын, оларға жәрдем беретін, өзімді жақсы адам ететін мамандықты таңдағым келді. Сөйтіп мұғалім болуды жөн көрдім. Жақсы мұғалім төзімді, қамқор және мейірбан болады. Дәл осы адами қасиеттерді өз бойыма сіңіргім, адамдарға қамқор­лығымды көрсете алатын жерде жұмыс істегім келді. Тек бас пайдасын ғана көздеп, көп ақша табуға ұмтылғаннан мұғалім болып, балаларға білім берген маңызды деп санадым. Осы уақытқа дейін мен АҚШ-та, Оңтүстік Кореяда, Қазақ­станда әртүрлі, яғни мемле­кеттік, тілдік мектеп­терде, халықаралық мектеп­терде, универси­теттерде мұғалім болып жұмыс істедім. Ал қазір Қытайдың оңтүстігін­дегі Гонконг қала­сында қызмет атқарып жүрмін. 

– Қазақстандағы күнде­ріңіз жайлы әңгімелеп беріңізші. Мұнда нені ұнат­тыңыз, не ұнамады?

– Басқа адамдарды білмеймін, бірақ менің Қазақстаннан үйренгенім  төзімділік болды. Мұндағы өмірім қандай болатынын мен алдын-ала болжай алмадым. Мен ойламаған, тіпті күтпеген нәрселер де болып жатты. Сол арқылы мен тосын жайларды қабылдауды және сабырлы болуды үйрендім. Бұл менің экспериментім болды. Жалпы, бұрын болмаған, мүлдем білмейтін жерде тұру кез-келген адам үшін керемет  эксперимент, оның қай жерден келгені немесе қай жерде тұрып жатқандығы маңызды емес.

Қазақстандағы маған ұнамағаны – адамдар бір-біріне сенбейді екен. Мен бұл елде бір қиын оқиға өтіп, сол оқиға адамдардың есінде қалып кеткен-ау деп ойладым. Мұнда қолында билігі бар адамдардың заңға бағынбайтын кездері болатынын  байқадым. Адамдар арасында сенімнің болмауының бір себебі осында жатуы да мүмкін.  Қай істе болмасын адамдардың бір-біріне сенбеуі қиындық туғызады. Кейде қолында билігі бар адамдар өз билігін адал қолдана бермейді. Бұл қарапайым адамдарға мәселе туындатуы мүмкін. Ол жайында әрбір қазақстандық біледі.

– Сағынышпен еске алатын ерекше оқиғалар өтті ма басыңыздан?

– Алматыда екі жыл, Шымкентте екі жыл жұмыс істедім. Көптеген адамдармен таныстым, дос болдым. Бәрі жақсы, бірақ жаныма жақын тартқан достарым Шымкентте тұрады. Шымкентті сағынышпен еске аламын. Өзім екі жыл жұмыс жасаған Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегідей оқушыларды мен ешқашан көрген емеспін. Олар соншалықты мейірімді, мәдениетті, ашық, еңбексүйгіш және мен ешқашан ұмытпайтындай керемет еді. Мен осындай оқушылармен жұмыс жасауға мүмкіндік алғаным үшін өзімді жолы болғыш адамдардың қатарына  қосамын. Осы оқушылардың әрқайсысы керемет өмірге қол жеткізетініне сенемін.

Қазақтың ұлттық тағамдарын жеп көрдім, өте дәмді. Өзің дайындаған тағам дәмді болатынына көз жеткіздім. Сөйтіп мен сырттан тамактанғаннан көрі өзім дайындап ішуді үйрендім.

– Өз еліңіз АҚШ туралы не айтасыз? Адамдары қандай?

–  Американдықтардың бойындағы маған қатты ұнайтын қасиеттердің бірі де бірегейі – ашықтық. Көшеде кетіп бара жатқанда кез-келген адамды әңгімеге тартып, әрі қарай дос болып кете аласың. Оның кім екені, қай жерде танысқаның маңызды емес. Мүмкін ол автобуста сенің жаныңда отырған, әлде супермаркетте сенен кейін тұрған шығар, танысып, сөйлессең болды, ол сенің досыңа айналады. Біз кез-келгенге сөйлейміз, өте ашықпыз және дос бола аламыз. Қай жерде жүрсем де мен американдықтардың осы қасиетін қатты сағынамын.

Тағам жағына келсек, бізде де ұлттық тағамдар бар. Бірақ біздің ұлт өте бейімделгіш, біз басқа ұлттардың тағамдарын алып өзіміздің талғамымызға сәйкес кішкене өзгертулер жасағанды ұнатамыз. Сондықтан АҚШ-тан барлық тағамдардың түрін таба аласыз. Әрине, өз елімде самса немесе түшпара секілді Қазақстанның тағамын көрмегенмін, алайда егер біздің жақтың адамдары оның дәмін татып көрсе жақсы көріп қалары анық.

– Алға қойған жоспарыңыз қандай?

– Оқуымды жалғастырсам ба деп ойлаймын. Орта Азияда жұмыс істегім келеді. Өзім оқыған мектепті басқарғым келетін кездер де болып тұрады. Қандай жоспар құрсам да айналып келгенде ұстаздық қызметімнен қол үзбеймін. Мұғалім болып қала беремін. Ұстаз болуды, ұстаз деген атқа лайық болуды бақыт санаймын.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан – А. СЕМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ