Нойс деген кім?

19.03.2020
Қаралды: 1097

Жамбыл облысындағы Сарысу ауданының тумасы Нұржан Иманалиев есімді азаматтың ауыл тұрғындарына жасаған қайырымдылығы оның көп адамнан алғыс алуға себепші болды.

 

Ол таяуды жалпы салмағы 210 тоннаны құрайтын үш вагон көмірді Сарысу ауданындағы тұрмысы төмен отбасылар­ға таратқан. Бұл туралы әлеуметтік желіде айтылды. Әр үйге «КамАЗ»-бен әкеліп түсіріліп жатқан көмірге ризашылығын білдіргендердің ішінде көпбалалы аналар мен қарт кісілер де бар.  

 

«Айналайын, мына істеп жатқан тір­лігің жақсы, игілікті, имандылық іс. Жүрегің кең, кеңпейілді жігіт екенсің. Қазақтың осындай ер жігіттері көбейе берсін. Бала-шаға, отбасың аман болсын. Істеген тірлігіңе Алла берекесін берсін. Жасап жатқан садақаң 10 есе, 100 есе болып қайтсын. Көмір алып жат­қан жұрт рахметін айтып жатыр. Денің сау болсын. Халық, ел-жұрт аман болсын! Нұржан, айналайын, өркендеп, өсе бер, тірлігің алға баса берсін! Рахмет, көп жаса, айналайын!» – дейді видеода солардың бірі. 

 

Ал ауыл тұрғындарына осылай мей­лінше мәрттік танытып жүрген бұл жігіт кім?

 

Нұржан Иманалиевті көпшілік «Нойс» деп таниды. Бұл – оның  лақап аты.

 

Ол 1983 жылы Жаңатас қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда жұрт оны айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі ретінде біледі. Мұны ақынның өзі құпия ұстауға тырысқанымен, олардың бірге түскен суреттері әлеуметтік желіде тарап үлгерген болатын. Сондай-ақ бұл ақпаратты Айнұрдың құрбылары да рас­таған көрінеді.

 

Көпшілік мұны айтыскер ақынның үшінші рет тұрмыс құруы деп айтып жүр. Бүгінде бұл отбасы Түркияның Стамбул қаласында тұрады. Ақынның «Инстаграм» парақшасындағы кей видеоларынан да оның Түркия жерінде жүргенін байқау қиын емес. 

 

Әлеуметтік желіде Нұржан Имана­лиевті «Дикий Арманның», яғни Арман Жұмагелдиевтің жанынан жиі байқауға болады. Кей дереккөздерде оны «Дикий Арманның» серіктесі деп жазады. Но­йс­тың Стамбулда жеке кәсібі мен жылжымайтын мүлкі бар екені де айтылады. Дәлірек айтсақ, ол «Noіse» деп аталатын караоке-бардың және жеке вилланың иесі көрінеді.

 

Шетелде болса да өз халқына қайырымдылық танытып жүрген Нұржан Иманалиев туралы бар білгеніміз осы болды. Себебі ол туралы жарияланған ақпарат жоқтың қасы, әлеуметтік желідегі парақшасын да таба алмадық. Соған қарағанда, Нұржан мырза өз өмірі туралы көп жария ете бермейтін секілді. Дегенмен қай жақта жүрсе де өз қандастарына қайырымдылық жасай білетін осындай қазақтардың болғаны қуантады.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ