Әрекет түбі – берекет

17.03.2020
Қаралды: 247

Бөдене мен тауық өсіріп пайда табуда

 

Түркістан облысы, Келес ауданы, Абай ауылының тұрғыны Әйгерім Әлімбекова –  5 баланың анасы. Былтыр бұл отбасы атаулы әлеуметтік көмектің арқасында 1 миллион 389 мың теңге көлемінде қаржы алып, үй ауласынан құс шаруашылығын ашқан. Бүгінде 100 бас бөдене мен 50 бас тауық асырап отыр. Бұдан бөлек, биыл тағы да 100 бас балапан бастырып жатыр екен.

 

«Атаулы әлеуметтік көмектің шарапаты мол болды. Бала-шағамыздың несібесіне үкімет қарасып, мол қаржы берді. Соның шашауын шығармай, күйеуім екеуміз жеке кәсіп ашуды ойластырдық. Бүгінде тұрмысымыз жақсы, табысымыз да жыл санап молайып келеді. Ендігі арманым – құс шаруашылығын ұлғайтып, құс басын 500 данаға жеткізу», – дейді Ә.Әлімбекова.

 

Абай ауылында бөдене жұмыртқасына сұраныс мол екен. Әсіресе базардағы сауда дүкендері мен асханалар тапсырыс­ты көп беретін көрінеді.

 

Ә.Әлімбекова құс өсірудің өзіндік қиындықтары бар екенін де жасырмады. Арнайы тауық қораның да қажеттілігі туындапты. Алдағы уақытта ол үй ауласынан арнайы қора салып, құс санын 1000-ға жеткіземін деп отыр.

 

9 балалы отбасы 9 мың ара өсіруде

 

Абай ауылының 45 жастағы тұрғыны Мәлік Айтымбетов – 9 ұл-қыздың әкесі. Бүгінде ол 70 жәшік бал арасын ұстайтын, ауылға аты мәлім омарташы. Бұл іспен айналысқанына 7 жыл болыпты.

 

Алайда М.Айтымбетов атаулы әлеуметтік көмек алмай тұрып, ісін өрге домалата алмаған. Яғни, омарташылыққа қажетті құрал-саймандарды түгелдеуге шамасы жетпепті. «Ал былтырғы жылы отбасымызға береке кірді», – дейді ол. Үкіметтен 9 балаға атау­лы әлеуметтік көмектің арқасында 1 миллион 498 мың теңге қаржы берілген. Осы қаржыға ол бал өндіретін диірмен, омарта жәшіктерін, көшіруге тіркеме сатып алыпты.

 

«Біз ауылдағы үлкен отбасы саналамыз. Жанұямызда 11 жанбыз. Алланың берген 9 ұл-қызы бар. Солардың несібесіне былтырғы жылы үкіметтен атаулы әлеу­меттік көмек тағайындалды. Құжатты дер кезінде дайындап, жергілікті әкімдікке өткіздік. Көп ұзамай үлкен қаржыға қол жеткізіп, өзімнің шаруашылығыма қажетті бар керек-жарақты сатып алдым. Бүгінде соның арқасында балдың 10 түрін өндіріп жатырмын», – дейді М.Айтымбетов.

 

Әйелі Нағима Айтымбетова – Алтын алқа иегері. Жуырда ғана ол бала күтімінен босап, бір мекемеге тазалықшы болып орналасыпты. Айлық жалақысы 40 мың теңгені құрайды.

 

Омарташылықты кәсіп еткен отбасының үлкендері Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орнында оқиды екен. Олардың ендігі армандары – омарташылықты кеңейтіп, бал арасы орналасқан тіркемелерді таситын жүк көлігін сатып алу.

 

Бір ғана ауыл округінде 300 гектар жылыжай бар

 

Сарыағаш ауданындағы Жартытөбе ауыл округінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бір жерден үш рет өнім алу жөніндегі тапсырмасы ойдағыдай жүзеге асып келеді. Мұнда қазірдің өзінде жылыжай көлемі 300 гектарға жеткен. Шаруалардың басым көпшілігі бір жерден үш рет өнім алу ісіне бейім. Солардың бірі – «Шухрат» шаруа қожалығы биыл 70 соттық жерге ерте пісетін қырыққабат егіп, алқашқы шабығын бастап та жіберіпті.

 

«Биыл ауа райы шаруаларға өте қолайлы болып тұр. Соның арқасында біз қырыққабатты қаңтар айында отырғыздық. Дақылымыз мамыр айында піссе, артынша бұл жерге картоп егеміз. Картопты жинап бола сала, күзде «пленка» астына аскөк отырғызамыз», – дейді қожалық төрағасы Розмат Мелхозиев.

 

Айта кетейік, бүгінде Жартытөбе ауыл округінде жалпы егістік көлемі 1600 гектарды құрайды. Бұл егістік алқаптарында 997 шаруа қожалығы еңбек етеді. Диқандардың басым көпшілігі ерте пісетін көкөніс дақылдарын өсірумен айналысады. Негізгі дақыл қырыққабат саналады. Ағын судан еш тапшылық жоқ. Осындай мүмкіндіктердің арқасында мұндағы шаруалар бір жерден үш рет өнім алуда.

 

Ағын судан тапшылық көрмейді

 

Биыл Сары­ағаш ауданының шаруалары ағын судан тапшылық көрмейтін болады. Өйткені мұндағы каналдар кезең-кезеңімен бетондалып жатыр. Солардың бірі – Жібек жолы және Қабыланбек ауылдық округтерін кесіп өтетін, ұзындығы 18 шақырымды құрайтын «Қожахан» каналы.

 

Бүгінде мұнда құрылыс жұмыстары қыза түскен. Құрылысы 2019 жылы шілде айында басталған жобаның жалпы құны 1,55 миллиард теңгені құрайды. Меншік иесі – «Сарыағаш ауданы су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі. Құрылысқа жауапты мекеме – «Гидроқұрылыс» ЖШС. Нысанның негізгі мақсаты – Сары­ағаш ауданындағы 1300 гектар аумақты ағын сумен қамту.

 

«Бұл жобаның құрылысы биылғы жылдың желтоқсан айында толық аяқталады. Бұған дейін каналдың су өткізу қабілеті секундына 5 текше метрді құраса, құрылысы біткен соң бұл көлем едәуір арта түсетін болады. Бұдан бөлек, канал бетондалған соң 1500 гектар егістік жерді ағын сумен қамтамасыз етіп, су үнемділігі 30 пайызға жетеді», – дейді «Сарыағаш су шаруашылығы» ЖШС-і директорының орынбасары Нұрғали Арызқұлов.

 

Жалпы, Сарыағаш ауданы бойынша 9 мың гектар суармалы жер бар. Оның көлемі жыл санап артып келеді. Осы егістік ал­қаптарды ағын сумен қамтып отырған ірілі-ұсақты 20 канал бар.

 

Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ