Грузия жемқорларды қалай тәубесіне келтірді?

13.03.2020
Қаралды: 138

2004-2013 жылдары Грузияның Президенті лауазымына екі мәрте сайлан­ған, бүгінде Украинада тұрып жатқан Михаил Саакашвилиді жұрт жаңашыл, батыл қадамдар жасауға бейім саясаткер ретінде біледі. Оның әсіресе қоғамның жегі құрты – жемқорлықты жоюдағы әрекеттері құрметке лайық.

 

Коррупция қалай түзіледі?

 

М.Саакашвилидің өзі басқарып тұрған кезде Грузияда коррупцияға қарсы жүргізілген күрестің сипаты мен нәтижелері жөнінде берген сұхбаттары баршылық. Осындай сұхбаттардың бірінде ол былай дейді:

 

«Коррупция – посткеңестік қоғамның соры ғана емес, ол – біздің елдердегі билеуші таптың өмір сүру идеясы, олар мұны қоғам санасына өз мәдениетіміздің құрамдас бір бөлшегі деп сіңіргісі келеді. Украинада таяу­да ғана әлеуметтік желілер мен телеарналарда «коррупция – жақсы, ол қоғамның алға ұмтылуына жағдай жасайды» дегендей тұрғыда толықтай бір компания жүргізілді. Ал шындығына келгенде, біз коррупцияның кесірінен нашар өмір сүрудеміз. Коррупция жоқ елдерде жұрт жақсы өмір сүреді».

 

Осылай деген М.Саакашвили коррупцияға мынадай баға береді:

 

«Коррупция деген – базбіреулерді асырап-бағудың феодалдық жүйесі. Украинада, Грузияда да солай. Мысалы, бұрын Грузияда полицейді қызметке тағайындарда оның өзі қызметті, қаруды, көлікті сатып алған, көлікті өзі маймен қамтамасыз еткен, ал осының бәріне қажетті қаржыны азаматтардан жинаған, сосын жоғарыға пара беріп отыр­ған. Жалақы алмақ түгілі, өздерін қызметке тағайындаған жоғары жақтағыларға ақша беріп отырған.

 

Украинада «қадағалаушылар» (смотрящий) губернатор, министрлерді тағайындайды, өз кезегінде олар департамент басшыларын, басқа да жергілікті басшыларды, қандай да бір шенеуніктерді тағайындайды. Осылардың бәрі де халықтың есебінен ішіп-жейді. Бұл  – қарапайым ғана шындық.

 

Мысалы, Одессадағы «Седьмой километр» – Украинадағы ең үлкен көтерме базар. «Қада­ғалаушы» күзет бастығы етіп Прези­денттің жеке күзетшісін тағайындайды. Ол өзіне түскен қаржының белгілі бір бөлігін жоғарыдағы «шефіне» береді, ақшаның басым бөлігін өзі қандай да бір шығындарға жұмсайды.

 

Тағы бір мысал: Одесса кеденінен губернатор арқылы қалалық мемлекеттік әкім­шілікке ай сайын шабадан, кэштермен 3 миллионнан 5 миллион долларға дейін пара апарып тұрған. Мұны бәрі де біледі. Әрине, осынша қаржыны кеденшілер жұрттан алады, мұның бәрі жоғарыға беріледі, ең жоғары тұрған адамға жетеді.

 

Қарапайым ғана мысал: Мені Одессаға губернатор етіп тағайындағанда бізге бензинге, ұшақ билетіне, тіпті кеңсе тауарларын сатып алуға қаржы берілмейтінін, осының бәрін өзіміз сатып алуға міндетті еке­німізді білдік. Оны қайдан аламыз деген сұрақ туады. Мен осыны Порошенкоға айт­қанымда ол бизнесмен Андрейченкодан сұра, жергілікті кәсіпкерлермен сөйлес деді.

 

Мысалы, Порошенконың Одессаға жолы түсті, бізге алдымен ештеңе де бітірмей жүрген ондаған адамдар келді, біз оларды қажеттінің бәрімен қамтамасыз етуіміз керек болды, олар тіпті тәуліктік шығын қаржысын да талап етті, біз оларға ішінде бірнешеуі құрышпен қапталған 20 көліктен тұратын эскорт дайындап қоюға тиіс екенбіз. Ал осының бәрі аз қаржы тұрмайды, біздің соның бәрін жергілікті кәсіпкерлерден сұрауымыз керек екен. Әрине, мұның есесіне оларға қандай да бір жеңілдіктер беруіміз, тексер­меуіміз, тиіспеуіміз керек болады.

 

Міне, жүйе осындай, барлық жерде жұмыс осылай жүреді. Сондықтан да мен олармен жұмыс істесе алмадым. Басқалар жұмыс істесті, бірақ олар қарсы ештеңе айта алмады, қарсы шықса, онда олар коррупциялық жүйенің бір бөлшегі деп жарияланды. Бұл жүйе жоғарыда тұрғандарға ақша беріп, сол арқылы оны өздеріне жұмсартып ұстады. Барлық жерде де осылай болды».

 

 

Олигархтардың дегеніне жүрмеген

 

Осы сұхбатында М.Саакашвили олигархтарды жемқорлық жүйенің белгілі бір бөлігі ретінде сипаттайды.

 

«Олигарх дегендер – ашкөз, аллигатор сияқты, қанша тойындырсаң да соңында бәрібір қолыңды қыршып алады, – дейді ол. – Грузияда біз оларды орнына қоюға тырыстық. Патаркашвили деген болған, стратегиялық маңызды нысанды тиын-тебенге жекешелеп алғысы келіп, Бендукидзеге телефон шалған, осыны талап еткен. Бендукидзе оған аулақ жүр деген. Содан Патаркашвили оған қайта телефон шалып, егер өзінің дегені бола қоймаса, жеке меншігіндегі телеарнаның ертең «Бендукидзенің жасөспірім ер баламен жыныстық қатынаста болып жатқаны туралы сюжет көрсететінін» айтады. Бендукидзе оны тағы да «баратын жеріне» жіберіп, телефон тұтқасын тастай салады. Кейін біз ол нысанды аукцион арқылы саттық.

Ондайларға осылай жасау керек».

 

Жегендерін желкесінен шығарыпты

 

М.Саакашвилидің басшылығы кезінде Грузияда ұрлық жасайтын мемлекеттік қызметшілерге аса қиын болғаны белгілі. Олардың жегендері желкесінен шығарыл­ған.

 

«Менде ұрлықшы шенеуніктердің бәрін бірдей түрмеге тоғыту керек деген мақсат әу бастан болған жоқ, – дейді Саакашвили бұған байланысты. – Билікке келген кезде біздің халықтан басқа ешкімнің алдында міндетіміз болған жоқ, басқа ешкімнің де алдында міндетті болған жоқпыз. Ескі жүйенің ұрлықшы шенеуніктері болды. Мысалы, темір жолдың басшысы сепаратистік аумаққа – Ресей әскері тұрған Аджарияға қашып кетті. Мен ол жаққа Ішкі істер министрін жібердім. Ол ауруханада сырқаттанып қалғансымақ болып жатқан әлгіні екі тікұшақтағы арнайы жасақпен барып ұстап әкелді. Тбилисиде бірнеше күн қамақта болған соң ол мемле­кеттік бюджетке 10 миллион доллардан аса қаржы құйды. Ал бұл қаржы Грузия темір жолы үшін Украинадан жаңа пойыз составын сатып алуға молынан жетті.

 

Соған ұқсас, грузин автожолдарының ұрлық жасаған басшысы Тбилиси орталығын әуежаймен жалғастыратын жаңа жол салуға жететін ақша берді. Бұл туризмді дамыту үшін аса қажет еді.

 

Шеварднадзенің әулеті елдегі үлкен телефон компаниясына иелік ететін. Оның күйеу баласы чартерлік ұшақпен Грузиядан қашпақ болғанда ұсталды. Полицияда бірнеше сағатқа созылған тергеуден кейін ол бүкіл Грузия зейнеткерлеріне тиесілі бол­ғ­ан алты айлық зейнетақыларды төлеп берді. Бізде зейнетақы мөлшері өте төмен еді, соның өзін алдыңғы биліктің коррупциясы кесірінен төлемей жүрген болатын. Қажет болғанда бір-ақ адам қарыздың бәрін өтей салды».

 

Саяси ерік-жігер жеткілікті болса, коррупцияның күні қараң

 

М.Саакашвили өзі билікте болған кезде ешкімнің де бизнесін тартып алуды мұрат тұтпағанын айтады. Мысалы, Шеварднадзені тақтан тайдырып, Президент болған кезінде Шеварднадзе отбасының байлығы 250 миллион долларға тең болған екен. Әрине, олар Саакашвилиді жек көрген. Алайда Саакашвили өзі биліктен кетер тұста Шеварднадзе әулеті байлығының сомасы 1 миллиард долларға дейін жеткенін айтады.

 

«Менің Порошенкоға, украин кәсіпкер­леріне айтып жүргенім де осы – егер адал, заң бұзбай, тәртіппен жұмыс істесең­дер мемлекет дамиды, өздерің де байи түсесіңдер десем, олар бұған сенбейді. Мұндағы негізгі мәселе – олар елдің болашағына сенбейді.

 

Мысалы, Коломойский Грузияда солай істеді, оның ферроқорытпа зауыты болды, әрқашан да барлық салықтарды төлеп тұрды, саясатқа ешқашан араласқан жоқ. Бәрі кереметтей болды. Осындай орта қалыптастыру керек, сонда олар ешқандай да кінә арта алмайтын болады.

 

Украинада керісінше, ірі олигархтар са­лық төлемейді, шағын кәсіп иелері төлейді. Негізі ірілері төлеуі керек, ал шағындарына біз еркін қимылдап, дамуға мүмкіндік беруіміз керек. Сонда коррупция болмайды.

 

Украин халқы табиғатынан жемқор емес. Бұл – жалған. Грузиндердің қолынан коррупцияның белін сындыру келді, ал Укра­инада оны іске асыру оңайырақ болады. Өйткені украин халқы еңбекті, өзінің, өзгенің еңбегін бағалай алады. Жаңа тәртіптерді түсінсе, олар ешкімді де өзінің басына отырғызбайды. Ол үшін саяси ерік-жігер керек. Оған қоса ай сайын өз «үлесін» талап ет­пейтін, ешкімнің алдында да міндетті емес, «біз ешқандай да олигархтың, ешкімнің мүддесінің алдында емес, тек украин хал­қының алдында ғана міндеттіміз, бұл – біздің ең басты борышымыз» деп жұмыс істейтін билік керек. Сонда барлығы да ойдағыдай болады», – дейді Саакашвили.

 

 ...М.Саакашвили қазір 52 жаста. 2004 жылы алғаш Президент болып сайланғанда ол 37 жаста еді. Президенттік өкілеттігі аяқтал­ғасын ол Украинаға кеткен. 2015 жылы сол кездегі Украина президенті П.Порошенко оған украин азаматтығын берген, Одесса облыстық мемлекеттік әкімшілігінің басшысы етіп тағайындаған болатын. Кейін араларында текетірес туындады да, Порошенко өзінің жарлығымен Саакашвилиді Укра­ина азаматтығынан айырды. Сосын Саакашвили Нидерландыда біраз уақыт тұрып, билік басына В.Зеленский келген соң Украинаға қайта оралды. Зеленский оған Украина азаматтығын қайтарып берді. Бүгінде Саакашвили Украинада тұрып жатыр. Ол әлі де саясат сахнасынан кеткен жоқ.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ