Тоқаев Қазақстанда төтенше жағдай жариялады

16.03.2020
Қаралды: 490

Кеше, 15-наурыз күні, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа байланысты Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялады, - деп хабарлады Azattyq.org.

 

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның барлық аумағында 2020 жылдың 16-наурыз сағат 8.00-ден бастап, 2020 жылдың 15-сәуір сағат 7.00-не дейін төтенше жағдай енгізілсін" делінген президент жарлығында.

 

Жарлықта қоғамдық орындар, мемлекеттік және стратегиялық маңызы бар нысандарда күзетті күшейту, ірі сауда орындарының жұмысын шектеу, ойын-сауық орталықтары, театр сияқты көп адам жиналатын нысандардың жұмысын тоқтату туралы жазылған. Бұған қоса, Қазақстан аумағына кіріп-шығуға шектеу қою қажеттігі айтылған. (Қазақстан мен өзге мемлекеттің дипломатиялық қызмет өкілдері, халықаралық делегаттарға бұл шектеудің қатысы жоқ).

 

Кіріп-шығуға қатысты қосымша түсініктеме берген Қазақстан СІМ-нің айтуынша, шетелде жүрген Қазақстан азаматтары елге кіре алады.

 

"Бұл шектеулер негізінен шетел азаматтарына қатысты" деді СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров 15-наурызда.

 

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда сегіз адамнан коронавирус табылған. Олардың кемінде бесеуі - Алматыда, екеуі Нұр-Сұлтанда карантиндік стационарда емделіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі олармен контактіде болған адамдардың оқшауланғанын хабарлады.

 

Коронавирусқа байланысты Қазақстанда бұған дейін төмендегідей шаралар енгізілген еді:

 

• Қоғамдық шара өткізуге тыйым салынды;

• Мектеп оқушыларының көктемгі демалысы бір апта ерте басталады: 16-наурыз бен 5-сәуір аралығында;

• 16-наурыздан бастап жоғары оқу орындары, колледждер онлайн оқуға көшеді;

• Балабақшалар жұмыс істей береді;

• Сауда орындары, базарлардың жұмысы шектеледі;

• Қоғамдық көліктер тұрақты түрде дезинфекциядан өтеді;

• Кейбір бағыт бойынша әуе рейстері тоқтады;

• Сауда орталықтарындағы балалар алаңдары, кинотеатрлар жабылады;

• Билік өкілдері тұрғындарды той, туған күн сияқты көп адам жиналатын шара өткізбеуге шақырды.

 

"ЗАМАНА".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ