Доллар неге қымбаттады?

17.03.2020
Қаралды: 348

Қытайдың Ухань қаласынан шыққан коронавирус дерті бүгінде дүние жүзінің 100-ден астам еліне таралып үлгергені белгілі. Адамдардың денсаулығы мен өмірінен бөлек, әлемдік экономикаға орасан нұқсаны тиіп тұрған бұл дерттің әуресіне енді мұнай бағасының күрт құлдырауы келіп қосылды.

 

6-наурызда Австрия астанасы – Венада мұнай экспорттаушы елдер ұйымы мен Ресей, Әзірбайжан, Қазақстанның (ОПЕК және ОПЕК+) мұнай өндірісіне қатысты отырысы болған еді. Осы жиында Ресей жағы өзінің мұнай өндірісін қысқартуға қатысты міндеттемесінің мерзімі алдағы 1-сәуірде аяқталатынын білдірді, сөйтіп өндірісті қосымша қысқартудан бас тартты, яғни алдында келісілген қысқартудан әріге жол бермейтінін айтты. Оны Қазақстан қолдады. Ал ОПЕК-тің белді мүшесі – Сауд Арабиясы болса, мұнай өндірісін қосымша қысқартуға келісуді жақтады.

 

Қысқасы, ОПЕК пен ОПЕК+ елдері түпкілікті келісімге келе алмады. Ал арада екі күн өткен соң Сауд Арабиясы мұнай өндіруді арттыратынын мәлімдеді. Міне, осы жайға әлемдік нарық бірден елең етті, соның нәтижесінде «Брент» маркалы мұнайдың бағасы бірден 30 пайызға дейін арзандап кетті. Өз кезегінде ол көптеген елдердің экономикасына соққы болып тиіп отыр.

 

Бүгінде жұрт аталған елдердің тағы бас қосып, баршаға тиімді келісімге отыратынынан үміт күтуде. Бірақ бұған сенімнен гөрі күмән басым.

 

Ал бұл кездері кей сарапшылар мұнай бағасы барреліне 40 долларға дейін көтеріледі деп, енді бірі керісінше, оның бағасы әлі де құлдырап, барреліне 22 долларға дейін түсуі мүмкін деген болжам білдіріп отыр.

 

Мұнай бағасының арзандауы бұл шикізатты экспорттаушы ел ретінде Қазақстанға да өзіндік қиындықтарын ала келді. Соның бірі – ол доллар бағамының күрт өсіп кетуіне әкеліп соқты. Кешегі аптада 1 доллар құны 400 теңгеге бір-ақ жетіп, 1 долларға 396 теңге деңгейінде тұр еді. Ал кешегі күні ол тағы да көтеріліп, айырбастау бекеттерінде 1 доллар 430-450 теңге аралығында сатылып жатыр. Дегенмен жұрттың көңіліне уайым ұялауына осының өзі де жеткілікті. Енді жаппай қымбатшылық басталады деп жүргендер бар.

 

Әйтсе де экономиканы басқарып отырғандар, банк саласының мамандары, бірқатар сарапшылар бұл құбылыстың уақытша екенін айтып, жұртты тыныштандыруға тырысуда, мемлекеттің әлеуметтік сала бойынша міндеттемелері бәрібір де орындалатынын айтып жатыр. Бірақ халықтың жағдайы бұрынғыдан да ауырлай түсетіні әбден мүмкін болып тұр.

 

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ