Мәйітхана да былыққа батқаны ма?

19.03.2020
Қаралды: 337

Шымкент қаласының тұрғыны, адвокат Еркін Қаһаров жергілікті мәйітханаларда орын алып жатқан кейбір жайттардың көңіл көншітпейтінін көпшілікке жария қылды.

 

Оның айтуына қарағанда, бұл орындарда теңгесін төлемесең іс бітпейтін жасырын жүйе бар секілді. Еркін Қаһаров өз басынан өткен жағдайды алға тарта отырып, ондағы қызметкерлердің ісі туралы былай деп баяндайды:

 

«Мен еліміздегі мәйітханалардың жағдайы туралы айтқым келеді. Мұны бүкіл республиканың мәселесі деп білемін.

 

2018 жылдың қазан айында мен Шымкент қаласындағы мәйітха­на­дан туысымыздың мәйітін алу үшін олардың ашық түрде ақша талап еткенінің куәсі болдым. Бөлем Жанар 2018 жылдың 13-қазанында, сенбі күні көз жұмды. Оның денесін алуға барғанымызда мәйітхана қызметкерлері «жұмыс істемейміз» деген сылтаумен бізге дүйсенбі не сейсенбі күні келу керектігін айтты. Мейлінше мәйітті бермеуге тырысты. Бізден ақша талап еткен соң мәйітхана басшылығына жүгініп едік, ол да өз қызметкерлерінің жағына шықты.

 

Ақыры бұл шаруаның соңы ондағыларға 35 мың теңге төлеумен аяқталды. Содан соң түнде мәйітті берді, біз де ол жерден кеттік. Мен бұл туралы «Фейсбук» желісіне жазба жариялаған болатынмын. Бір жылдан астам уақыттан соң мәйіт­хана басшысы жала жапқаны үшін деп мені сотқа берді.

 

Қазақстан мәйітханаларында осындай жайттардың бар екенін барлығы да біледі. Біз көптеген адамдардан осы туралы сұрастырдық, олардың бәрі де өз туыстарының денесін алу үшін ақы төлеген.

 

Сот барысында Шымкент мәйіт­хана қызметкерлерінің тарапынан көптеген қылмыстық заң бұзушылықтардың орын алғаны анықталды. Мәйітті сойып, зерттеумен  ешқандай медициналық білімі жоқ санитар жігіт айналысқан. Оның толық емес орта техникалық білімі бар, яғни автослесарь. Автослесарь жігіт өлген адамның бас сүйегін ашып жүрген. Ол мәйітті бальзамдайды, сондай-ақ қайтыс болғандардың туыстарына ақылы қызмет түрлерін түсіндіреді, қандай да бір келісім-шарттар жасасады және ақша төлетеді.

 

Сонымен қатар, бізге ұсыныл­ған келісім-шартқа сенбі күні қол қойылып, екі күннен кейін, яғни дүйсенбі күні толтырылған. Бұл ҚР Азаматтық Кодекс талаптарын бұзу болып табылады. Бұл да сот барысында расталды».

 

Енді Еркін Қаһаров жоғарыға үндеу жолдап отыр. Ол министрлік тарапынан үміт күтеді.

 

«Мен Әділет министрінен Шымкент мәйітханасындағы бассыздықты тексеріп, әділ баға беруін сұраймын. Біз оған қатысты барлық мәлі­метті ұсына аламыз.    

 

Менің «Фейсбуктағы» жазбама байланысты мәйітхана қызметкер­лерінің үстінен қылмыстық іс қоз­ғалғанымен, оны Еңбекші ауданы полиция басқармасының тергеушісі ешкімге ештеңе ескертпестен, үн-түнсіз жаба салған. Біз барлығымыз да сараптама және қадағалау орындарының, сот және сотқа дейінгі тергеу орындарының өзара байланысын білеміз. Сараптама орындары кез келген дауларда негізгі ше­шуші орта болып табылады. Әрине, олар осыны пайдаланады.

 

Мен Қазақстанның азаматы ре­тінде, блогер ретінде бұл мәселені көтердім. Бірақ менің жанайқайымды ешкім ескермеді. Сондықтан мен Әділет министрі М.Бекетаевтың және Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың мәселенің анық-қанығына көз жеткіз­генін қалаймын. Осы іске байланыс­ты барлық материалды бере аламыз.

 

Мәйітхана қызметкерлерінің біз­дің отбасымыздағы жағдайды пайдалана отырып, ашық түрде заң бұзушылыққа барғанына күмәніміз жоқ. Мен мұндайға жол бермеу керек деп есептеймін. Барлық іс материалдары Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотында, Еңбекші ауданының полиция басқармасында, Еңбекші аудандық прокуратурасында жатыр. Онда барлығы да түсінікті жазылған. Бәріміз әділетті мемлекет құруға атсалысайық!» – дейді адвокат.

 

...Расында да, қоғамдағы жем­қорлық шегіне жетті. Бұл істің ақ-қарасын тиісті орындар анықтай жатар. Десе де адамның қайғысынан ақша жасап, мәйіт сатуды кә­сіпке айналдыратындар туралы шық­қан бұл әңгіме жабулы күйінде қалып қоймаса екен дейміз.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ