Мойындағы ісіктен көлбақаны қолданып құтқарған

25.08.2016
Қаралды: 1188

«Замана» газетінде жұртқа пайдалы мақалалар молынан жарияланып тұрады. 

Солардың бірінен шымкенттік Жұпар есімді 80 жастағы апаның омырауына шыққан қатерлі бездерден қалай құтылғаны туралы оқыған едім. Ол кісі емге таза арақ пен тазартылмаған өсімдік майын қолданған екен. Соған мен өз басым сендім. Өйткені ел ішінде ерекше ем түрін қолданушылар, емшілер бар ғой. Оның үстіне ілгеріректе өз атамның айтып берген бір әңгімесі есіме түскен еді. Ол кісі маған мойнына шыққан бір бітеу жарадан қалай құтылғаны туралы айтып берген болатын. Сосын мен «Заманаға» осы жөнінде жазып жіберуді ойға алғанмын, бірақ жұмыс бабымен жүріп, оған уақытым болмады, ал кейін есімнен шығып кетіпті. Қазір ойыма оралып отыр.

Мен ес білгелі атамның көзі көрмейтін, жұрт бас қосқан жерлерге қолынан жетектеп апаратынмын. Бертінде әкемнен сұрасам, атамның көзі катарактадан көрмей қалған екен. Ол кісінің көзі 63 жасында көрмей қалыпты, ол кезде медицина қазіргідей дамымаған ғой, өзі өмірден өткенше 15 жыл бойы сол зағип күйінде ғұмыр кешіпті. Өз әкемнің де 63 жасында көзі көрмей қалған, операция жасатып, соның арқасында көзі ашылды. Бірақ та басқа аурулары қозып, содан қайтыс болды.

Менің негізгі айтайын дегенім, менің атамның мойнында үлкен тыртық болатын, бірде мен ол кісіден сол тыртықтың неден қалғанын сұрағанмын. Сонда атам былай деген еді:

«Соғыстан аман-есен оралғасын шаруашылық жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен кезім. Қай кезде пайда болғанын байқамаппын, мойныма бір түйін шығыпты. Мен оны солқылдатып ауырта бастаған кезде ғана аңғардым. Кейін ол көлемін ұлғайта бастады. Күндіз жұмыста жүргенде ет қызуымен білінбейді, ал түнге қарай жаныма қатты батырып ауырады, тіпті түнде ұйықтаудан қала бастадым. Сонда да күндіз мойнымды орамалмен таңып алып жұмысқа баратынмын.

Бірде мен тәуіпке көріндім. Ол менің мойнымдағының ісік ауруынан екенін айтты, бір дәрілер берді. Бірақ сол дәрілердің маған жәрдемі болған жоқ. Бірте-бірте ауруым асқынып, өмірден күдер үзе бастадым.

Сөйтіп жүргенде ауылдас ағайынымыз келін түсірді. Соның тойын өткізіп болған соң құда шақырғанбыз. Жұрттан келіннің әкесі емшілігі бар, сауатты молда кісі екенін естідім. Құдаларды ағайынды бес үй кезек-кезек күткенбіз, кезек біздің үйге келгенде құдадан мойнымдағы ісікті көріп, қолынан келсе, ем жасауын өтіндім.

Содан құда мені бөлек бөлмеге кіргізіп қарады, мойнымдағы орамалды шешкізіп, ісікті көрді де, тез арада көлбақа таптырып әкелуді тапсырды. Балалар көп ұзамай-ақ құдаға тірі бақа әкеліп берді. Ол кісі бір дөңбек алдырып, көз алдымда бақаны пәршелеп шапты да, дене бөліктерін жылы күйінде мойныма қойып, үстінен мықтап таңып тастады. Күн кешкірген кез, мазам кетіп тұр еді, төсекке жатып қалдым. Мойнымдағы ісіктің солқылдап жатқаны есімде, ұйықтап кетіппін.

Содан тас болып ұйықтап, таңертең бір-ақ тұрдым. Денем жеңілдеп, сергіп қалыппын. Орамалды шешіп, айнаға қарасам, ісіктен із жоқ, ол жарылыпты, мойнымда қою қара қанның ізі ғана қалыпты. Қуанғаннан жүрегім жарылып кете жаздады. Емші құдаға қайта-қайта алғысымды айтып шығарып салдым. Ауру содан қайтып мені мазалаған жоқ. Бұл, балам, сол емнен кейін қалған тыртық қой».

Міне, менің атамның басынан осындай жай өткен екен. Адамды ауыртпасын, дегенмен біреулер ауыра қалса, бақаның да шипасы тиіп қалар деген ниетпен жазып отырмын мұны. Өйткені мен «Замана» газетін көп адамдардың оқитынын білемін. Мысалы, менің өзім оның әр нөмірін асыға күтемін, оқып шыққан соң ретімен жинап қоямын. Бірақ газет үйде көп тұрмайды, туыстарым келе қалса, жабыла оқып, бірі болмаса бірі қалағандай етіп алып кетеді. Бұл газеттің қай үйде болса да оқылмай, аяқасты болып қалмайтынына мен сенемін.

Жанболат БОСТАЕВ.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ