Аслан Мусиннің ағасы туған інісінен қиянат көргенін айтады

16.03.2020
Қаралды: 284

Кезінде Ақтөбе, Атырау облыстарын басқарған, министр болған, 2008-2012 жылдар аралығында Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған Аслан Мусинге қатысты жайсыз әңгіме шықты. Оның туған ағасы Орынбасар Мусин Президентке інімнің рейдерлік қысымынан құтқарыңыз деген тұрғыда видеоүндеу жариялады. Орыс тілінде жасалған үндеуді ықшамдап аударып, назарларыңызға ұсынуды ұйғардық.

 

«Құрметті Президент мырза! Мен – Мусин Орынбасар, 72 жастағы адаммын. Өзімнің туған інім Аслан Мусиннің тара­пы­нан қысымға ұшырап отырғандықтан Сізден көмек сұрауға мәжбүр болдым. Ол бұрын жоғары лауазымды қызмет істе­ген, қазір де Ақтөбеде өз ықпалын жүр­гізіп отыр», – дейді О.Мусин.

 

Бұл үндеуде мынадай сөздер бар:

 

«Інім 2005 жылдан бері рейдерлік әрекетті жоспарлы түрде жүргізіп, адал еңбекпен тапқан мүлкімді тартып алды. Қазір енді қалғанының бәрін тартып алмақ, балаларым мен немере­ле­рімді өмір сүруге қажеттілерден айыр­мақ.

 

Мен әбден тұралап, қарызға батқан кәсіпорынды сатып алып, тәулігіне 20 сағат тынбай жұмыс істей жүріп бизне­сім­ді көтергенмін, оны гүлденген, көпсалалы азық-түлік компаниясына айналдырдым. Бизнесті мен еліміз тәуелсіздік алған жылдары бастағанмын, мемлекеттік қызметте істейтіндіктен әрі мінезі қатты өз­гер­ген інімнен араны әрқашанда қа­шық ұстауға тырыстым. Алайда ол менен материалдық көмекті жиі сұрайтын, сондықтан оған жәрдем беріп тұрдым. Ал өзім одан ешқашан жәрдем сұраған емеспін. Өйт­кені маған оның жанындағы адамдардың өмір салты белгілі еді.

 

2003-2004 жылдары менде азық-түлік өнімдерін шығаратын көрнекті кәсіп­орын болды. Кәсіпорын ғимараттарының көбін мен олардың қарызымен қоса сатып алған едім, басқасын жаңадан салдырғанмын. Інімнің кәсіпорынның аяқтан тұрып, дамуына қосқан ешқандай да үлесі болмағанын баса айтқым келеді.

 

Аслан Мусиннің тарапынан менің бизнесіме ақырындап, жоспарлы түрде жүргізілген рейдерлік тартып алу 2005 жылы, ол Атырау облысының әкімі болып, атышулы ағайынды Рысқалиевтермен бірге жұмыс істеген кезінен басталды. Ол бизнесімнің 50 пайызын өзінің ұлы Асылбектің атына жазғызуды сұрады. Бұл Асылбектің салтанатты өмір салтын қалқалау үшін қажет болған. Өйткені жұрттың көкейінде  мемлекеттік қызмет­шінің жұмыс істемейтін баласы қыруар ақшаны қайдан алатыны туралы сұрақтар туындай бастаған еді. Оған қоса Аслан мені баласына жарты үле­сін жазғызу арқылы бизнесті рей­дерліктен қорғай аламыз деп сендіруге тырысты. Қарсылық білдіргенімде қоқан-лоққы жасады, тіпті әулеттің бір іс-шарасы кезінде маған қол жұмсауға дейін барды.

 

Жалпы, мұндай қылық оған тән жағдай еді. Ол менің оны өзгеге айтпайтынымды, көпшілікке жария етуге намыстанатынымды, ұялатынымды білетін. Оның сөздерінен, психологиялық тұ­рақ­­сыз жағдайынан қорқып, «Рамазан» ЖШС-нің жарты үлесін кәсіпорынға еш­қан­дай да қатысы жоқ, оған ешбір материалдық үлес қоспаған, мүлікті өзінің жеке мақсатына, жанындағылардың материалдық игілігіне жаратуды ғана көз­дейтін Асылбек Мусиннің атына жазғыздым. Көз алдау үшін кәсіпорында оған жеке кабинет жасадық. Кейін  үлестің 25 пайызы, сосын қалғаны біртіндеп Ас­лан­ның бала кезінен шетелдерде тұр­ған, кейінгі кездері Латвияда тұрып жат­қан кіші ұлы Сауранбекке өте бастады.

 

Мен кейін Аслан үшін ұлдарының Қазақстанда кірісі мол бизнесі жұмыс істеуі маңызды болғанын түсіндім. Сырт­қа капитал алғашында оның үлкен ұлы, сосын кіші ұлы арқылы шығарылған болуы мүмкін. Менің бизнесімнің өмір сүруі, дамуы, болашағы Асланды түк те қызықтырған жоқ, ол оған қаржы салмаған, бас­қадай да көмек көрсеткен емес. Асланның барлық шығындарын «Рамазан» серіктестігі көтеріп отырды. Сондықтан 2016 жылы мен Асланнан бизнестен шығуды немесе оны менен сатып алуды өтіндім. Ол өзі мен отбасының Қазақстанда тұратын ойы жоғын, жиған ақшасы өзіне де, отбасына, немере-шөбере­леріне де жеткілікті екенін айтты. Сонымен қоса ол менен «Рамазан» серіктес­тігінің қалған үлесін беруді талап етті.

 

2019 жылы мен Асланның ЖШС құрамынан шығуына қатысты мәселе көтер­дім. Сол кезде ол тағы да қорқытуға көшті, кәсіпорынның қалған 50 пайыз үлесін, оған қоса менің балам жұмысын жолға қойған құс фабрикасын беруімізді талап етті. Бұл кезде ұлым құс фабрикасын дамытып жатқан еді.

 

Мен Асланның талабын орындаудан бас тарттым. Аслан мені ұлыммен бірге түрмеге тыға­ты­нын, онда бізге түрлі жағдайлар болып кетуі мүмкін екенін айтып қорқытты. Оның осы әрекеттеріне Латвиядағы банктің оны заңсыз ақша айналымы бойынша айыптауы себеп болған шығар деп ойлаймын. Немесе оның Еуропадағы кәсіпорындарға салған салымы сәтсіз шыққан болуы мүмкін. Ал Аслан мен оның отбасы ақшаны оңды-солды жұм­сау­ға дағдыланған, кірістің бас­қалай көзі оларда жоқ, өйткені Асланның отбасы жұмыс істеп үйренбеген.

 

Оған ұлы Асылбектің қайғылы қазасы әсер етіп, сол себепті өзі бала кезден зардап шегетін психологиялық ауыт­қуы өршіген болуы да мүмкін. Мемле­кеттік қызметтен кенеттен алып тастауы да өзіндік роль ойнады. Оның өзін-өзі танытқысы келді. Мұндайда бөтен адамды таңдау қауіпті, сондықтан оның таңдауы әрқашан айтқанын істейтін, көне беретін маған түсті. Ал менің үндемейтін себебім – болып жатқан жайды жариялауға ұялатынмын, әкемізге жаманат келтіруге намыстандым.

 

Ал Аслан Ақтөбеге өзінің Асқар Қарабаев деген сыбайласын жіберді. Ол өзін АҚШ азаматымын деп таныстырды.  Оның басты шаруасы – маған қосымша психологиялық қысым көрсету болды. Ол егер інімнің талаптарын орындамасам, маған, менің ұлым мен бизнесіме қарсы жергі­лікті құқық қорғау орындарының, атқарушы биліктің, әділет органдарының, сот­тардың лауазымды тұлғаларының  жаппай шабуылы басталатынын айтып қорқытты. Асланның криминалмен байланысы барын да ескертті. Осының бәрі менің кәсіпорнымдағы кеңседе болып жатты, Асқар менің кабинетімнен шықпай отырып алып, інімнің тарапынан маған және отбасыма бағытталған қор­қыту-үркітуді жеткізумен болды. Қан қысымым көтеріліп, жағдайым нашарлағанын пайдаланып, мені «Рамазан» серіктестігіндегі қалған үлесімді беруге көндірді. Үлесімді тегін бердім.

 

Мен Аслан осымен тоқтайтын шығар деп үміттеніп едім. Бірақ олай болмады. Арада көп өтпей ол Асқарды ертіп менің үйіме келді, сөйтіп қалған барлық мүлік пен бизнесті түгелдей өзіне өткі­зуімді талап етті. «Бұдан кейін біздің отбасы қалай өмір сүреді?» – деген сұрағыма: «Сенің тағдырың осындай», – деп кекесінмен жауап берді. Егер талабын орындамасам, облыстағы бүкіл мемле­кеттік машина менің отбасыма қарсы жұмыс іс­тейтінінін ескертті. Мен өзімді қолға алуға тырыстым, оның осы әрекет­терінен шаршағанымды, өмірде шындықты жақтайтын жақсы адамдардың да бар екенін, енді соңына дейін күресуге бел буғанымды айттым.

 

Мен өз бизнесімді тек пайда табу үшін ғана емес,  әлеуметтік маңызды салаға еңбек сіңіру үшін бастағанмын. Ауыл шаруашылығымен, азық-түлік та­уарларын өндірумен сол үшін шұғылдандым. Аумағымызды, барша тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін тұралап жатқан құс фабрикасын қолға алдым. Ол кезде Ақтөбеге жұмыртқа Ресейден тасымалданатын. Құс фабрикасының жұмысын оңтайлы жүргізген­діктен соңғы үш жылда оның қуатын 60 пайызға дейін арттырдық. Жоғары сапалы, қолжетімді бағадағы өніммен Ақ­төбе өңірін ғана емес, Орал, Атырау, Ақтау, Қы­зыл­орданы қамтыдық, Ақтөбеде өндірілетін жұмыртқаны Ресейге, Ауғанстанға өткізе бастадық.

 

Мен ұн, жарма, нан, кондитерлік өнім­дер шығаруда да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі принциптерін ұстандым. Кәсіпорынды меншігіме алған кезде оның жағдайы өте нашар еді, мен онда тиісті жөндеу жұмыстарын жүргіздім, жаңа жүйені іске қостым, заманауи нан зауытын, кондитер зауытын салдым, жаңа құрал-жабдықтар, техникалар сатып алдым. Мен басқарып тұрған кезде кәсіп­орын өнімдерінің бағасы тіпті дағдарыс кездерінде де іс жүзінде көп өзгерген жоқ. Ал інімнің рейдерлік ісі мен оның төңірегіндегілердің әрекетінен кейін ең маңызды тауарлардың бағасы 20 пайыз­ға дейін артып кетті. Кәсіпорыннан ондаған адамдар шығарылды, біразы өз еріктерімен кетті. Диірмен жұмыс істемей қалды, тауар сапасы нашарлады.

 

Мемлекет адал, халыққа қызмет ете­тін, әлеу­меттік жауапкершілігі жоғары кәсіп­кер­лерді қолдауы тиіс. Бизнес менің інім мен оның төңірегіндегілер сияқты  жеке өзінің баюын ғана көздейтін, шетелдерде тұратын алаяқтар мен уақытша пайданы көздейтіндердің қолына түспеуі керек. Егер бұл адамдар құс фабрикасын да алса, онда оны да алдындағылар сияқты тағдыр күтіп тұр. Бағалар негізсіз көтеріледі, кәсіпорынның бүкіл қуаты сарқылады, өндіріске еш­қандай да қолдау көрсетілмейді, ол дамымайды, күйрейді, соның нәтижесінде  өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету тоқтайды, жүздеген адамдар жұмыссыз қалады.

 

Мен туып-өскен Ақтөбемнен басқа ешқайда шыққан емеспін, өмір бойы мемле­кетіміздің игілігі үшін қызмет еттім, туып-өскен өлкемнің гүлденуін тілеймін. Бізді осылай тәрбиелеген, мен де балаларымды осылай тәрбиеледім. Сондықтан да менің балаларым мен неме­релерім Қазақстанда тұрып, қарапайым өмір сү­ру­де.

 

Алайда менің інім басқаша адам, оны шексіз билік пен ақша өзгерткен. Өзі де, отбасы да көп уақыттан бері шетелде тұрады, онда туыстық сезім жоқ, тамырдан ажыраған.

 

Бүгінде ұлым Нұрлан Мусин екеумізге қатысты ойдан шығарылған айыппен заңсыз қылмыстық іс қозғалып отыр. Ақыл­ға сыймайтын айыпты тағып, үсті­мізден шағым түсіріп отырған – өзімнің туған немере інім Сауранбек Мусин, өзімнен тартып алынған «Рамазан» серіктестігі. Бүгінде Ақтөбе полициясы кәсіпорын құрылтайшысы ретін­де осыдан екі жыл бұрын қайтыс бол­ған немере қызымның оқу ақысын төле­генімді негіз етіп, белсенді түрде тексеріп жатыр. Ал кәсіпорын құрылтайшысының, туған немересі түгілі, бөтен баланың да оқу ақысын төлеуге құқы бары заңгерлік оқудың бірінші курсында жүргендерге де белгілі емес пе? Туған інім мен оның баласының осындай әрекетке баруына еш ақылым жетер емес. Енді мені осындай арзымайтын іс үшін намысқа тиетін тергеуге алып жатыр.

 

Ал ұлыма қатысты қозғалған істе осыдан 6 жыл бұрын кәсіпорын есебінен асхана гарнитурын алған деген айып тағылуда. Ал ол гарнитур кәсіпорын есебінен ресми түрде шығарылған. Сол жылы кәсіпорын 900 миллион теңгеден аса пайда тапқан еді, соның басым бөлігі Аслан мен оның отбасының жеке мақсаттарына жұмсалған болатын.

 

Міне, осындай қылмыстық істер қозғалып отыр. Мақсаты – қосымша психологиялық қысым көрсету арқылы менің отбасыма тиесілі барлық бизнесті Аслан Мусинге бергізу. Жұмысын жолға қойып, дамытуға ешқандай да қатысы жоқ Аслан Мусин мен оның сыбайластарының құс фабрикасын, бизнес пен мүліктің қалған бөлігін тартып алып, жоюына жол бермес үшін, менің және отбасымның конституциялық құқықтары мен бостандығын қорғауға және қозғал­ған қылмыстық істердің заңдылығын тексеруге тапсырма беруіңізді сұранамын.

 

Президент мырза, азаматтардың конституциялық құқықтары сақталуының кепілі ретінде Сізден мен айтып отыр­ған дәйектер бойынша объективті түрде тексеру жүргізуге тапсырма беруіңізді сұраймын. Тексеруді Бас Прокуратураның арнайы прокурорлар департаментіне тапсыруыңызды өтінемін. Өйткені Ақтө­бенің өзінде оларға қатысты тексеру жүргізу мүмкін емес, себебі аумақтың кейбір лауазымдыларының рейдерлік әрекеттерге қатысы бар. Өз тарапымнан мен қылмыстық топқа қатысы бар адамдарды қоса алғанда қажетті ақпараттардың бәрін де ұсынуға дайынмын».

 

* * *

 

...Осылай деген О.Мусин өзінің төзімі шегіне жетуіне ұлының «тергеуден қашты» деген желеумен қамауға алын­ғаны себеп болғанын айтады, оны заңсыз дейді, тапсырыспен жасалып отыр деп есептейді. «Жалпы, серіктестіктегі шаруашылыққа қатысты туындаған, туыстар арасындағы даулар азаматтық сотта қаралуға жатады, көрсетілген жайлардың бәрі ол бойынша қылмыстық сот процестерін жүргізуге жатпайды. Бұл жөнінде менің Бас Прокуратураға жаз­ған шағымыма берілген жауапта айтылған», – дейді О.Мусин.

 

...Ақтөбелік кәсіпкер Орынбасар Мусин өзінің туған інісі Аслан Мусиннің әрекеттері туралы осылай дейді. Әзірге қарсы тараптан қандай да бір мәлімдеме жасалған жоқ. Ал бұған байланысты Президент қандай шаралар қолданады – ол жағы алдағы күндері белгілі болып қалар деген ойдамыз.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ