Қазағы аз аймақтарға ел қондырудың тиімді жолын ұсынамын

13.03.2020
Қаралды: 157

Мен «Замана» газетінің бірнеше жылдардан бергі тұрақты оқырмандарының бірімін. Бұл газетте жалпы жұртқа пайдалы мақалалар жиі жарияланады. Таяудағы шыққан нөмірлерінің біріндегі Аманбек Нарқабыловтың «Екі әйел алудың еш қажеті жоқ» деген тақырыппен жарияланған мақаласы да маған терең ой салды.

 

Аталған мақалада көптеген өзекті мәселелер қозғалыпты. Соның ішінде халықтың санын көбейтіп, сапасын арттыру жөнінде де айтылған. Осы орайда мен де бұл мәселеге байланысты өз ұсынысымды білдіргім келеді. Мәселе көші-қонға, солтүстік, шығыс облыстарға қазақтарды көбірек қоныстандыруға байланысты болмақ. Ол аумақтарда қазақ санын көбейтіп, қазақтандыру керек.

 

Жалпы, бұл жөнінде кейінгі кездері жиі айтылып жүр, нақты әрекеттер де бар. Алайда нәтиже төмен. Сондықтан менің өз жеке пікірім мен ұсынысым: аталған жақтарға қазақтарды қоныстандыру үшін Президенттің арнайы Қаулысы шыққаны дұрыс сияқты. Бұған қатысты жұмыс жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.

 

Менің жасым қазір 79-да. Өз басым бала кезімде, бозбала шақта, яғни 1947-1949 және 1960-1965 жылдары Өзбекстанда көзбе-көз куә болған жайларды айта кетейін. Ол кездері КСРО аумақтарына басқа жақтардан адам әкеліп қоныс­тандыру жоспарлы түрде жүргізілген болатын. Оның алдында да, патшалы Ресейдің кезінде Қазақстанның солтүстік, шығыс өңірлеріне Поль­шадан, Украинадан, Белоруссиядан, Еділ (Волга) бойынан көптеген ұлт өкілдерін жер аударғаны мәлім. Осының бәрі ол аймақтарда орыстіл­ділердің басымдығын туындатты, соның себебінен жергілікті қазақтардың көбі орыстанып кетті. Мен 1985 жылдары ол жақтарда командировкада бол­ғанмын. Сонда көп қазақтардың өз ана тілін мүлде ұмытқанын, қазақша білетіндерінің өзі ана тілінде сөйлегісі келмейтінін, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, дінді ұмытқандарын көріп қатты қынжылып едім.

 

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері ол өңірлерден өз тарихи отанына қоныс аударушылар саны арт­ты. Енді ол жаққа ел қондыру, қазақтарды көптеп апару керек. Қазақ көбейсе, мемлекеттік тіл бел алады, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттың жақсы қасиеттері оралады.

 

Ал мұны қалай іске асыруға болар еді?

 

Айта кетейін, сонау ұжымдастыру, қуғын-сүргін, ашаршылық жылдарында тыныш жер іздеп үдере көшкен бірқатар елдің Өзбекстанда, Қалғансыр маңында тұрақтап қалуына менің әкем себепкер болған екен. «Осы беттеріңмен көше берсеңдер, алдарыңда Памир таулары, қиын асулар бар, жол ауыр, оның үстіне көктемде онда қар көшкіні жүреді, қатер көп», – деп найман, қыпшақ, ысты, қожа көштерін тоқтатып, әр тұсқа ру-руымен қо­ныс­тандыруға атсалысқан екен. Кейін сол ауылдар іргелі колхоз-совхоздарға айналды, адамдарының тұрмысы жақсарып, өсіп-өнді. Еліміз егемендігін алып, шетте тұрған қандастардың атамекенге оралуына жағдай жасалған жылдары ыстылар Жаңатас жаққа, қыпшақтар мен қожалар Шиелі, Жаңақорған аумағына дегендей, солардың көбі өздерінің бұрынғы ата мекендеріне көшіп келді.

 

Айтайын дегенім, адамдарды жаңа жерге қоныс­тандырғанда олардың осылай шоғырланып, ұжымдасып көшіп баруын қамтамасыз ету керек. Сонда олар жаңа жерге тез бейімделеді. Ал бірлі-жарым болып көшіп барғандар қиындықты көтере алмауы, қайтып кетуі мүмкін.

 

Өзбекстанды Ахунбабаев басқарып тұрғанда шаруашылықты көтеру үшін суармалы аумақтар­ға басқа жақтардан адамдар апарып қоныстандыру қолға алынған. Алғашқы келген адамдарды ынталандыру үшін біраз жағдайлар да жасаған. Бірақ сол келген адамдар баспана жоқтықтан әр үйде тұрақтап жүрді де, кейін келген жақтарына қайтып кетіп қалды. Сосын өкімет ойланып, саралап, алдымен шағын үй-жайлар салып, тиісті үгіт-насихат жүргізді, басшылар арнайы Қаулы шығарды. Қазақтарды апарып қоныстандырды, үш-төрт мәрте Самарқан жақтан тәжіктерді әкелді. Сол кезде, мысалы, бір колхозды белгілі бір жерге апарып қоныстандырды, тұрғындары сол жерде көбейіп, өсіп-өнді.

 

Осыған орай мен өзімнің көрген-білген, көңілге түйгендерімді, ұсынысымды айтып, 2016-2017 жылдары Президент Назарбаевқа хат жазғанмын. Бірақ, өкінішке орай, ол кісіге хаттың жетуі қиын екен. Бергі жақтан жауап келді, бірақ ол мені қанағаттандырған жоқ. Кей адамдарға бәрібір секілді, бас қатырғысы жоқ-ау деп ойлаймын. Бір арманым, осы көтеріп отырған мәселем Президенттің, Елбасының құлағына жетсе, қайсысы болса да мені жеке қабылдаса, ары кеткенде 15 минут, жарты сағат тыңдаса, мен ойымның бәрін түсінікті түрде жеткізе алар едім. Соған мүмкіндік болмай тұр. Сондықтан өзімнің ойларымды көпшіліктің назарына Қазақстан аумағына таралатын «Замана» газеті арқылы жеткізуді ұйғардым. Мүмкін ел ертеңін ойлайтын басшы азаматтардың көзіне шалынып, ой салар, тиісті  әрекеттер жасалуына қозғау салар деген үмітім де жоқ емес.

 

Менің ұсынысым мынадай: Еліміздің солтүстік және шығыс облыстарына Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстарынан жастарды, жас отбасыларды, орта жастағы отбасыларды апарып қоныстандыру керек. Олар өздігінен көшіп бармайды, оған ынта жоқ. Сондықтан бұл шаруаны Хрущевтің кезіндегідей мемлекеттік деңгейде, жоспарлы түрде қолға алса болар еді деп ойлаймын. Әйтпесе оны іске асыру жай халықтың, жергілікті әкімдіктердің қолынан келмейді, Президент арнайы Қаулы шығарып, сол бойынша тиісті шаралар ат­қарылса, мұны жолға қоюға болар еді. Мысалы, 1950-1960 жылдары Қазақстан өңірлеріне басқа жақтардан халықты солай, пойызбен тасып-ақ қоныс­тандырды ғой, олар жерсінді, өсіп-өнді емес пе?

 

Бүгінде Оңтүстік өңірге кей облыстардан бірен-саран адамдар келіп, солтүстік облыстарға барып қоныстануды насихаттап та жүр. Бірақ олардың ісі өнбейді, ол жақтарды өйтіп қазақтандыра алмаймыз. Қоныстанатын адамдарды Қонаевтың, Ахунбабаевтың кезіндегідей апарып жерсіндіру керек. Мемлекеттік деңгейде Қаулы қабылданса, облыс, аудан, ауылдарда жоспарлы жұмыстар жүргізілсе, онда мұны іске асыруға болатын сияқты.

 

...Енді өзім туралы  қысқаша айта кетейін. Мен Өзбекстанның Ташкент облысындағы Бекабад ауданына қарасты Қалғансыр ауылында туып-өскенмін. Кезінде ауылдық кеңесте, шаруашылықтарда еңбек еттім. 1985 жылы Қазақстаннан барған жасы үлкен ағайындардың кеңе­сімен Келес ауданына көшіп келгенмін. Өзімізбен бірге 38 отбасыны әкелген едік, бүгінде қатарымыз 120 шаңырақтан асып отыр. Мұны да ұжымдасып қоныстанудың тиім­ді­лігінің бір дәле­лі десем болады.

 

...Ел қамын ойлайтын жандар менің осы ұсынысымнан мем­ле­кетті басқарушы азаматтарды құлағдар ет­се екен. Көзбе-көз оты­рып сұхбаттасқан әсер­лі, ұғынықты болады. Мен өз ойымды егжей-тегжейлі дәлелдеп жеткізген болар едім.

 

Дәулет ТЕЛҒАРАЕВ.

Алғабас ауылы. Келес ауданы. Түркістан облысы.

Дәулет Телғараевтың байланыс телефоны: 8-705-649-27-50.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ