14 бала туып-өсірген Тұмар ана

12.03.2020
Қаралды: 103

Басынан талай қиын замандарды өткерген қазақтың демографиялық ахуалын көтеруге әсіресе 1930-1950 жылдар аралығында өмірге келген аналар көп еңбек сіңірді десек болады. Сондай ардақты жандардың бірі – бүгінде жасы 73-ке толып отырған Тұмар Бейсенбаева апа.

 

Тұмар апа бүгінгі күндері Нұр-Сұлтан қаласында тұратын балаларының үйінде қонақта жүр. Ал негізінен өзі Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы Жарықбас ауылында тұрады. Ол кісі күйеуі Бекболатпен бірге шаруашылықтарда еңбек еткен. Аман-есен өмірге әкелген балаларының бірі 5 жасында, тағы біреуі отбасылы болған шағында, бертінде қайтыс болыпты. Одан басқа Үрзада, Бекзада, Әмірхан, Мейірхан, Ақтолқын, Әйгерім, Гүлнәзира, Сабыржан, Нұржан, Ержан, Нышанкүл, Жанар есімді 12 баласы бүгінде өмірдің әр саласында еңбек етіп жүр.

 

Балалардың әкесі, отағасы Бекболат осыдан біраз уақыт бұрын дүние салыпты.

 

«14 баланы асырап-өсіру қиын болған жоқ па?» – деген сұрағымызға Тұмар апа: «Кей себептермен түсік тастап қоймағанда 17-18 баланың анасы болар едім, – деп ағынан жарыла жауап берді. – Жалпы, қанша бала туса да әрқайсысының өз несібесі бар ғой. Ақсаусақ болған жоқпыз, шаруашылықтарда еңбек ете жүріп балаларды өмірге әкелдік. Өзім ауруханада тазалықшы болғанмын, басқа да түрлі жұмыстар істедім. Сол кездегі «Красная Нива» совхозында 56 мың уақ мал болған. Қой қырқымына қатысып, үнемі озат қырықтықшы болып жүрдім. Алған Алғыс хат, грамоталарым бар.

 

45 жасымда 21 жыл еңбек өтілімен зейнет­керлікке шыққанмын. Ол кезде мен он баланың анасы едім.

 

Құдайға шүкір, бүгінде балаларымның барлығы да отбасылы, үйлі-жайлы. Қазір 50-ден аса немере, оншақты шөберенің әжесімін, ұрпақ қызығын көріп өмір сүріп жатқан жайым бар».

 

Тұмар апаның жеті-сегіз баласы бүгінде астанада тұрады екен. Ол кісі қыс бойы солардың үйлеріне қыдырып, демалып жүр. 8-наурыз мере­кесін балаларымен бірге Елордада атап өтпек. Ауылдағы сағынған немере-шөберелеріне  апа мейрамнан кейін қайтады.

 

Тұмар апа өмірге бір мәрте егіз бала әкеліпті. «Өзім ауданымыздағы Шұқыршақ ауылында, жеті балалы отбасында өскенмін. Төркін жұртымда, туыс­тарымызда егіздер болған. Менде де егіздер бар», – дейді ол кісі. Апаның 1984 жылы туған егіз ұлдары – Нұржан мен Ержан бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрады екен. Екеуі де үш баланың әкесі.

 

Тұмар апаның ұл-қыздары өздерінің өмірлік серіктерін Шымкенттен, Түркістан облысының Созақ, Жетісай, Шардара аудандарынан, Қызылорда, Қостанай облыстарынан, Елордадан тапқан. Яғни апаның құда-құдағилары еліміздің бірқатар аумақтарында тұрып жатыр.

 

...Иә, адам баласының өсіп-өнгеніне не жетсін! Әсіресе бұл біздің қазаққа керек. Осы орайда халық санын арттыруға қомақты үлес қосып жүрген аналарды қалай мақтасақ та жарасады. Асыл аналарымыздың жиынтық образын жасап, оларға көрнекі жерден кереметтей етіп көркем ескерткіш тұрғызсақ та болар еді. Ал қазіргі жастардың осындай жандардан үлгі-өнеге алғаны игі. Мемлекетіміз де осыны ескеріп, әйел-аналарды ынталандырып, ертеңінен қорықпайтындай етіп қолдап отырса ғой, шіркін!

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ