Сталин сәуегей болған ба?

10.03.2020
Қаралды: 186

КСРО сияқты алып мемлекеттің басшысы ретінде Иосиф Сталин көп нәрселерді алдын-ала сезіп-біліп отырған деседі.

 

1939 жылы Финляндиямен арада қысқа уақытты қамтыған әскери қақтығыс орын алғаны белгілі. Осының боларын Сталин алдын-ала білген сияқты.

 

1939 жылы, Германия Польшаға басып кіргеннен біраз уақыттан соң КСРО-ның Швециядағы елшісі Александра Коллонтай Мәскеуге келген екен. Сонда Сталин онымен ұзақ отырып әңгімелесіпті. Сөз арасында таяу арада Финляндиямен соғыс болатынын, бірақ оның ұзаққа созылмайтынын айтыпты. Расында да кейін 3 айға созылған соғыс болғаны белгілі.

 

Коллонтаймен болған әңгіме кезінде Сталин сондай-ақ Германиямен соғысқа да­йын болу керегін, шекара қызметін күшейту қа­жетін де айтқан. Сол кезде жұрт мұны мүм­кін еместей көрген екен. Себебі КСРО мен Германия арасында сауда-экономикалық қатынастар жақсы жүріп жатқан, әскери ынтымақтастық та болған. Сталиннің осы сөздерінен кейін тіпті екі ел арасында шабуыл жасаспау жөнінде келісім де түзілген еді. Алайда 1941 жылы Германияның Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағаны мәлім.

 

Сталин Коллонтаймен болған сол әңгіме кезінде өмірден өткеннен кейін өзі туралы қанішер, тиран деген сияқты жағымсыз әңгімелер көбейетінін, атын тарихтан сызып тастауға әрекеттер жасалатынын да айтыпты.

 

Ол сондай-ақ кейінірек ұлттық республикаларда ұлтшылдық күшейетінін, ұлтаралық қақтығыстар жиі орын ала бастайтынын да айтқан екен.

 

Сталин кейін Таяу Шығыста қақтығыстар кө­бейетінін, Ресейдің АҚШ-пен және Еуропа елдерімен текетіреске түсетінін де болжапты.

 

Тағы бір қызығы, 1945 жылғы Потсдамда болған одақтастар конференциясында Сталин АҚШ пен Ұлыбритания өкілдеріне кенеттен Айды бөлісу жөнінде айтыпты. Ал олар мұны жеңілген Германия­ны бөлісу жөнінде деп ұққан.

 

...Міне, Сталиннің осындай да жақтары болған екен. Байқап отырғанымыздай, оның осы болжамдары өмірде расында да орын алды. Сонда ол алдағыны болжай білетін сәуегей болғаны ма, әлде онда қоғамда орын алып жатқан жайларды саралай отырып болжам жасайтын футурологтық қа­сиеттің болғаны ма?

 

Мұны дәл осылай деп ешкім де айта алмайды. Тек анығы – Сталин көптеген оқиғаларды алдын-ала сезіп отырған деседі.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ