Үйлерінде 200-дей мүсін бар

12.03.2020
Қаралды: 269

Түркістан облысындағы Түлкібас ауданының Шақпақ баба ауылында Оңласын  Жұртанова  есімді әжей тұрады. 1955 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданында дүниеге келген ол кісінің кейінгі өмір жолдары Майлыкент өңірімен тікелей байланысты.

 

Ол кісі 1962-1972 жылдары Түлкібас кентіндегі №323 мектеп-интернатты бітірген соң Жамбыл педагогикалық институтында физика-математика мамандығы бойынша білім алды. 1979 жылы Шақпақ баба елді мекеніндегі «Жас ұлан» балабақшасында тәрбиеші, кейінірек меңгеруші қызметін атқарды. Кейін аталмыш ауылдағы бастауыш мектепте мұғалім болып ұзақ жылдар еңбек етті. Талай рет облыстық, аудандық білім бөлімінің Мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. 55-60 жас аралығындағылар қатысқан жарыстарда бірінші орынды иеленді.

 

Бүгінде Оңласын Әбдуәліқызы – Шақпақ ауылдық округі жанындағы әжелер алқасының төрайымы. «Үздік әже» төсбелгісінің иегері. Қазіргі таңда әжей зейнетте жүрсе де үйінде қол қусырып қарап отырған жоқ. Ол бала кезден жанына жақын болған саз балшықтан мүсін жасауды енді шындап қолға алғанды жөн көрді.

 

«Мүсін жасауды біз 2005 жылдан бастадық, – дейді 65 жастағы Оңласын әжей. – Оны ең бірінші болып үлкен қызым Күлән қолдады. Оған ұлым Нұржан да қосылды. Сонымен өзім бас болып, мүсін жасауды қолға алдық. Бүгінде үйімізде мүсіндердің 200-ге тарта түрі бар. Олар – түрлі аңдардың, құстардың, мультфильм кейіпкерлерінің, шаңырақтардың мүсіндері. Бізге тапсырыс берген­дердің талап-тілектеріне орай айтыл­ған мүсіндерді бір формада жасап бере аламыз. Кейде осы мәселелерге қатысы бар тиісті орындармен хабарласып, тәжірибе алмасып тұрамыз.

 

Мүсін жасаудың қиындығы жоқ. Оны жасауға гипс, су, шағын ыдыстар мен қыстырғыштарды пайдаланамыз. Тапсырысқа орай алдымен ыдысқа су құйып, бес-алты қасық гипс ұнтағын қосып, жақсылап араластырамыз. Сәл дегдіген соң мүсінді қалаған кейіпкерімізге айналдыруға кірісеміз. Одан кейін кептіруге қоямыз. Әбден кепкенге дейін мүсіннің тиын-тебен салатын салатын жерін, табанын әрлейміз, түрлі-түсті бояулармен бояймыз. Дайын болған соң мүсін­дерді қолжетімді бағамен мектептерге, балабақшаларға, жеке адамдарға таратамыз.

 

Біз негізінен балаларға пайдалы, ұстауға жеңіл, химиялық зияны жоқ мүсіндерді шығарып жүрміз. Бұл қарапайым тәсілмен жасалған мүсіндер болғандықтан балалардың ойлау қабілеттерін жетілдіріп, ой-қиялдарын байытады, қабілеттерін шыңдайды. Сонымен қатар, осындай бұйымдармен жұмыс жасай білуге баулиды.

 

Осы іс-әрекетімнің арқасында 2018 жылы Алматыда өткен «Өнерлі елдің – өресі биік» атты республикалық іскер ата-апалар арасындағы «Өнер» байқауында «Қолөнер» номинациясы бойынша арнайы сертификатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталдым.

 

...Шақпақ бабадағы 65 жастағы әжей бізге осылай дейді. Иә, айтса айтқандай, оның жұмыс бөлмесінен өзі жасаған әдемі мүсіндердің талай түрін кездестіруге болады. Шебер қолдан шыққан мүсіндерді көріп тұрып ғажайыптар әлеміне, ертегілер әлеміне еніп кеткеніңді де аңғармай қаласың.

 

К. ОРЫНТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ