Өзге тілде шүлдірлеуге неге сонша құмармыз?

19.03.2020
Қаралды: 267

11-наурызда Елорданың Петров көшесі бойындағы «Алтай» супермар­кетінде орналасқан «Қазпоштаның» бөлімшесінен ауыл жаққа екі жәшік кітап салдым. Пошташы қазақтың қараторы қызы екен. Мен ғой, белгілі, қазақша сөйлеймін, қағазды да қазақша толтырып бердім. Ал пошташы қызым тек орысша сайрап, қазақ бола тұра өзінің ана тілінде сөйлегісі келмейтін сыңай танытты, яки менсінбеді. Сол аралықта бас сұққан 4-5 қазақ әйел де солай, бөтен тілде шүлдірледі. Негізі бар бәле өзіміз­ден екенін түсіндім.

 

Әй, намыссыз сорлылар-ай өңшең! Орыс тілінде сөйлесек, сауатты болып кеттік деп ойлай ма екен, тамыры солып, кеуіп қалған кәуекбастар! Жоқ болмаса қазақ тілінен әбден безген, түп-тұқылына дейін мәңгүрттенген бейбақтар ма? Мұндайларға айт не, айтпа не, бәрібір, текке жүйкеңді тоздырасың. Көппен қайтіп күресесің? Мұндай антұрғандар өте көп қой өйткені. Астанаға тек сондай сорақылар ғана жиналған ба немене пәле өзі дейсің, барлық жерде көретінің осы сорақы жағдай болған соң.

 

Айтпағым, мен қазақша сұрап тұрғанда әлгі пошташы қыздың бір ауыз қазақша тіл қатпағаны. Ол орысшасынан таймай, мен қазақшамнан бас тартпай, іштей қасарысып, іштей бір-бірімізге жынымыз ойнап, іштей күресіп, біраз жерге бардық. Зат салатын қорапты өзіме қарай ысырып, әртүрлі әнтек мінезін де байқатып қалды. Әкіреңдеп, дөрекі сөйлейтін, шәлкес мінез неме екен. Немереңдей баламен салғыласып тұрасың ба? Қайтем мұрынбоқ қызға сөзімді қор етіп, қой деп өзімді-өзім әзер ұстағаным-ай!

 

Сөйтіп тұрғанның өзінде «агрессивная­сыз» деген сөз естідім. Мұндай әдеп этикасынан жұрдай, қазақша сұрап тұрған адамға орысша жауап қататын шөпжел­келерді негізі көпшілікпен жұмыс істейтін мекемелердің маңына жолатпау керек қой. Қарапайым пошта мәдениетін меңгермеген адам бұл қызметке қайдан кіріп кеткен? Кәсіби әдептен жұрдай кішкентай қыздың үлкен мінін көріп, көңіл құлазыды. Қазақша білетін, қазақша сөйлейтін қыз болса, үлкен адам деп сыйлап тұрар ма еді деп ойладым. Орысша сөйлейтін жастардың көбінің дөрекі, ә десең, мә деп тұратыны несі екен осы?

 

Қ. ТОҚСАНБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ