Болат Атабаев Мюнхен ауруханасына түсті

17.03.2020
Қаралды: 314

Бүгінде Германияда тұрып жатқан белгілі театр режиссері, мәдениет қайраткері Болат Атабаев ауыр науқаспен Мюнхен қаласындағы клиникаға түсті. Жағдайы қиын.

 

Бұл жөнінде Мюнхенде тұратын қандасымыз, «Еуропа Қазақ форумы» ұйымының жетекшісі Өмірхан Алтын  хабарлады.

 

Ө.Алтын тағы бір қандасымыз Сүлеймен Шадкаммен бірге халыққа видеоүндеу жариялап, жанашыр азаматтардың арнайы шотқа қаржы аударуын өтінді.

 

Олар Б.Атабаевтың ауыр науқас екенін таяуда ғана естіпті. Сосын оны 600 шақырым қашықтағы тұрып жат­қан жерінен апарып, Мюнхендегі клиникаға жатқызған. «Алғашқы күні ағамыздың жағдайы өте ауыр болды, ол комаға түсті. Әуелі Алла, сосын білікті  дәрігерлердің арқасында аман қалды. Дегенмен жағдайы қиын. Қазір үшінші операция жасауға дайындық жүруде. Бұл жақта дәрігерлік қызмет ақысы өте қымбат. Сондықтан ағамызды білетін, танитын, сыйлайтын азаматтардан қаржылай көмек сұраймыз. Осыған орай «Еуропа Қазақ форумы» ұйымының есеп-шотын жариялап отырмыз», – дейді Ө.Алтын.

 

Сонымен қатар Өмірхан Алтын Б.Атабаев жатқан клиникаға тағы бір қазақ азаматының ауыр жағдайда жеткізілгенін айтты. Ол – аталары кеңестік қуғындау кезінде Иранға ауған, кейін өзі де ол жақтан қысым көріп, Түркия арқылы Германияға барып пана тапқан Айдар есімді азамат екен. Айдардың жағда­йын естіген Б.Атабаев өзінің халі нашарлығына қарамай оның палатасына барып жағдайын білген көрінеді. Өкінішке орай, ол азамат таңға жақын қайтыс болыпты.

 

«Қазақтың сыртта жүрген екі азаматының біреуі қайтыс болды, екіншісі ауыр халде жатыр. Алладан көмек, адамнан дұға, қаржылай көмек керек. Сондықтан Сүлеймен екеуміз есеп-шотты жібердік. Ақша аударыңыздар. Бірнеше операция жасалуы, ем екі-үш аптаға, тіпті бір айға созылуы мүм­кін. Көмектесіңіздер, ағамыздан айы­рылып қалмайық!» – дейді Ө.Алтын.

 

...Б.Атабаевтың жасы қазір 67-де. Ол кісінің кезінде оппозициялық қоз­ғалыстарға белсене қатысқаны белгілі. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасында да ол көзге түсті. Осыған орай үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алын­ған еді. Кейін қоғамның талап етуімен, халықаралық адам құқын қорғайтын ұйымдардың араласуымен қамақтан босатылған болатын. Арада көп өтпей, эмиграцияға кеткен еді.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ