Ал біз басшыларды жер-көкке сыйғызбай мақтауға құмармыз...

13.03.2020
Қаралды: 129

Кешегі 5-наурызда Кеңес Одағының басшысы И.Сталиннің қайтыс болғанына 67 жыл толды. Біреулер оны миына қан құйылып өлген дейді, енді біреулердің айтуынша, оның өміріне қастандық жасалған, оған у берілген деседі.

 

Бүкіл ауылдың үлкен-кішісі қосыла еңіреген едік

 

Менің білетінім – Сталиннің 1953 жылы 5-наурызда дүние сал­ғаны. Сол күндері мен он жаста едім. Төртінші сыныпта оқитынмын. Көсемнің қайтыс болғандығы туралы хабарды ауыл тұрғындарының қалай қабылдағаны күні бүгінге дейін көз алдымда.

 

Сол күні мектепке барғанда Ұл­қан апайымыз: «Енді бір сағаттан соң линейка болады», – деп ескерткен болатын. Содан бір сағатқа жеткізбей мұғалімдер бізді мектеппен іргелес колхоз қоймасының алдындағы кең жерге апарып тұрғызды. Қойманың қабырғасына колхоздың «полуторкасын» тақап қо­йыпты, кабинасын ақ киізбен жа­уып, оның үстіне Сталиннің үлкен пор­третін ағаш тұғырға бекітіп, айналасын қара лентамен көмкеріпті. Мұға­лімдер алаңға түгел жиналды, топ-тобымен колхозшылар да келді. Физрук Әбдеш ағай жай ғана сыбырмен келгендерді ретімен тұрғызып жатыр.

 

Бәрі жиналды-ау деген кезде ортаға колхоздың бастығы және тағы бір адам ортаға шықты. Жұрттың бәрі үнсіз. Бір кезде әсем киінген, шашын артқа қайырған, қалың қасты, аққұба келген жігіт ағасы колхоз бас­тықтың оң жағына келіп тұрды. Жанымда тұрған Гүлсара деген қыз: «Қаратас жетіжылдық мектебіне жаңадан директор болып келген Байзақов Шамшыбек деген кісі, біздің туысқанымыз болады», – деді мақтанышпен.

 

Аз-кем үнсіздіктен кейін әлгі кісі ортаға шығып: «Құрметті көпшілік, қадірлі ұстаздар және оқушылар! Бүгін біздің еліміз, бүкіл совет хал­қы ауыр қазаны бастан өткеріп отыр. Кеше таңғы сағат 9-дан 55 минут өткенде көсеміміз Иосиф Сталин қайтыс болды», – деп еді, үнсіз тыңдап тұрған көпшілік лезде абыр-сабыр болды да кетті. Мұғалімдер қорсылдап, әйелдер жағы сыңсып жылап, орамалдарымен көздерін сүртіп қояды. Айналаны адамның аза бо­йын қаза қылар үндер жайлап кетті. Әлі ненің не екенін анық түсінбесек те көпке қосылып, солқылдап жылағаным есімде. Бірер еркек әйел­дерге басу айтып қояды. Шет жақтан жыламсыраған біреудің: «Жолдас директор, ендігі күніміз не болмақ?» – деген даусы естілді. Оған тағы біреулер қосылып әлденені айтып тұр. Жылаған дауыстар ұлғая түсті.

 

Бір кезде директор қолын жоғары көтеріп: «Сабыр сақтаңыздар! Қатты қайғырып тұрғандарыңызды білемін. Бірақ көсемнің халқына жасаған ұлы істері мәңгі жасайды. Біз және біздің ұрпақ еш уақытта ұмытпайды оны. Көсем өлгенімен оның ісін әрі қарай жалғастыратындар табылады әлі. Біз ұлы көсем­деріміз Ленин, Сталин салған сара жолмен жүреміз. Егер сол кісілердің өсиетін орындаймыз десек, онда сендер, оқушылар, жақсы оқып, үлгілі, тәртіпті болуларың керек. Еліміздің болашағы сендер­сіңдер. Сендерге алдыңғы буын ағаларың, апаларың зор үміт артады», – деді.

 

Осыдан соң колхоздың бастығы да жүрек тебірентерлік сөздер айтты.  Сосын жұрт  тарап, әркім өз ойымен кете барды. Сол жылы біз­дер, яғни өмірдің қыр-сырын әлі терең түсінбеген бүлдіршіндер, болған істің байыбына жете алмай тарастық.

 

Қарсыластарының өзі жоғары бағалаған

 

Есейе келе мен халықтың Сталинге деген құрметі мен сенімі ерекше екенін байқадым. Ал ел тәуел­сіздігін алған соң мұның себеп-салдарын біліп, мән-мағынасын түсінгім келді. Шындығында Сталин қандай адам деген сауал көкейімнен кетпей-ақ қойды. Кезінде Сталин­нің серік­тес­тері болған ірі тұлғалардың, қай­рат­керлердің сөздерін оқы­дым.

 

Мысалы, Сталиннің қарсыласы, Уақытша үкімет басшысы Александр Керенскийдің өзі ол туралы: «Сталин күлге көмілген Ресейді тік тұрғызды. Ұлы держава етті. Гитлерді жойды. Ресейді, адамзатты аман алып қалды», – депті. Ал британ сая­саткері Уинстон Черчилль: «Сталин Ресейді соқамен қабылдап алып, атом қа­руы­мен қалдырды», – деген екен.

 

Сталин дүниеқоңыз адамдарды жақтыра қоймапты. Мысалы, ол кісі соғыстан кейін К.деген профессордың Мәскеу түбінен қымбат саяжай сатып алғанын біледі. Ол ғалымды шақырып алып: «Сіздің қымбат саяжай сатып алғаныңыз рас па?» – деп сұрапты. «Рас, жолдас Сталин», – дейді профессор. Сонда Сталин: «Сізге осы саяжайыңызды сыйға тартқаныңыз үшін балалар үйінің атынан алғыс білдіремін», – депті. Көп ұзамай профессордың қызметін Ново­­сі­бірдегі оқу орнына ауыстырып жібереді.

 

Сталиннің ұлы майданнан әке­сіне хат жазып, офицерлік киім тіктіру үшін ақша жіберуін сұраған екен, ол баласына былай деп жауап беріпті: «Менің білуімше, әскери әуе күште­рінің күнделікті азығы жеткілікті. Қызыл Армияда жолдас И.Сталиннің ұлы үшін ерекше әскери киім қарастырылмаған».

 

Бүгінде біз билік басында отыр­ғандарды жер-көкке тигізбей мақтауға құмармыз. Билік те осындай жағымпаздарды іштартып тұратыны бесенеден белгілі. Көсемнің мына бір ісі сондайларға сабақ болар еді:

 

1949 жылы Станиславский атындағы театр актерлеріне «Көсемнің жастық шағы» атты спектаклі үшін сталиндік сыйлық берілмек болады. Мұны естіген спектакльді қоюшы режиссер Яншин актерлерді жиып: «Маған қазір жоғарыдан қоңырау шалып, біздің лауреат болғанымызды хабарлады. Ертең газетте біздің есім­деріміз жарияланады», – дейді. Бұл қуанышты хабарды «жуу» үшін актерлер Яншиннен болашақ сый­ақының есебінен қарыз жаздырып алып, әбден тойлайды. Актерлер ертеңіне дүңгіршектен газет сатып алып қараса, лауреаттардың тізімі бар, бірақ ішінде театр әртістері жоқ. Сөйтсе, содан бір күн бұрын Сталин пьесаның мәтінін оқып шығып: «Он алты жасымда мен ешқандай төңкеріс басқарған жоқпын. Мен көшедегі қаңғыбастың бірі едім. Оның үстіне нашар оқыдым. Мұндай өтірік пьесаға сыйлық берудің қажеті жоқ», – деп, бір-ақ тиып тастапты.

 

Сталин бірде маршал А.Васи­левскийді соғыс кезінде өз әкесін мүлде ұмыт қалдырып, көмектес­пегені үшін қатты сөгеді. Василев­ский өз қателігін түзеуге уәде береді. Осы кезде Сталин сейфінен пошта аударымдарының бір бума түбіртегін алып, маршалдың алдына тастайды да: «Сенің енді маған қарызыңды ұзақ уақыт қайтаруыңа тура келеді», – дейді. Сөйтсе, Сталин Василевскийдің әкесіне ай сайын жасырын ақша жіберіп отырыпты. Ал әкесі бұл ақшаны өзінің ұлы жіберіп жатыр деп ойлаған екен.

 

АҚШ-тың КСРО-дағы елшісі Гарриман Сталинге қатысты өзінің пікірін былай деп білдірген: «Оның білімі өте терең, әр нәрсенің егжей-тегжейін ұғына алатын таңғажайып қабілеті бар, ой-санасы өте ширақ және адамның мінез ерек­шелігін адаспай тани алатыны қайран қалдырды. Мен оның Рузвельттен гөрі көбірек мәліметке қанықтығын, Черчилльден гөрі шындықтың жүзіне тіке қарай алатындығын және белгілі бір мағынада әскери көшбасшылардың ішіндегі ең тиімді жұмыс істейтіні сол екенін байқадым», – дейді.

 

...Міне, осылай көптеген танымал тұлғалардың Сталиннің қайрат­кер­лігіне қатысты пікірі дұрыс жағынан айтылады. Әйтсе де бұған қарап біржақты пікір қалыптаспауы тиіс. Уақыттың өзі таразы. Ерте ме, кеш пе, Сталин  сияқты жұм­бақ жанның шынайы бей­несін ашып көрсету, тиісті бағасын беру – болашаққа аманат.

                             

Бегалы ИМАНӘЛІ,

ҚР Білім беру ісінің үздігі, Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ