Қазақтың басынан бұлт қашан сейілер екен?

12.03.2020
Қаралды: 243

«Замана» газетінің редакциясына ел ішінен хат жолдаушылар көп. Осындай хаттардың бірі бізге кешегі аптада Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласынан келіп түсті.

 

«Құрметті редакция! Мен «Замананы» 2003 жылдан бері үзбей оқып келемін. Еліміздің бұрынғы, қазіргі ахуалы, адамдардың тұрмыс-тіршілігі, елде болып жатқан түрлі оқиғалар жөнінде газетте кеңінен қозғалады. Кешегі Қордайда бол­ған оқиғаны да бүге-шігесіне дейін саралап жазыпсыздар. Қалың көп­шілікке ой салатын мақалаларыңыз үшін рахмет!» – деп жазыпты хат авторы Маруса Қошқарова.

 

Оқырманымыз өзін толғандырып жүрген ойларды ортаға салыпты. Соның бірі – қазіргі тәрбие, адамдар мінезінің өзгерісі туралы пікір­лерін ықшамдап, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

«Елімізде болып жатқан түрлі келеңсіз жайлар, халықтың қазіргі жай-күйі, жағадан алған қымбатшылық, тығырыққа тіреген дағдарыс кімге де болса ой салғандай. Теледидарды қоссаң, айтатын жаңалықтары: апат болды, соғысты, қирады, бүлінді, су басты деп елді уа­йымға салатын жағымсыз жайларды сүйінші сұрағандай етіп жеткізіп жатады. Әрине, болып жатқан оқи­ға­лардан құлағдар ету – тілшінің жұмысы, дегенмен соны аса дабыралатпай, жұқалап айтса да болмас па? Күнде жол апаты, адам өлімі, қарақшылық, зорлық-зомбылық, ұрлық, «жеп кетті» деген сияқты жайларды жиі естиміз. Қарап отырсаң, жұрттың көбі бұзық, шеті­нен парақор, жемқор сияқты. Осындайды көріп отырып еліміз қандай жағдайға тап болды, қазақтың басынан бұлт қашан сейілер екен деп ойға батасың.

 

Тәуелсіз ел болдық, өз билігіміз өзімізге тиді деп қуанып едік. Енді өз ішімізден шыққан біреулердің елімізді, жерімізді тонап жатқаны туралы күнде естіп, неткен ашкөз, тойымсыз адамдар деп қынжылумен жүрміз. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқын қыруар қаржыны ойлағанда ішің ашиды. Зәулім сарайларда тұрып, қымбат көлік мініп, шетелдерге сая­хаттап, тек қана қарақан басының қамын күйттеп жүрген кейбіреулерді көргенде жігерің құм болады. Осындай адамдардан тәрбие алған балалары қайда барады? Олар өзінің алған білімін елдің пайдасына жарата ма, елге қызмет ете ме? Не ішіп, не жеймін демейтін, ертеңін ойламайтын ондайлардан ел қамын жейтін азамат шыға ма?

 

Қазіргі жастардың көбі елдің  тарихын, қандай батырлар, билер, хандар өткенін, олардың елге қандай еңбек сіңіргенін білмейді,  әдет-ғұрып, салт-санадан да хабары аз. Осындай тыныш заман, бейбіт өмір қалай келді, осы заманды орнату үшін қанша қан мен тер төгілді, мына ұлан-байтақ жерді алдыңғы толқын қалай сақтап, қорғап қалды деген сияқты сұрақтар көп жасты толғандырмайды. Ата-бабаларымыздан аманатқа қалған туған жердің, Отанның қадірін білеміз бе деп ойланбайды.

 

Арғы жағын айтпағанның өзінде Абайдың кім болғанын білмейтін­дері бар. Сол Абай атамыздың: «Заман­ақыр жастары, қосылмас ешбір бас­тары», «Күлмеңдеп тұрар көздері, қылжақбас келер өздері» деген сөздері қазіргі кейбір жастарға арнап айтылғандай. Өйткені бүгінде үлкенді сыйламайтын, мазақ етіп күлетін, «қазір ХХІ ғасыр» деп өзде­рінше мардымситындар баршылық. Аяғының астынан арғыны көрмейтін, өмірдің мәнін түсінбейтін, жеңіл ойлы, тоғышар буын өсіп келеді.

 

Осының бәрін тізбелеп отырған себебім – балаларды мектеп жасынан бастап отансүйгіштікке, туған жерді сүюге, тыныш, бейбіт өмірді бағалай білуге үйрету керек дегенді айтқым келеді. Ол үшін теледидарда соғыс туралы фильмдерді, халықтың басынан өткен қиын кезеңдер туралы түсірілген туындыларды жиі көрсетіп тұру керек. «Ондайды жастар көрмейді» деп қоя салмау керек, әр күні көрсете берсе, ата-бабаларының небір қиын замандарды бастан өткергені туралы ой жастардың санасына сіңер еді.

 

Ал бүгінде бәрі де бұған қарама-қайшы жүріп жатыр. Жастар шетелдік ұрда-жық, баскесерлер туралы фильмдерді көп көреді, содан санасы бұзылады. Интернет олардың миын улап бітті. Олар үйде де, түзде де, қашан көрсең құлаққап киіп алып, телефонға үңіледі де отырады, бір-біріне түкке тұрмайтын ұсақ-түйек бірдеңелерді жазып мәз.

 

Бүгінде мұндай іске қыз балалар, бойжеткендер, тіпті жасы үлкен әйелдердің өздері де әуес болып алды. Қазір бұрынғыдай қыруар үй жұмысы жоқ, көп нәрсені шаңсор­ғыш, кіржуғыш сияқты машиналар атқарады, нан пісіру де жайына қалды, қаптаған дүкеннен оның түр-түрін таңдап жүріп сатып алады. Тіпті үйінде тамақ істемейтіндер де бар, көшеден, дәмханадан тамақтанады немесе дайынын сатып ала салады.

 

Тұрмыс жеңілдеген сайын адамдар жалқауланып, бойкүйезденіп барады. Бір кездері жастарға Алматыға барып жоғары оқу орнына түсу деген бір асқақ арман еді. Қазір Қытайға, Кореяға, мұхит асып, Америкаға да барып оқып жатыр. Мейлі ғой, оқысын, бірақ сол алған білім елдің кәдесіне жарап жатыр ма?

 

Қазіргі кезде бәрі де сатулы болып кетті. Ақшаң болса, сатып ала саласың. Дипломды ақшаға сатып аласың, жұмысқа ақша беріп тұрасың, ауыра қалсаң, ақшамен ем­делесің. Осының кесірінен бүгінде көп салада білімсіз маман қаптады, көбі шіреніп креслода отырғанына мәз. Халықтың басынан өткен ашаршылық, қуғын-сүргін кездерінде осындай қара басының қамынан аспайтын, өмір сүруге ептілердің кесі­рінен қазақтың талай арыстары құрбан болған жоқ па?

 

Айта берсең, әңгіме көп. Жастардың бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Сапалы білім алған, білікті жастар да аз емес. Дегенмен кей адамның өз елінде ішер ас, киер киімге жарымай, баспанасыз, үй-күйсіз жүргені, сондай кезде базбіреулердің жан қинамай, еңбек етпей байлыққа белшесінен батып, ойына келгенін істеп жүргені қынжылтады.

 

Кең-байтақ Отанымыздың асты-үсті тұнған байлық. Соның рахатын ха­лық көрсе екен деймін. Жұрт адал еңбек етсе, сол еңбегінің же­місін көрсе, ел байлығын есепсіз ішіп-жеп жүрген ашкөздер тыйылса екен. Тәртіп болса, жастарымыз лайықты тәрбие алып, елге қызмет ететін азамат болып өссе екен. Жастарды жаман жолға салатын, қызықтырып, адастыратын нәрсенің бәріне де тыйым салынса екен.

 

Балаларға ненің жақсы, ненің жаман екенін жастайынан үйрете­йікші, миына сіңірейік, ақыл-кеңес беріп, қадағалап отырайық. Олар кітап оқысын, үлгі-өнеге беретін бағдарламаларды көбірек көрсін. Әйтпесе олар еліктегіш, теледидардан, әлеуметтік желілерден өзінің «қызылды-жасылды» өмірін көрсетіп жүретін кейбіреулерді көріп, солар­ға еліктейді, солардай болғысы келеді.

 

Жастарымыз қазақтың өткен тарихын біліп, ұлт мәдениетіне, өне­ріне, салт-дәстүріне қызықсын десек, осыны олардың санасына сіңі­ріп отырайық. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтпап па еді, соны ұмытпайықшы! Өйткені жастар еліміздің ертеңі ғой, Қазақстанның мықты мемлекет болуы оларға да тікелей байланысты. Сондықтан әрқайсымыз жастар­ға жақсы тәрбие беруді естен шығарып алмайық, ағайын!

 

Маруса ҚОШҚАРОВА.

Тараз қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ