Шектеулер халыққа қалай әсер етті?

24.03.2020
Қаралды: 153

Нәсібін кәсібімен тауып жүрген қазаққа бұл індет оңай болмай тұр: кәсіпкерлердің күнделікті табысы кәдімгідей күрт түскен. Әлемдік пандемия алпауыттар түгілі шағын кәсібіне шүкір деп отырғандарға да кері әсер етіп жатыр. Шымкенттегі жағдай қандай? Біз бірнеше кәсіп иелерімен сөйлесіп көрген едік.

 

Киім алатындар азайды дейді

 

Шымкент базарларының бірінде қыз-келіншектер киімін сататын Гүлжайна Жәлел­қызы ақпан айының соңынан бері саудасы жүрмей жатқанын айтады. «Мен он екі жылдан бері киім сатамын. Жылда осы уақытта көктемгі киім жақсы өтуші еді. Биыл ондай сауда жоқ. Жұрт бар ақшасын азық-түлікті артығымен алып қоюға жұмсап жатыр.

 

Негізгі алушыларымыз сәнді киінгенді ұнататын жастар еді. Студенттер демалыс­қа кеткелі сауда қатарлары кәдімгідей босап қалды. Бірді-екілі келушілерге көрсететін жаңа үлгідегі киім де қалмады. Өйткені шет елге шыға алмаймыз. Жеткізу қызметін пайдалану сенімсіз. Бірақ базардағы екі орын­ға төлейтін салыққа жеңілдік жасалған жоқ. Саудаң жүріп жатыр ма, жоқ па, бәрібір төлеуің керек. Осындағы саудагерлердің бәрінің миллиондап несиесі бар. Қалай болар екен деп уайымдап отырмыз. Ауру күшейсе, базарды жабуы мүмкін деген сыбыс бар. Ондай жағдайда қалай күн көретінімізді білмеймін», – дейді ол.

 

Автобустар жартылай бос

 

Әшейінде адамға лық толып жүретін Шымкенттің автобустары кәдімгідей босап қалған. Таңғы және кешкі адам көбейіп, тіпті «бір аяқтап» әзер тұратын «час пик» уақытында  да автобустарда бос орын көп.

 

Тиын ақшалар салынған қалтасын салмақтай сипаған кондуктор қыз: «Соңғы айналым, «план» орындалмайды, қалай болар екен?» – деп жүргізуші жаққа жалтақтады. Ол иығын қиқаң еткізді. Осы сәтті пайдаланып, кондуктор қызды сөзге тарттым.

 

«Адам аз. Автобусты толтыратын оқушылар мен студенттер еді ғой. Жұмысқа баратындар да азайған. Автобустың үштен екісі босап қалды. Бұл бізге тиімсіз. Күнделікті жанар-жағармайды да ақтай алмайтын түріміз бар. Түске таяу жалғыз жолаушымен қаланың тең жартысын айналып шыққанда жылағым келді. Бірақ бәрібір «план» өткізуіміз керек. Жолаушы азайды деп жұмыс уақытымыз немесе күндік жоспарымыз қысқарған жоқ.

 

Біздің бағыт базар жанынан өтетіндіктен үнемі адам толы болатын. Кешелі бері адамдар базарға да бармай қойды ма, тіпті аза­йып кетті. Бұл түрімізбен жалақысыз қалатын шығармыз», – деді кондуктор.

 

Той деп бекер шығын болған

 

Кондитерлік кафетерий желісіне бас сұқтық. Келушілері күрт азайғаны бірден байқалады. Әдетте «Ладушкиде» бұл уақытта ығы-жығы адам, отыратын орын үшін де, сатушы алдында да кезек болатын. Бұл жолы көргеніміз он бес адамнан аспайды. Касса алдындағы ерлі-зайыптылар тәтті тағам сатып алуға емес, тойға деп берген тапсырысынан бас тартуға келіпті. Сатушы қыздан суыртпақтап білгеніміз, кондитер желісі бұған дейін бір күнде бірнеше той тәттілеріне тапсырыс алып жүрген екен. Кейде тапсырыстың тым көптігінен аспаздар үлгере алмаймыз деп, бас тартатын кездері де болыпты. Енді жағдай жүз па­йызға өзгерген. «Жүрек жалғауға» кірушілер, дайын ас түрлері, салат, самса, торт алушылар үш есе азайыпты. Ал той жасайтындар, құдайы ас өткізетіндер мұндай жиын өткізбейтінін айтып, «заклад» ақшаларын алып кетіп жатыр екен.

 

«Бұлар жақсы екен, тиынына дейін қайтарды. Ал тойхана қайтармай жатыр. Бермейміз дейді. Той күнін басқа уақытқа ауыстырыңдар. Ол 2 айдан ары аспау керек. Әйтпесе күйіп кетеді», – деді. Жағдайдың қандай болатыны белгісіз, әрі мынадай қапылыста той күнін ауыстырып бел­гілей салу оңай емес қой. Жиырма мың теңгем күйді. Бекер азырақ бермеген екенмін деп өкініп отырмын.

Той шығынына жетпей қала ма деп несие алып едік. Көп өтпей жауып тастаймыз деп. Бекер шығын болдық. Баға қымбаттап кетті. Той жасамайтын шығармыз», – деп күйінді ерлі-зайыпты кісілер.

 

Таксиде де табыс азайыпты

 

Студенттер қашықтан оқу жүйесіне көшкелі Шымкентте кешкі серуен құрушылардың да күрт азайғаны аңғарылады. Той-томалақ тоқтағалы бір мезгіл официант болып азын-аулақ табыс табатын студенттер бұл мүмкіндіктен де қағылған.

 

«Үйіме жақын жердегі тойханада официант болып істейтінмін. Той да, құдалық та тоқтады. Керек кезде өзіміз шақырамыз деп, әкімші апай келмей-ақ қоюды тапсырды. Ата-анамнан киім, дәптер керек, жолға деп, басқа да шығындар үшін ақша сұрай беру қиын. Бұл мен үшін ыңғайлы еді. Осы тойхананың өзін курстас қыздар арқылы әзер тапқанмын. Студенттер үшін ең қолайлы жұмыс осы болғандықтан қазір официант орнын табу да оңай емес», – дейді таныс студент қыз.

 

Қаланың кешкі тыныс-тіршілігін көрейік деп, такси шақырттық. Түн жарымына дейін ығы-жығы адам жүретін Арбатта ары кеткенде үш адам. Онда да серуен үшін емес, жолай өтіп бара жатқандар. «Шымкент-Плаза», «Мега» сауда-ойын орталықтарының есігі сегізде жабылған. Әшейінде жұмысы кешке қызатын кафелер бірді-екілі келушіге риза.

 

«Қала тыныш болып қалды, ә? Бұл уақытта кафеге кірген-шыққан адам көп, таксистер үшін де «час пик»  болатын. Түс ауа сағат 5-тен түнгі 2-ге дейін «пробка», шақырту көп, бір бағыттағы 2-3 жолаушыны іле кетуші едік. Кешелі бері 12-ге жетпей үйде отыратын болдық. Демалған жақсы ғой. Бірақ несие бар, бала-шағаның күнделікті тамағы бар. Табыс бұрынғыдай болмай қалды», – деді жүргізуші.

 

Бір айға жарияланған төтенше жағдайдың екінші күні-ақ жұрт шығындары өсіп, табыстан қағылғанын айтып жатыр. Бұл жағдай ешкімге оңай болмай тұр...

 

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ